Мәселе • 19 Қараша, 2023

Жасөспірімдерді вейптен қалай арашалаймыз?

247 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қоғамда «вейп» деп аталып кеткен электронды темекіні сатуға тыйым салу туралы ұсыныс әлі күнге дейін басы ашық күйінде қалып отыр. Қаптамасы көз тартатын, хош иісі бар құралдарға жастармен қоса жасөспірімдер де құмар. Қиыны, электронды темекілердің саудасына қатысты талаптар күшейтілгенімен, мектеп оқушылары вейпті әлі күнге дейін оңай сатып алады.

Жасөспірімдерді вейптен қалай арашалаймыз?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Электронды темекінің саты­лы­мына тыйым салу туралы ұсы­ныс­ты қоғам белсенділері, ата-аналар айтуындай-ақ айтты. Кейін Мәжіліс депутаттары да халықтың талап-өтінішін қуаттап, мәселені мін­берде көтерді. Депутаттық сауал­­да елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толы­ғы­­мен тыйым салып, жарнамасын шектеп, жауапкершілікті кү­­шейту жағы да қамтылған-ды. Әзірге электронды темекінің сатылымына заң жүзінде тыйым­ салынған жоқ. Егер тыйым салынса, бірнеше жыл елдің көкейінде жүр­ген мәселе толық шешіле ме? Бала­ларды электронды темекі­ден қорғай аламыз ба? Мыса­лы, «Байтақ» жасылдар партия­сы­ның жетекшілері бұл пікірмен келіс­пейді. Электронды темекіні жет­кізуге, сатуға тыйым салу арқылы іс бітпейді, оның айналымын қатаң бақылау қажет деп санайды.

Бір сөзбен айтқанда, «Байтақ» жасылдар партиясы вейптің сатылымына тыйым салуға қарсы екенін білдіре отырып, мұндай құралдарды табак және алкогольді заттармен бірдей қатаң бақылауға алу керек деген ұстанымда екенін аңғартты. Бұл ұсынысты «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың өзі былай түсіндірді:

– Аңғарсаңыздар, тыйым салу арқылы қандай да бір мәселе толық шешімін таппаған. Қазір электронды темекілердің түр-түрі шығып жатыр. Әрине, біз халықтың, соның ішінде жас­тар, жасөспірімдердің темекі өнім­деріне жуымағанын қалай­мыз. Қазір депутаттардың элек­­тронды темекі өнімдеріне қар­сы­лық білдіріп жатқанын көріп-біліп отырмыз. Бірақ бұл қадам бұрыннан темекі шығаратын компаниялардың көбірек табыс табуына жол ашады. Тағы бір жай, электронды темекіге тыйым салынатын болса, бірден заңсыз тауар айналымы көбейеді. Ашықтық сақталмайды. Содан осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлердің салыққа төлейтін түсімі шектеледі. Заңсыз келген тауарды жастардың қалай пайдаланып жатқанын да зерделей алмаймыз. Айтпағым, тыйым салумен шектелу – мәсе­ле­нің шешімі емес, – дейді партия төрағасы.

«Байтақ» партиясы Жасыл­дар саясаты департаментінің ди­рек­­торы Азамат Аяйбергеновтің те пікірі осыған саяды.

– «Байтақ» жасылдар партия­сы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына сүйене отырып, биліктің жүргізіп отырған рефор­маларын қуаттайды. Түркіс­танда өткен Ұлттық Құрылтайда Мем­лекет басшысы: «Ұлт саулы­ғы­на зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны­ тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнама да көбейіп кетті. Іс жүзінде жастарымыз өзіне қауіп төндіру үстінде. Себебі бұл – шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы – бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тыйым салумен ғана мәселені шешу мүмкін емес», деген еді. Біз қазір елде кальян ұсынатын кафе-барларға шектеу қойылғанын білеміз. Бірақ қалада мұндай орындарды табу қиын емес. Кез келгенімізге есігі ашық. Сонымен қатар денсаулыққа зиян келтіретін басқа да заттарға шектеу қойылғанымен, қатаң бақылауға алынбаған. Сол үшін де электронды темекінің сатылымын қатаң бақылау қажет. Шектеу қойылса, көлеңкелі бизнес пайда болады. Ал ересектер қандай өнім пайдаланса да өзінің еркінде болуы керек деп ойлаймын, – деді ол.

Темекі заттары нарығы қа­уым­­­дас­тығының төрағасы Ма­ли­ка­ Бақытжанова электронды­ те­ме­кі­лерді сатып алу екінің біріне, яғни жасөспірімдерге қол­же­тімді болмауы керек деп санайды.­ Сонымен қатар вейптердің қап­та­ма­сы мен дәміне де өзгеріс енгізу қа­жет.

– Қазір электронды темекіні кез келген адам оңай сатып ала алады. Жастар мен жасөспірімдерге де ол­жалау қиындық туғыза қой­май­ды. Статистикаға үңілсек, был­тыр тамыз айынан биылғы 22 қазанға дейін ел аумағына элек­тронды темекілердің 3 млн дана­сы­ кіргізілген. Яғни бұл тасымал заңды, кәсіпкерлер барлық нор­мативтік актілерді сақтаған. Ал заңсыз кірген тауарларды еш­кім болжап біле алмайды. Элек­тронды темекілерге тыйы­м салу мәселесі 3 жылдан бері күн тәртібінде тұр. Бірақ әлі заң қабылданбады. Жақын беріде осындай өнімдерді таң­ба­лауға қатысты талаптар қо­йыл­ды. Бұл талап – нарықтағы элек­тронды шылымдарды таңба арқы­лы реттеуге жол ашты. Кә­сіп­­керлердің жұмысы да бір­ша­ма жеңілдеді. Біз осы заңды кәсіп­керлерге үнемі түсіндіріп оты­ра­мыз. Кәсіпкерлер электронды­ шы­лымдардың қаптамасын көз қызықтыратындай емес, қара­па­йым әзірлеуге келісіп отыр. Сосын тәтті дәмін де өзгертуге дайын. Жасөспірімдер мен бала­лар­дың темекі заттарына әуес болуы­на түбегейлі қарсымыз. Бірақ ересектер шылымның қай түрін қолданатынын өзі таң­да­ғаны дұрыс секілді. Біз вейп­тер­дің­ утилизация­сын да өз құзы­ры­мызға алуға дайынбыз. Яғни пай­да­ланылған құралды тиімді жою керек. Иә, электронды темекілерге үзілді-кесілді тыйым салу дегеніңіз темекі өнді­ре­тін компанияларға тиімді. Өйткені олар электронды темекі саты­лымға шыққалы шамамен 30 пайыз табысынан қағылып отыр. Вейптердің сатылымы бақылауға алынса, 2024-2030 жылдар аралығында шамамен 60 млрд теңге ел экономикасына түсуі мүмкін деген болжам бар. Біздің ұсынысымыз – электронды темекілерді жасөспірімдерге сатуға қатаң шектеу қойып, тек арнайы дүкендерде ғана саудалауға рұқсат беру керек. Бұл ретте вейп­тер­ді онлайн сататындардың да барын ескеру қажет, – дейді М.Бақытжанова.

Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігінің ықпалымен еліміздің бірнеше аймағында электронды темекілерді елге заңсыз кіргізгендер анықтап жатыр. Сәйкесінше, заңсыз та­уар тасымалдағандар жауап­кер­шіліктен құтылмайтыны белгілі. Бұл да болса, құрамы күдік туды­ра­тын тауарларды елге заңсыз кіргізуді көздегендерге дабыл.