Қоғам • 16 Қазан, 2023

Ел бірлігіне арналған пікірсайыс

258 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен дебат өтті. «Ел бірлігі» атауымен ұйымдастырылған пікірсайысқа 20 команда қатысты. Жан-жақтан жиылған жастар екі күн бойы Ассамблеяның кубогіне таласты.

Ел бірлігіне арналған пікірсайыс

Турнирдің мақсаты – жас­тардың зияткерлік алаңын құру және олардың Мемлекет басшы­сының Жолдауын жүзеге асыруда, насихаттаудағы белсен­ділігін арттыру. Сондай-ақ іс-шара қо­ғам­дық келісім мен жал­пы­ұлт­тық бірлікті нығайтуды көз­деді. Ізгі іске Қазақстан халқы Ассамб­леясы мен «Ассамблея жастары» республикалық қоғам­дық бірлестігі және «Ұлт­тық пікірсайыс федерациясы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

– Дебатта пікірсайыстың түр­лі форматы қолданылды. Атап айтсақ, америкалық, британ­дық және президенттік формат. Тартысты бәсекеге барлығы 40 адам қатысты. Бұл турнирдің ерекшелігі – әр 20 команданың бір өкілі басқа этностан болуы міндеттелді әрі іс-шара толық­тай қазақ тілінде өтті. Ойын барысына 10 адам төрелік етті, – деді Ұлттық пікірсайыс федера­ция­сының президенті Бек-Мұхамед Жәукебаев.

Республика күніне орай ұйымдастырылған пікірсайысқа жасанды интеллектіден келетін қауіп қатер мен нейрожелілерді қаржыландыру тақырыптары негіз болды. Турнир аясында қатысушылар Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және Ассамблея төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілхановпен кездесті. Палата Төрағасы талантты және білімді жастарды қолдаудың маңызы зор екенін айтты.

– Жас буын елді жаңғырту және Әділетті Қазақстан құру ісінде қозғаушы күш ретінде айрық­ша рөл атқарады. Сондық­тан Мемлекет басшысы өз Жол­дауында елімізде білім беру сапа­сын арттыру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. «Ел бір­лігі» дебат сайысын өткізу мем­ле­кеттік тілді дамытуға және оның қолданылу аясын кеңей­туге айтар­лықтай үлес қосады. Сенат тара­пынан мұндай бастамаларға әр­да­йым қолдау көрсетеміз. Қазақ­стан халқы Ассамблеясынан сай­ланған сенаторлар да бұл бағытт­а белсенді жұмыс істейді. Өйт­кені ел бірлігін нығайту және мем­лекеттік тілдің ұлтты ұйыс­тыру­шы рөлін арттыру арқылы қо­ғамдық келісімді сақтау – біздің ор­тақ мақсатымыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы палатаның жастарды қолдау бағытында атқарып келе жат­қан жұмыстарына тоқталды. Мем­лекеттік басқару ісіне жас буын­ды тартудың, тиісті жобалар мен заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы олардың азаматтық әлеуе­тін жандандырудың маңыз­дылығына да назар аударды. Бұған қоса ол Сенат жанын­дағы Жас сарапшылар клубының және Талдау мектебінің қызметіне шолу жасады.

 Жалпы, Ассамблея мұндай пікірсайыс турнирін алғаш рет ұйымдастырған. Республика­лық дебат қорытындысын­да І орын Дәулет Нүркен мен Элина Амур­лаеваға бұйырды. Жүлделі ІІ орын­ды Жақсылық Бекхан мен Тур­с­унходжаев Бохромжан алды. ІІІ орынды Сламбек Елемес пен Диана Хабибулина місе тұтты. Бұдан бөлек Әсет Ахмедов «Үздік медиа» аталымын жеңсе, Исахан Нұрбақыт «Үздік спикер» деп танылды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандарға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар үлестірілді.