Пікір • 20 Қараша, 2023

Аударманың әуресі

401 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткенде жақыны қайтыс болған бір танысымызға көңіл айтуға жиналдық. Ба­ғы­тымызды білу үшін жалма-жан ха­бар­лан­дырудағы мекенжайға үңілдік. Көшесі мен нөмірі көрсетілгеннен кейін «Пәлен» мейрамханасы, деп жазылыпты.

Қазір көпшілік, әсіресе, көпқабатты пәтерлерде тұратын қалалықтар тойды, қуанышты ғана емес, өмірден қайтқан кісінің намазына, жетісі, қырқы, жылына келгендерді де ресторанда күтіп-шығарып салатын болған. Біз «орысша сөздерден қашып, тілімізді қазақыландырамыз» деп кей жағдайда кері кеткен жоқпыз ба? Дәл осы мысалға қараңызшы, «ресторан» деген сөз түптеп келгенде орыстың да сөзі емес. Латынның restauro – қалпына келтіру, қа­тайту, күш жинау дейтін сөзінен шыққан. Француздың restaurer сөзі тамақтандыру дегенді білдіреді. Ал біз одан қашып, «мейманхана» десек бір жөн, өлікке я тойға болсын, әйтеуір алыс-жақыннан жеткен қонаққа қонақасыны да, тойбастарды да беретін «мейрамханаға» айналдырдық. Енді сол мейрамханада мейрамдатып қана қоймай, аза тұтып, жоқтау айтып жүрміз...

Кірме сөздерді тек әуезін келтіріп қабыл­­дай салмай, мағынасына қарай қазақ­ша­ға аудара беру шетелдіктердің қазақ тілін үй­ренуіне қиындық туғызады. Бұл – шетел­­діктерге қазақ тілін үйретіп жүрген мамандармен тілдескеннен туған ой. Мыс­а­лы, ағылшын тілін үйреніп жүрген орыстіл­ділерге жаттап алуға жеңіл жүздеген сөздің тізімін береді. Тізімде «interesting – интересный, deadline – дедлайн, release – релиз, clown – клоун, shampoo – шампунь, address – адрес секілді көп­теген сөз бар. Орыстан үлгі алайық деген ой жоқ, шындығында ағылшындар, ағыл­шынтілділер де көп сөзді ла­тыннан, француз, италиян тілдерінен әуе­зін келтіре аударып енгізген. Ресторан сөзі – соған дәлел. Еліміздегі шетелдіктердің қазақ­шадан гөрі орысша үйренуді құп көруі­­не де осы мәселе себеп секілді. Түрлі жиын­­дарда халықаралық ұйымдардың өкіл­дері, шетелдердің еліміздегі кейбір елшіле­рі қа­зақшаға қарағанда орысша жатық сөйлейді.

Аудармадағы ыңғайсыздық пен мемле­кет­тік тілді шетелдіктердің үйренуіне қолай­сыздығы ештеңе емес, кез келген сөзді аудара беруге ұмтылу, соны жөн санау өмірімізге қауіп төндіруі де мүмкін екен. 40 жылға жуық денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқан дәрігер Эрик Әбенұлы әлеу­меттік желідегі жазбасында медицинаны қазақшалауға белсене кірісіп кеткенімізге кәдім­гідей алаңдай бастағанын жеткізіпті.

«Медицинаның барлық термині латынша аталады және солай жазылуға тиіс те, бұл – дүниежүзілік норма. Оның негізгі мағынасы, мақсаты – адам жанын сақтап қалу (әлемнің түкпір-түкпіріндегі кез келген дәрігер бір-бірін дұрыс түсініп, бір-бірімен пікір алмасатындай жағдайда болу керек). Осыны ойлай тұра баяғы заманда дәрігерлердің барлығы Гиппократ антын қабылдап, адам өмірін сақтау үшін өзінің бар өмірін арнайтыны туралы келісімге келген. Сондықтан дәрігерлер мен мейірбикелер (бүкіл әлемде) ақ халат киеді, тіпті бір тілде сөйлейді десе де болады. Қаншама елде болдым, алайда ағылшынша білмесем де олардың не айтып жатқанын сол терминдер арқылы түсінетінмін, олар да менің айтқанымды түсініп (басын изеп) жататын. Мейлі Африкада, Аустралияда болсын, кез келген жерде дәрігерге гастрит немесе аппендицит десеңіз, ол дереу түсіне қояды, жәрдемін береді. Тіл білмесеңіз де кез келген елде кездескен дәрігердің аппендицит деген сөзін сіз де түсінесіз. Бұл норма сол үшін қабылданған. Соңғы кезде тілімізді орысшадан тазартамыз деп тым артық кетіп бара жатқандаймыз. Жарайды, балконды қылтима делік, пианино күйсандық бола қойсын, ондай аудармадан (адам жанына) келер зиян жоқ екені анық. Бірақ медицинаны қазақшалауға белсене кірісіп кеткеніміз мені кәдімгідей алаңдата бастады. Соқыр ішек деген – слепая кишканың аудармасы. Бұл – аш ішектің бітіп, тоқ ішектің басталған жеріндегі дорба сияқты ішек. Сол дорбаның салбыраған қосымшасын Appendix, яғни шылаушын/құрт тәрізді өсінді дейді. Түрлі басылымда аппендицитті біресе құрт тәрізді қосымшасы, біресе құрт тәрізді өсім деп жатады. Осы өсіндінің қабынуын аппендицит дейді, ал соқыр ішектің қабынуы негізі колит деп аталады. Операцияны ота деп, хирургтерді оташы дегенді де түсін­беймін. Онда гинеколог кім, уролог ше? Сексо­патологті қалай аударамыз?», дейді дәрігер Э.Әбенұлы.

...Иә, әлекке салған аударма да, аударма­ның айналасында жауабы жоқ сұрақ та көп-ақ, шешімін тапсақ деп едік.