Денсаулық • 28 Қыркүйек, 2023

Саумал – саулығымызға сеп

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қымыз, шұбат, сау­мал сынды ұлттық сусындардың ден­сау­лыққа пайдасын ғалымдар айтуын­дай-ақ айтып ке­леді. Табиғи өнім нау­қастың кейбір ауру-сырқаудан мейлінше жылдам айығуына сеп­теседі деседі.

Саумал – саулығымызға сеп

Алматыда өткен гастро­энтерологтердің халық­аралық конференциясында медицина мамандары ұлттық сусынның көл-көсір пайдасы туралы айтты. Та­биғи сусындардың емдік қасиетін көбіміз көрмесек те, ара-тұра еститініміз бар. Сөйтсек, бүгінде ұлттық өнімдеріміз зерттеліп, пай­дасы дәлелденген. Су­сын­дар асқазан-ішек ауру­ларын емдеуде таптырмайды. Қазір білесіздер, ас қорыту жүйелері сыр берген науқастар көбейіп келеді. Кейбір жағдайда ауруды химиялық жолмен емдегенде оның жанама әсері пайда болуы әбден мүмкін. Сондықтан дәрігерлер ем­нің жанама әсерін азайту­ды ойлап, науқастарға ұлт­тық өнімдерді жиі ұсына бастаған. Президент Іс басқармасының меди­ци­на­лық орталық ауру­хана­сының бас гастро­эн­те­рологі Бақытжан Бейім­бетов те ұлттық су­сын­­дар­дың емдік қасие­тін растап отыр.

– Саумал, қымыз, шұ­баттың пайдасын бізге дейін зерттеп білгендер бар. Емдік қасиетін көргендер де жетеді. Егер осы сусындарды емдік протоколдарға енгізетін болсақ, онда оның пайдасын көретіндер көбейетін еді. Өмірді ұзар­татын сусын. Оның пай­дасын мен емес, гастро­энтерологияның негі­зін қалаған, Нобель сыйлы­ғының лауреаты, әйгілі Илья Мечников айтқан, – дейді ол.

Емдік қасиеті дәлел­денген сусындар бүгінде озық үлгідегі технологиямен өңделеді. Оның пайдасы туралы әйгілі профессор Абай Жаңғабыловтан бас­тап, елдің және шетелдің ғалымдары ғылыми еңбек­терінде бірнеше рет жазды. Ендігі міндет табиғи сусындарды емдік хаттамаға енгізу ғана болып тұр.

Конференцияда Қазақ­стан-Ресей медициналық университетінің кафед­ра меңгерушісі Карамят Зординова Абай Жаңғабы­ловтың еңбектерін ерекше бағалайтынын айтты. Соның ішінде профес­сор­дың антихели­кобак­тер­лік емді оңтайлан­ды­ру­ға қатысты жұмыста­ры­н­а тоқталды. Себебі бұл та­қы­рып бүгінгі меди­цина­дағы басты пробле­малар­дың бірі саналады. Хели­ко­бактер пилори антибиотиктерге төзімдірек болып барады. Карамят Зординова табиғи өнім хаттамаға енсе, кейбір аурулармен күресуге септесер еді деген пікірін айтты.

Кейінірек шегінсек, үш жыл бұрын халықты әбігерге салған пандемия кезінде кейбір дәрігерлер науқастарға саумалдың пайдасын айтып, кеңес берген екен. Есесіне сол науқастардың бірқатары саумалдың көмегімен жұқ­палы дерттен құлантаза айыққан деседі. Ұлттық су­сындардың асқазан-ішек ауруларын және пе­диатриялық дертті емдеуге септесетінін білдік. Кей­бір ақпараттарда қа­терлі ісіктің де алдын алады деген хабар айтылады. Осы­ған қарамастан саумал, қы­мыз бен шұбаттың тағы қан­дай ауруға ем екені әлі толық зерттелмепті. Бәл­кім, табиғи сусынның ме­дициналық хаттамаға енгі­зілмеуінің бірден-бір себебі де зерттеу жұмыстарының аздығынан болар. Кім біл­сін?