Қоғам • 15 Қаңтар, 2024

Жошы ұлысы – мемлекеттілігіміздің негізі

1455 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Өткен апта соңында елорда төрінде Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының ұйытқы болуымен «Жошы ұлысы тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл Жошы ұлысының 800 жылдығы іс-шараларын талдап-таразылауға арналып отыр. Оған танымал тарихшы, шығыстанушы, археолог, қоғамтанушы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Жошы ұлысы – мемлекеттілігіміздің негізі

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Маңызды жиынды ашқан «Астана» халықаралық ғы­лы­ми кешенінің директоры Қайрат Әбдірах­ма­нов мырза жуық­та Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» басылымында жария­лан­ған сұхбатындағы: «Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеу­лер қолға алынуға тиіс» деген ойды атап өтті. Әрі қарай ол: «Мына дөңгелек үстел – соның дәлелі. Жошы ұлысының тарихын сараптауда оның қазақ тарихындағы маңызы мен қалыптасу кезеңіне қатысты қолжазба деректер мен археологиялық материалдарға сүйенген дұрыс. Сонымен қа­тар Ұлыс мәдениеті кейінгі Қа­зақ хандығының әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына қалай әсер еткенін ғылыми-сараптамалық тұрғыдан пайымдау қажет. Осы сұрақтарға салиқалы түрде жа­уап беріп, зерттеулер жасау аса ма­ңыз­­ды. Әсіресе орта ғасыр тарихшылары жазып кеткендей, еліміздің шығы­сын­дағы Қойлық қаласынан ірге тартып, батысы Астраханға дейінгі ұлан-ғайыр аумаққа билік жүргізген Жошы ұлысының этносая­си, этногенетикалық тұрғы­дан зерттелуі де маңызды. Осы зерт­теулер арқылы біз Қазақ хандығының мем­лекеттік тарихын толықтыра аламыз. Бү­гінгі жиынның да негізі ұстанымы осы болу керек», деді.

Келесі кезекте басқосудың ғы­лы­ми-сарап­тамалық маңызы туралы сөз сөй­леген Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігі Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсыр­манов: «Президент тарапынан ұсынылып отырған «Жошы ұлысының 800 жылдық тарихы» тақырыбының астарында үлкен сараптамалық негіз жатыр. Оның сыртында бұл бастаманың басты тезисі «Тарих – ұлттық бірегейліктің бөлігі» деген ұғым мемлекеттік идео­ло­гия­ның өзегі болуға тиіс. Яғни қазақ қоғамы Жошы ұлысының 800 жылдық тарихын атап өте отырып, соның аясында ұлттық құндылықтарды түгендеуге зор мүмкіндік туып отыр. Соның бір саласы – Жошы ұлысы негізінде бір­шама мемлекеттің пайда болуы, яғни Ашина әулетінен кейінгі біздің мемлекеттік ұстынның қайта жаңғыруы болса керек. Сондай-ақ Жошы ұлысы­ның құрамында болған 120-дан астам қала мәдениетінің маңыздылығы жеке зерттеуді қажет етері анық. Осы қала­лар­дың 21-інде заманауи мәдени сауда-саттық ісін жүргізу үшін теңгелер со­ғылуы, ақша сарайларының пайда болуы қатарлы оқиғалар мемле­кет­тіліктің қайта жаңғыруының негізі шарттары екені анық. Бұл ретте есте болатын тағы бір дүние – алдағы уақытта ұлыс­тың полиэтностық құрамының қа­­лыптасуы және олар тату келісім негізінде өмір сүруі, әкімшілік басқару тетіктерінің үйлесімі секілді мәселелерді жү­йелі түрде зерттеуге тиіспіз. Бұл бір ғана отандық ғалымдардың атсалысуымен бітетін дүние емес, шетел ғалымдарының Жошы ұлысына қа­тысты жаңашыл көзқарастарын бағам­дау арқылы атқарылғаны жөн. Ең бас­тысы, Президентіміздің бастамасы – мемлекеттік тарихымызды жаңаша жазу­ға мүмкіндік береді», деді.

Басқосу барысында ға­лымдар айтқан ғылыми негіздер мен ұсыныстарды іске асыру міндеті Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан құрылған Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтына жүктелері сөзсіз. Өйткені бұл іс тек тарихи тұрғыдан ғана емес, қазіргі таңдағы әлемдік геосаяси ахуалдың сұранысына орай зерттеуді қажет ететіні белгілі.

Өйткені бұл тақырып бұған дейін де көтерілген болатын. Атап айтар болсақ, 2019 жылы тамыз айында Жез­қаз­ған өңірінде ұйымдастырылған «Ұлытау – 2019» халықаралық туризм форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың негізін қалаған Жошы хан есімін ұлықтау мәселесіне ерекше тоқталып: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалар аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түр­де қолға алу керек», деген еді. Демек бұл реткі ұйымдастырылып отырған іс-шара Мемлекет басшысы айтқан үдеден шыққаны дұрыс.

Жошы ұлысының тарихы өткен оқи­ғалардың хронологиялық бая­ны­нан тұрмайтыны хақ. Мысалы, ұлыстың әкімшілік басқару тетігі, этностар бірлігі, ел қорғаудағы әскери-жауынгерлік қуа­ты, көрші ұлыстармен, тіпті Еуропа мем­лекеттерімен дип­ломатиялық қа­рым-қатынасы, жазу-сызу мәдениеті, қол­­өнер һәм диқан­шылық кәсіптің ұйымдастырылуы, ұлыстың діни және рухани бірлік ұстындарының жүйесі, оқу-тоқу, ғылым-білімге қатысты қоғамдық сананың жетістігі сынды тақырыптар жүйел түрде зерттелсе, болашақ үшін пайдалы болары сөзсіз.

Осы орайда дөңгелек үстелдің тақы­ры­бына арқау болып отырған тарихи тұлғаның өмірбаяны мен өскен ортасы хақында баяндама жасаған Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты директорының міндетін атқарушы тарихшы-медавист Жақсылық Сәбитовтің айтуынша, Жошы әулеті Қазақстан аумағында 1224 жылдан 1860 жылдарға дейін алты ғасыр билік жүргізген. Бұл Қазақстан тарихы үшін маңызды кезең мемлекеттілігіміздің «алтын ғасыры» дей келіп: «Жошының өмірбаянына тоқталар болсақ, тұлғаның туған жылы хақында нақты тоқтам жоқ. Бірақ бұл адам ұлы қаған Шығыстың үлкен ұлы екені шындық. Жошы хан 1225 жылы дүниеден өтіп, ұлыс билігі екінші ұлы Батудың қолына көшеді. Ол 1256 жылға дейін ел басқарды. Одан кейін Батудың ұлдары Сартақ пен Ұлақшы аз ғана уақыт билік құрса, 1257-1266 жылдары Берке ел биледі. Бұл кезеңді Жошы ұлысының еңселі дәуірі дейді тарихшылар. Одан кейін Мөңке-темір 14 жыл, Тұла бұқа төрт жыл, соңында Тоқты, Өзбек, Жәнібек хандар кезектесіп билік басына отырды. Бұл билеушілерді тарихшылар Жошының өз ұрпағынан шыққан хандар деп есептейді», деді Жақсылық Мұратұлы.

вакп

Одан кейін дөңгелек үстел басына жиналған қауымды елең еткізген дүние – тарих ғылымдарының кандидаты, Орал қаласының тұрғыны Жәнібек Исмурзиннің «Жошы ұлысы һәм Қазақ хандығы саяси билік сабақтастығы» атты баяндамасы. Жас ғалым өз сөзінде орта ғасырдан бастап өткен ғасырдың басына дейін Қазақ даласында билік құрған тұлғалардың дені Жошы ұрпағы екеніне тоқталды. Бұл – дау тудырмайтын дүние. Соның бір дәлелі – Әбілғазы Баһадүрханның «Түрік шежіресі». Мұнда Шыңғыс хан нәсілінен қазаққа патша болғандар: Жошы хан – Тоқай темір – Өзтемір – Хожа Бадақұл ұғлан – Орыс хан – Құйыршық хан – Барақ хан – Әбусағит (Жәнібек хан)... тізбегі бо­йынша жалғасып жатқаны туралы баян­дап, ХV ғасырда құрылған Қазақ хандығының басқару жүйесі Жошы ұлысынан мұра болған жаса-жарғы негізінде қалыптасқанын атап өтті.

«Өткен жылдың соңы – желтоқсан айында Ресей архивтерінде жұмыс жасадық. Осы сапарымызда ХVІІІ ғасыр басында Тоқай темір әулетінен Қырымда билік құрған екінші Дәулет­керей хан­ның тұпнұсқа хатын таптық. Бірақ көшір­ме­сін ала алмадық. Одан басқа Мәскеу қаласындағы Ресей импе­рия­сының сырт­қы саясат архивінің «Қырғыз-қай­сақ істері» бөлімінің 122-қорында сақ­таулы тұрған Ресей мүддесі үшін қызмет атқарған елші-тілмаш Алексей Тевкелевтің 1748 жылы кіші орда ханы Әбілқайырдың өз аузынан жазып алған шежіресін көрдік. Бұл құжатта, жоғарды айтап өткеніміздей, қазақ хандарының атасы Жәдік және Өсек әулетінен тараған билеушілер кестесі беріліпті. Осы деректер негізінде Жошы әулетінен бастау алатын қазақ хандарының тармағын анықтадық», деді Жәнібек Аллаярұлы.

Келесі кезекте сөз тізгіні бұйырған тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбес кеңестік кезеңде кә­сіби тарихшыларға белгілі бір дәре­же­де арнайы бағыт-бағдар беріліп отырғандықтан, Алтын Орда тарихы біржақты, яғни кеңестік идеологияның шеңберінде ғана зерттелгенін атап өтіп, қазіргі тәуелсіздік алған тұста бұл та­қырып жаңа тыныспен, тың көз­қа­распен сарапталуы қажет екеніне тоқ­тал­ды. «Осы орайда қайта пайымдау дегеніміз – қауым өзін тарихтың төл иесі ретінде сезінуі және ұлттық таным тұр­ғысынан қабылдау мәселесі. Қазіргі таңдағы түйткілді дүние осы», деді ғалым.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жа­нын­­дағы «Еуразия тарихы мен мәде­ниетін зерттеу» орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Сатай Сыздықов: «Моңғол шапқыншылығының алдында қазіргі қазақ даласында билік құрған қарлұқтың үш хандығы: Қаялық, Алмалық, Хазар хандықтарының тарихына терең тоқтала келе: «Моңғол шапқыншылығы кезінде қарлұқтардың үш хандығының екеуі: Алмалық және Қаялық хандықтары бірден Шыңғыс ханды қолдады және олар кейін Жошы ұлысының құрамына кірді. Ал Хазар және Қарлұқ хандығы Хорезм шах жағында болып, Шыңғыс ханға қарсы шықты. Кейін Үнді жеріндегі Мұлтан өлкесіне дейін барып, билік құрды. Уақыт өте келе олар Ирандағы моңғол ие­ліктерінің құрамына енді. Сөйтіп, қарлықтар империяның ыдырау кезеңі Орталық Азия халықтарының қалып­тас­уында белсенді рөл атқарды», деп сөзін қорытындылады.

Одан кейін пікір айту реті келген Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері Қайыркен Әдиет мырза «ХІІІ ғасыр және ХV ғасыр басындағы Жошы ұлысы: құрылуы және қалыптасуы» атты баяндамасында 1240 жылы жазыл­ған моңғолдың «Құпия шежіресі» атты тарихи жылнамадағы Жошыға қатысты деректерге тоқталды. Яғни Жошы ноян Қоян жылы (1207) әкесі Шыңғыстың бұйыруымен Орман елінің тұрғындары: қырғыз, хақас, хорь, түмед т.б. халықтарды бағындырып, оларды хандық құрамына қосқаны туралы айтты. Одан кейін моңғолдардың батысқа жасаған «Хорезм жорығы» (1219-1224) жеңіспен аяқталған соң, Шыңғыс қаған үлкен ұлы Жошыға иелік бөліп берді. Бұл «Жошы ұлысы» атанды. «Шаджарат әл-Атрак» («Түріктердің шежіресі») атты кітапта: «Хорезм уәлаяты мен Дешті Қыпшақ шекарасынан саксин, хазар, бұлғар, алан, башқұрт, русь, черкес шекараларына дейін Жошы ханға бағынды» деген деректі көпшілік назарына ұсынды.

Сонымен қатар «Жошы ұлысы мен Моғолстанға ортақ ру-тайпа атаулары» тақырыбында баяндама жасаған «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалы директорының орынбасары, докторант Ахметқұл Серғазы Хорезм жорығынан кейін күллі постмоңғол иеліктері: Жошы ұлысы, Өгедей ұлысы, Шағатай ұлысы, Елхан (Хулагу) мемлекеттеріне бөлін­ге­німен, олардың этностық шекарасы болғанына, сөйтіп тайпалардың мидай араласуынан пайда болған ру атаулары арнайы зерттеуді қажет ететін тың тақырып екеніне тоқ­талды. Оған «Қазіргі кезде Жошы ұлысын зерттеудің өзекті мәсе­лелері» тақырыбында сөз қозғаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ғанижамал Көшенова еліміздің идеологиялық бағытына айналып келе жатқан Жошы ұлысы тарихының саяси этностық, мәдени, рухани мәні өте зор екені туралы баяндай келе: «Мемлекет басшысы назар аударып отырған Жошы ұлысы өз дәуірінде Алтайдан Дунайға дейінгі аймақты алып жатқан дүниежүзі тарихына, әлемдік өркениетке өз таң­басын қалдырған орта­ ғасырлық им­периялардың бірі болды. Бұл – ұлты­мыздың халықаралық деңгейде ең дә­уір­леген кезеңі. Бұны жас ұрпақ білуге тиіс. Сондай-ақ алдағы күндері Жошы ұлысына қатысты зерттеу барысында аталған кезеңге тән тарихи мекендер, киелі жерлер сипаттамалары жасалып, осы шеңберде деректі фильм­дер түсірілсе, ол тарихымыздың кең насихат­талуына мүмкіндік туғызар еді», деп ойын түйіндеді.

Дөңгелек үстел қорытындысы іс­петтес «Оқулықтардағы Жошы ұлы­­­сы­ның тарихы» атты баян­дама жа­саған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу универ­ситетінің аға оқытушысы, докторант Жанар Смаханова: «Жошы ұлысының тарихы Орта Азия және жалпы түркі халықтарының даму сатысына төтен­ше ықпал еткен кезең болып са­на­лады. Сондықтан бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауымыз керек. Бұған дейінгі тарихи оқулықтарда Жошы ұлысы моңғолдар негізін сал­ған феодалдық мемлекет ретінде қарастырылады. Оның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы толыққанды айтылмай келді. Ал тәуел­сіздіктен кейінгі уақытта жа­зыл­ған оқулықтардың өзі кеңестік тарих­на­мадағы тар тұжырымнан алыс кете қойған жоқпыз», дей отырып, қазіргі орта мектеп оқулықтарындағы ұғым-түсініктерге байланысты өз ұсынысын жеткізді.

Жошы ұлысының пайда болуына байланысты қазіргі тарихнамада түрлі гипотеза бар, соларды барынша Қазақстан тарихы оқулықтарында ашып көрсету; ұлыстың саяси дамуы мен ыдырау себептерін объективті түрде жазу; ұлыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуының өзегі – егіншілік, мал шаруа­шы­лығы, қол өнері және мәдени даму барысында басқа халықтармен ықпал­дас­тығын ашып көрсету қажет екенін жеткізді.

Жиынның модераторы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айболат Көшкімбаев Жошы ұлысы кезіндегі ақша материалдары мен ақша айналымының тарихын талдауға және жаңаша түсіндіруге көп көңіл бөлу һәм сол дәуірдегі түркі тілдес халықтардың бай тарихи-эпикалық циклін зерттеуге ерекше назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Дәл жоғарыдағы мәселемен салалас пікірді елордадағы Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов да айтты. «Ұлттық музей мекемесінің негізін құрайтын 20 залдың бірі «Ұлық ұлыс» деп аталады. Бұл төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім Жошы ұлысының құрылу тарихына арналса, екінші бөлім Ұлық ұлыстың әскери-жауынгерлік ісін, үшін­ші бөлім рухани-материалдық деңгейін, төртінші бөлім ұлыстың құлдырау себебінен пайда болған мемлекеттер тура­лы деректерді қамтып отыр. Оның сыртында Жошы ұлысына билік жүргізген хандардың хронологиялық шежіресі, олар пайдаланған тулар, сонымен қатар Жошы ұлысы кезінде саяси-әкімшілік билік жүргізіп тұрған қалалардан архео­логиялық қазбалар кезінде табылған артефактілер бар. Музей болашақта осымен шектеліп қалмай, қор жәдігерлерін толық­ты­ру­ды мақсат етіп отыр», деді Саялбек Махамбетұлы.

Сөзімізді түйіндесек, аталған дөңгелек үстел әлі де мәселені кең талдау қажетін көрсетті. Сондай-ақ осы саланың мамандары өте аз екенін байқатты.

Алдағы уақытта Ұлық ұлыс иелігінде болған елдердің ға­лымдарымен бірлесе отырып ортақ мәміле негізінде зерттеу жұмысын жүр­гізген жөн. Бұл мақсатқа  елі­міз­дегі барлық ғылыми мекеме, зерт­теу орталығы, жоғары оқу орны барынша ат­са­­лысқаны дұрыс. Өйткені Ұлық ұлыс дәуіріндегі пассионарлық ынтаны жас ұрпақтың бойына сіңіру ар­қы­лы мемлекеттіліктің биік деңгейін қалып­тас­тыра аламыз.