Фото: Келес ауданы әкімдігі
Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округі аумағында, Келес өзені арқылы өтетін облыстық маңызы бар КХ-20 автожолындағы көпір құлады.
– Аталған жағдайға байланысты алдын ала қауіп белгілері анықталып, дер кезінде қабылданған шешімдердің нәтижесінде көпір арқылы көлік қозғалысы толық тоқтатылған болатын. Соның арқасында адам шығыны мен материалдық залалға жол берілген жоқ, – делінген аудан әкімдігі ұсынған ақпаратта.
Көпір бойымен «Дарбаза ТСЖ» қарасты су құбыры өткен, ол зақымданған. Су құбыры қалпына келтірілгенге дейін Қошқарата ауылдық округі Ұшқын елдімекеніндегі 137 абонентті ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су тасымалдау ұйымдастырылды.
Көпір облыстық «Оңтүстік жолдары» МКК-нің меншігінде. Оның ұзындығы – 70 м, ені – 10 м, биіктігі – 6,5 м.
Нысан 1970 жылдары салынған, 2010 жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2024 жылы «Оңтүстік жолдары» МКК тарапынан көпірдің жағалаулары бетонмен бекітілген. Қауіпті жағдайдың алдын алу бойынша, аудан тарапынан көпірге жөндеу жұмыстарын қажет ететіні бойынша тиісті ұсынымдар облысқа ұсынылған.
Қазіргі уақытта айналма жол ұйымдастырылды, жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тұрғындардың қауіпсіз әрі үздіксіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында Алпамыс батыр және Біртілек ауылдық округтері арқылы өтетін 10-15 шақырымдық айналма жол қаралды.
Алдағы уақытта көпірді қалпына келтіру және көлік қатынасын қайта жолға қою мақсатында кешенді шаралар қабылданады.