Қоғам • 09 Қаңтар, 2024

Тұтынушылық несие қарызы екі есе өскен

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Ұлттық банктің Ақтөбе бөлімшесіндегі екінші деңгейлі банктер мен микронесие ұйымдарының басшыларымен кездесуінде қарыз алушылардың құқығын қорғайтын жаңа заң жобасы туралы айтты.

Тұтынушылық несие қарызы екі есе өскен

«Қазіргі кезде еліміздің 8,5 млн тұрғыны банктер мен микронесие ұйымдарының алдында 18 трлн теңгеге қарыз болса, оның 13 трлн теңгесі – тұтынушылық несиелер. Өкінішке қарай, қарыз алушыдан кепілдік сұралмайтын тұтынушылық несие сомасы кейінгі жылда екі есе өсіп кеткен. Мәселен, 2021 жылдың 1 қаңтарында азаматтарымыздың банктер алдындағы берешегі 5,6 трлн теңге болса, 2023 жылдың қараша айында тұтынушылық несие көлемі 13 трлн теңгеге ұлғайған. Мұнымен қоса елде уақытында төленбей жатқан қарыз көлемі де көбейіп барады. Қазіргі уақытта елімізде 1 трлн 600 млрд теңге қарыздың төлеу мерзімі 90 күннен артық кешік­тірілген. Осы қордаланған мә­се­лені шешуге екі айдан соң Парламент қарауына ұсы­ны­латын жаңа заң жобасы мүм­кіндік береді деген ойдамыз. Заң жобасында қарыз алу­шы­лар­дың құқығын қорғау, несие жүктемесін реттеуді басты назарға алдық», деді Д.Еспаева.

Жаңа заң жобасында төлеу мер­зімі 90 күннен кешік­ті­ріл­ген қарыздар үшін банктер мен микроқаржы ұйымдары айып­пұлдар мен сыйақы үстеме­сін қоса алмайтыны анық көр­се­тіл­ген. Үш ай несиесін төле­меген азамат қарызын жабу үшін қайта несие рәсімдей ал­майды, керісінше, банкпен арада қарызын қайтару жолын реттейді. Осы кезге де­йін банк­тер 90 күннен артық төленбеген несиелерді қайтаруды кол­лекторлық ұйымдарға ысырып салатын болса, ендігі жерде оған тыйым салынбақшы. Банктер несие алушының қарыз қайтару мерзімін ұзартады немесе пайыздық мөлшерлемесін азайтып, басы артық айыппұлдар қоспайды. Жаңа заң жобасында кәмелет жасына жетпеген балалары бар отбасыларды қыс кезінде жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салынған. Тағы бір өзгеріс – банк омбудсменінің құзыреті кеңейеді. Бүгінде банк омбудсмені төленбей жатқан ипотекалық несиелердің иелері­мен жұмыс жүргізіп, сотта олар­дың құқығын қорғаса, алдағы күн­дері тұты­нушылық несиесін төлей алмай жатқандардың өті­ніш­терін де қабылдайды.

Қарыз алушылардың құ­қығын қорғайтын заң жобасында кол­лек­торлық агент­тік­тердің жұмы­сын реттеу қарастырылған. Кол­лек­торлар қарызын қайтара ал­май жүргендердің мазасын бейберекет ала бермейді. Тағы бір өзгеріс – несие 21 жастан асқандарға ғана беріледі. Табысы жоқ адамдарға несие берілмейді, соның ішінде тек шәкіртақымен күн көретін колледж, ЖОО сту­дент­тері тұты­нушылық несие ала алмайды.

Кездесуде екінші деңгейлі банк филиалдарының басшылары бірнеше жыл бойы төленбей жат­қан тұтынушылық несиелерді қайтаруға қатысты қабылданатын шаралар туралы сұрады.

 

Ақтөбе облысы