Пікір • 14 Қараша, 2023

«Шартты жаза»

222 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір қоғамда қызу талқыланып жат­­қан тақырыптың бірі – Ұлттық эко­но­ми­ка министрі болған Қуандық Бишім­баев­­тың үстінен «Адам өлтіру» бабы­мен қозғалған қылмыстық іс. Жұрт­шылық экс-шенеуніктің әйелі Салтанат Нүке­но­ва-­
ның өліміне қатысты істің әр саты­сын жіті бақылап отыр. Неге? Мәсе­ле Би­шім­­баевтың «белгілі тұлға» болған­ды­ғын­да ғана емес, қылмыстың асқан қатыгез­дік­пен жасалғанында да жатыр.

Әлеуметтік желіде қанды оқиғаға қа­тыс­ты сан алуан пікір жазылды. Әлі де жазылып, айтылып жатыр. Ең көп жазылған ойдың бірі – «Егер Бишімбаев шартты түр­де мерзімінен бұрын босап шықпағанда жас қыз тірі жүрер еді» деген тұжырым. Тіпті «енді парақордың қылмыс өтеу уақытын қысқартып, бостандыққа шығуына жағдай жасаған судьяның да қолы қанда» деген пікір де ара-тұра айтылып қалды.

Естеріңізде болса, экс-министр 2018 жылы «Бәйтерек» холдингінің директоры бол­ғанда Қызылорда қаласында әйнек зауы­­тының құрылысы кезінде мердігерден ірі көлемде пара алды және холдингтен ірі кө­лемде ақша жымқырған қылмыстық топ құр­ды деген айыппен ұсталып, 10 жылға бас бос­тандығынан айырылған еді. Алайда 2019 жылы Шымкент қаласы Абай аудандық соты Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырады. Осы­лай­­­ша, ол 10 жылдың небәрі 2 жыл 9 айын түр­ме­де өтеп, бостандыққа шығады. Қыл­­мыс­тық-атқару жүйесі комитеті экс-ми­нистр­­дің қа­мауда болған кезде «жақсы мінез-құлық» көрсетіп, сот тағайындаған «арыз-талап­ты өтегенін» алға тартқан. Судья сот­талушы­ның осы «жетістіктерін» еске­ріп, экс-министрге мейірім танытып еді...

Шыны керек, сот тәжірибесінде шартты түрде мерзімінен бұрын шығып жатқандар аз емес. Статистикаға сүйенсек, бұл санаттағы­лардың саны жыл сайын артып отырға­нын бай­қауға болады. Мəселен, 2017 жылдан бері жемқорлыққа барған 111 лауазым иесі шарт­ты түрде босап шыққан. Бес жыл бұ­рын бұл тізімде небәрі 7 адам болса, 2019 жылы – 30, 2022 жылы 27 адам түрмеден ерте шық­қан. Қай экс-шенеунік «шартты жазаға» іліккенін қоғам жақсы біледі. Біз сот жүйесіне қараймыз, олардан әділеттік күтеміз. Бірақ күрделі жағдай қайталанып жатады.

Бұл тізімге қарап «шартты жаза» кө­біне қалтасы қалың, құрығы ұзын бай-бағ­лан­дарға ғана қолданылатындай көрінеді. Қара­пайым халықтың ашу-ызасын туғы­зып отырғаны да осы. Өйткені түзеу мекемесін­де мұндай шешімді 5-10 жылдап күтетіндер де бар. Әрине, адам баласына қателесу тән. Қылмыстық кодекстегі шартты түрде мер­зімінен бұрын босату және өтелмеген жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру деген қос құқықтық институт негізінен осы үшін қарастырылған. Бірақ бұл кез келген қылмыскер түрмеден ерте шығып кете бе­ре­ді дегенді білдірмейді. Мәселен, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған жемқор­ларға шарт­ты түрде мерзімінен бұрын босату шара­сын қолдануға заңмен тыйым са­лынған. Президент 2020 жылы тиісті заңға өзгерту енгізуді міндеттегеннен кейін еселеп айыппұл төлеп, жазадан сытылып кете­тіндердің саны күрт азайған. Өйткені бұрын­дары жаза­ның белгілі бір бөлігін өтегеннен кейін, сот толық өтеуді қажетсіз деп тапса, парақор­лар бостандыққа ерте шыға алатын. Ал аса ауыр қылмыс жасаған, мәселен, қасақана кісі өлтіргендер бас бос­тан­дығы­нан айыру жазасын оны шектеу­ге немесе айыппұлға ауыстыра алмайды. Бұған қоса, қос шара ­педофилдерге, террористер мен экстре­мис­терге қолданылмайды.

Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімі­­нен бұрын босату жағдайында сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен мерзімінен бұрын босатылады және жаза мерзімі аяқталғанға дейін тұрғылықты жері бо­йынша пробациялық бақылауда болады. Ал өтелмеген жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру бойынша сотталған адам жазаның басқа, неғұрлым жеңіл түрін (бас бостандығын шектеу немесе айып­пұл төлеу) өтейді. Жеңіл және орта ауырлық деңгейіндегі қылмысы үшін сотталған адам жазаның үштен бір бөлігін, ал ауыр қылмыс жасағандар мерзімнің жартысын өтегеннен кейін бостандыққа шығу құқығына ие болады.

Құқықтық түсіндірмеде жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға «қылмыстық заңнамаға енгізілген гуманизм көріністерінің бірі» деп баға берілген. Яғни мұндай жаза сотталғанның түзелуіне ықпал етіп қана қоймай, осы санаттағы адамдарды қоғамға тезірек оралуына ынталандыруы керек. Теория бойынша. Ал өмірде көріп отырғанымыз Бишімбаев секілділердің бас­сыздығы ғана...