Энергетика • 16 Қазан, 2023

KEGOC: Электрмонтерлер шеберліктерін шыңдады

99 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Отандық электр энергетикасы саласындағы бас­ты компания – «Электр желілерін басқару жө­ніндегі Қазақстан ком­паниясы «KEGOC» ак­цио­нерлік қо­­ғамы жақын күн­­дері электрмон­тер­лер­дің кәсі­би ше­бер­лігін шыңдауға ар­нал­ған байқау өткізді.

KEGOC: Электрмонтерлер шеберліктерін шыңдады

Бұл іс-шара үшін «KEGOC» АҚ-ға қарасты «Алматы ЖЭТ» филиалының 500 кВ «Алма­ты» қосалқы стансасының жанын­дағы оқу-жаттығу полигоны таңдап алынды. Биіктігі 42 метр­ге дейін жететін бағандарға тар­тылған әуе электр жеткізу желі­леріне қызмет көрсету бо­йынша шеберліктерін шыңдауға ком­панияның өңірлердегі фи­лиал­дарының электрмонтерлернен жасақталған 9 бригада қатысты.

вап

«Биылғы байқаудың екі ерек­шелігін атап өткім келеді. Бірін­­­шіден, бәсекелес 9 коман­да­­ның бәрінің дайындығы өте жоғары деңгейде болды. Екін­шіден, байқаудың жалпы жүлде қоры 11 100 000 теңгені құрады, яғни бұл бұрынғы байқауларға қара­ғанда 4 есе көп. Шын мәнін­де электрмонтерлердің жұ­мысы көзсіз батырлық пен ас­қан жүректілікті талап етеді. Ха­лық­ты сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын энергетик мамандарымыз бұдан да жоғары марапаттарға лайық деп есептеймін. Себебі 42 метрлік биіктікте тілсіз жаумен арпалысатын электрмонтерлерді бүгінгі бейбіт заманның батырлары деп айтар едім», дейді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақытхан Жазықбаев.

Жарыс барысында командалар алты кезеңнен тұратын сынақтан өтті. Атап айтқанда, нормативтік-техникалық құ­жат­таманы білу деңгейі және теориялық дайындық, зардап шеккен адамды (манекенді) электр тоғының құрсауынан босату, оны 220 кВ әуе желісінің тірегінен түсіру және дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету, түрлі ақауы бар шыны оқшаулағыштарды ауыстыру кезіндегі шеберлік, тірек аралықтарындағы кергілердің қашықтықтан басқарылатын ақауы барларын ауыстыру және арнайы құралдарды қолдана отырып, 220 кВ әуе желісінің анкерлік металл тірегінің сым шлейфін жалғау дағдылары.

сми

«Мұндай кәсіби байқау соңғы рет 2019 жылы өткізілген болатын. Содан бергі төрт жылда электрмонтерлердің кәсіби деңгейлері едәуір артқаны байқалады. Өйткені командалар арасындағы ұпай сандарында айтарлықтай айырмашылық болған жоқ. Яғни олар ұпай жинаудан иық тірестіріп отырды. Бұл электрмонтерлердің жоғары біліктілік деңгейі мен үлкен дайындығын көрсетеді», дейді байқаудың ұйымдастыру жұмыстарына бастан-аяқ қатыс­қан «Алматы ЖЭТ» филиа­лы электр жеткізу қызметінің бастығы Бекжан Рауаянов.

Төрт күнге созылған кәсіби жарыстың қорытындысында  жүлделі І орынды «Ақмола ЖЭТ» филиалының командасы жеңіп алды. ІІ орынды «Солтүстік ЖЭТ» филиалының электрмонтерлері иемденді. ІІІ орынды «Шығыс ЖЭТ» және «Оңтүстік ЖЭТ» филиал­да­рының командалары өзара бөлісті. Сондай-ақ жекелеген аталымдар бойынша «Ақтөбе ЖЭТ» филиалының қызметкері Нұржан Қуатов – «Үздік шебер», «Батыс ЖЭТ» филиалының қызметкері Аянбек Қабиев – «Үздік электрмонтер», «Сарыбай ЖЭТ» филиалының қызметкері Мұрат Бармақов – «Еңбек майталманы», «Орта­лық ЖЭТ» филиалының қызмет­кері Дидар Майжақанов «Үздік рұқсат беруші» атанды. Ал «Қауіпсіздік техникасы білімі бо­йынша үздік филиал» ко­ман­­далық аталымы «Алматы ЖЭТ» филиалының командасына берілді.

Осындай кәсіби жарыс­тар өндірістік персоналдың шеберлігі мен дайындығын бағалау үшін ғана емес, сонымен бірге өңірлік филиалдар энергетиктерінің бір-бірі­мен іскерлік байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызады.

Жеңімпаз атанған «Ақмола ЖЭТ» командасы биыл ТМД электржелілік компаниялары ара­сында өтетін халықаралық кә­сіби шеберлікті шыңдау бірін­шілігінде Қазақстанның намысын қорғайтын болады.