Жастар • 30 Қараша, 2023

Жастар туралы ұлттық баяндама

250 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәстүрлі «Қазақстан жастары – 2023» ұлттық баяндамасы жарыққа шықты. Жұртшылыққа биылғы он бірінші басылымды «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы арнайы таныстырды. Құжатта еліміздегі жастар өмірінің негізгі салаларындағы жағдайы кейінгі әлеуметтік-экономикалық және жаһандық геосаяси сын-қатерді ескере отырып, жан-жақты талданған.

Жастар туралы ұлттық баяндама

Тұсаукесерге Мәдениет және ақпарат вице-ми­нистрі Евгений Кочетов, ми­нистрліктің Жастар және отбасы істері комитеті төра­ғасының міндетін атқару­шы Роллан Құспан мен ғы­лыми-сараптамалық қоғам­дастықтың, саяси партия­лар­дың, үкіметтік емес және жас­тар ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиында «Жастар» ҒЗО директоры Айсұлу Ер­ниязова Ұлттық баяндаманы дайындау бойынша жұмыс­тың негізгі қорытындыларына тоқталды.

– Ұлттық баяндама жас­тар арасындағы әлеуметтік даму­дың ағымдағы трендтерін, олар­дың қажеттіліктері мен мүд­делерін айқындауға бағыт­талған. Құжат еліміздің бар­лық аймағында «Face to face» форматындағы жаппай са­уалнама негізінде жүр­гізіл­ді. Жастардың қазіргі жағ­дайын талдау аясында елі­міз­дің барлық өңірінде 6 мың респондентті қамтитын әлеу­мет­танулық зерттеулердің нә­ти­желері пайдаланылды. Ашып айтсақ, сауалнама негізінде жастардың бос уа­қы­ты мен денсаулығы, бі­лім мен ғылымдағы орны, әлеу­­меттік-экономикалық жағ­дайы, кемсітушілік, тұрғын үй жағдайы, еңбекпен қамту мәселелері, кәсіпкерлік қызмет тәжірибесі, көші-қон көңіл күйі, құндылық бағдарлары, тілдік ортасы, дін, жастардың қоғамдық көңіл күйлері, пайдаланатын әлеуметтік желілер мен мессенджерлер, азаматтық белсенділігі, қауіпсіздік мәсе­лелері мен құқығының сақ­талуы, жастар саясатын іске асырудың тиімділігі, мем­лекеттік бағдарламалар туралы хабардар болуы, трендтері зер­деленді. Баяндамада ел­дегі әлеуметтік-экономикалық, сон­дай-ақ саяси өзгерістерді ес­кере отырып, салалар бо­йынша ұсынымдар да қа­­лып­тастырылды. Бұл зерт­теу­лер мүдделі барлық тарап­қа – мемлекеттік органдар­дың, азаматтық сектор ұйым­дарының, жастар саясаты инс­титуттарының, оқу орын­дары­ның, жастар үкіметтік емес ұйымдарының, сарапшылар қауымдастығы, БАҚ өкілдеріне арналған, – деді А.Ерниязова.

Экономика ғылымдарының докторы Айгүл Көшербаева баяндамадағы «жастар шо­қысы» деген мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, ке­йінгі 13 жылдағы 16 жас­қа де­йінгі ел халқының құры­лымын талдау әрбір келесі жастағы халықтың орташа өсу қарқыны 2-ден 4 пайызға дейін екендігін көрсетеді. Сонымен қатар 2011 жылы туған ұр­пақ жастар шоқысының қоз­дырғышы бола алады, яғни олар қазір 11-12 жастағы бала­лар. Сон­дай-ақ философия док­торы, қауым­дастырылған про­фес­сор Ербол Омаров жастар арасын­дағы қауіпсіздік мәсе­лелеріне қатысты пікірімен бөлісті.

– Жастар арасында қылмыс­тың пайда болуына әлеуметтік тең­сіздік, білім алуға және жұмысқа орналасуға қолже­тімділіктің болмауы, сондай-ақ құқық қорғау органдарына сенімсіздік сияқты бірқатар фактор ықпал етеді. Сонымен қатар интернет пен әлеуметтік медианың әсері қылмыстық мінез-құлыққа әкелетін жа­ғымсыз тенденцияларды кү­шей­туі мүмкін, – деді ол.

Кездесу барысында «Ama­nat», «Ауыл» және «Res­pu­blica» партиялары жастар қа­на­т­тарының өкілдері де сөз сөйледі. Олар жастардың сая­си белсенді бөлігі арасын­да жастар саясатын іске асыру тәжірибесімен бөлісті. Бұ­ған қоса жұмыс барысында ғылы­ми негізделген тәсілдерді қол­данудың маңыздылығы тура­лы айтты. Сондай-ақ сарап­шылар жастар өмірінің әртүр­лі аспектілері бойынша ұсы­ныс-пікір алмасты. Қаты­су­шылар бірауыздан ғы­лы­ми зерттеулердің нәти­желе­рі әсіресе жастар арасын­да на­си­хаттаудың маңыз­дылығын атап өтті.

Айта кетейік, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға сәйкес 2013 жылдан бері жыл сайын жас отандастарымыздың өмірі­нің негізгі салаларындағы жағ­дайы туралы ұлттық баяндама дайындайды.