Пікір • 03 Қаңтар, 2024

Аңғал – алаяқтың жемі

432 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түрлі өмірлік жағдайда төрт алаяқпен сөйлесуге тура келді. Мүмкін мені бұдан да басқа бір­неше алаяқ алдауға тырысқан шығар. Әй­теуір есте қалғаны – сол төрт алаяқтық. Жақында учаскелік полицей WhatsApp әлеуметтік желісіндегі пәтер иелерінің кооперативі құрған чатқа түрлі жазулары бар картиналар жіберді. Үңілсек, алаяқтардан абай болуды меңзеген құлақ­тандыру екен. Ақпаратты оқығанда, «Мәс­саған, мынадай хатты мен де алдым ғой» деп таңғалдым.

Халық өте жиі қолданатын әлеуметтік желінің бірі WhatsApp-та «Дауыс беруге көмектесіңіз!» деген атаумен ашылған чатқа сұраусыз, ескертусіз қосып қойыпты. Қосқан сыйлы кісіден сұрап едім, «Осыдан екі-үш апта бұрын WhatsApp-қа кіре алмай қалдым. Маған таныстарым хабарласып, белгісіз чатқа қосуымның себебін сұрады. Содан WhatsApp-тың сервистік орталығына шағымдандым. 12 сағаттан соң ғана желіге кіріп, әлгі чаттың көзін жоя алдым. Қазір сондай алаяқтар көбейіп кетіпті», деген жауап алдым. Сізді мұндай чатқа нөміріңізді білетін адамның атынан қосады, яғни админ де – аляқтардың құрбаны. Мысалы, осы нұсқада жақыныңыз, танысыңыз дауыс беруді сұрады деп ойлайсыз да, ойланбастан чатқа кіріп, дауыс беру үшін сілтемеге өтесіз. Сілтемеге өткеніңіз – шотыңыздағы ақшадан түгел айырылғаныңыз. Полицей дәл осындай жолмен бірнеше адамның алданғанын айтты. Бұл – бір ғана учаскелік полицейдің тіркеген дерегі. Елімізде қаншама адамның сан соққанын нақты білу мүмкін емес. Өйткені біреу шағымданады, біреуі ақшасын құрбан болған адамнан қайтарып алғандықтан, құқық қорғау органдарына өтініш жазбайды. Көрдіңіз бе, алаяқтар сізді шығынға батырумен шектелмей, таныс-туысыңызды тонап, нөмірін, желісін бұзып, атынан ақша сұрап, ақырында оны «алаяқ» етіп, қарым-қатынасыңызға сызат түсіріп кетеді.

Алаяқтықтың мұндай жолы – олар ойлап тапқан жүздеген жобаның бірі ғана. Әр жоба мыңдаған адамды сан соқтырып, отбасындағы жанжалға, дағдарысқа, кейбірі тіпті суицидке апарып жатыр. Жаңалықтардан да алаяқтарға алданған қаншама жанның қиналғанын, көмек сұрап шырылдап жылағанын көріп жүрміз. Сонда да алданып қалуға бейімбіз. Неге? Кейінгі кездері алаяқтар неліктен кө­бейіп кетті? Біздіңше, мұның себебін елі­міздегі киберқауіпсіздік саласының әлсіз­дігімен байланыстыруға болады. Ал тағы бір себебін «алаяқтың» өзінен естідік. Отан­дық киногерлер 12 бөлімнен тұратын «Мо­шенники» дейтін фильм түсіріпті. Жас актер Олжас Нұрбайдың режиссерлігімен түсірілген осы сериалдың басты кейіпкері  Д. есімді алаяқ фильмнің басында «Қазір неге алаяқтар көбейді, білесіңдер ме? Өйткені соншалықты сенгіш, ақымақ адам көп. Алаяқтар күн сайын жүздеген адамды алдайды. Оның себебі – олардың ақылдылығында емес, сіздердің ақымақтығыңызда», дейді. Басты алаяқ жұртты алдап ақша табатын қызметкер-алаяқтарына ең бастысы сенімге кіру екенін үнемі ескертіп отырады. Фильмде көрсетілетін ең көп таралған интернет алаяқтықтың біріндегі мәтін мазмұны мынадай: «Сәлеметсіз бе? Бұл – банктің қауіпсіздік қызметінен Пәленше. Шотыңыздан жаңа ғана 900 мың теңге аударылды, сол аударымды сіз жасадыңыз ба? Сіз болмасаңыз, алаяқтар екені анық. Шотыңызды бұғаттау үшін қазір телефоныңызға келетін 4 цифрлы кодты айтыңыз». 4 санды айттыңыз ба? Онда алаяқтардың құрбанысыз. Аталған фильм детектив, криминал бағытында болғанымен, танымдық жағын да жоққа шығаруға болмайды. Бір қызығы, жас режиссердің өзі де алаяқтардың құрбаны болған, шетелден келетін керемет кәсіпкердің өтпейтін тренингіне ақша аударыпты.

Айтайын дегеніміз, алаяқтықтың түрі өте көп. Аңғал адамның сеніп қалу қаупі тым жоғары. Сол себепті асқан сақтықпен әрекет жасамасқа болмайды. Себебі алаяқ­тар заманның ағымына, адамдардың күнде­лікті әрекетіне, қандай ресурсты жиі қолда­натынына, кімге, қандай жағдайда сенеті­ніне қарай түрлі қитұрқылықты ойлап тауып жатыр. Олар шығарған, жасаған «жоба­лардың» мінсіздігі сонша, ұстатпай кетеді. Миллиардтаған ақшамен ізін суытады, бітті.

Шыны керек, кейде өзін алаяққа жатқыз­байтын жандар да көзге көрінбейтін «куәгер­ді» ұмытып, өзімен қоса әлдекімді алдап, арбап пайда тапқанын «Жемқорлар да жым­қырып жатыр ғой, менікі әшейін» деп ақтап алғансиды. Мәселен, тексеруші көрмей тұр деп қоғамдық көлікте жолақысын әдейі төле­меу де осыған ұқсайды. Бірақ түптің-түбінде әр адам өз әрекеті үшін өзі ғана жауап береді, жоғарыдағыдай ақталып, жаман әрекетті әдетіне айналдырғандардың ісіне ойындағы жемқорлар жауап бермейді.