Жәдігер • 24 Қыркүйек, 2023

Шілікті әміршісі

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұдан 20 жыл бұрын қабыл­дан­ған «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдар­ламасы негізін­де қолға алынған шаруа­лар­­дың бірі – Шілікті қорған­да­ры­на жүргізілген археоло­гия­лық қазба жұмыстары. Географиялық тұрғыдан аумағы 80 шақырымды алып жатқан «Шілікті жазығы» Шы­ғыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы жерінде орна­ласқан. Оңтүстігінде Тарбағатай, шы­ғы­сында Сауыр-Сайқан, сол­түстігін Маңырақ таулары қор­шап жатыр.

Шілікті әміршісі

«Шілікті даласының тек орта ше­нінде 200-ден аса сақ дәуірінің ескерткіш жәдігер­лері бар. Соның ішінде 50-ге жуығы ақсүйектер мен патшалар зираты. Мұндағы көне сақ ескерткіштерінің тарихы б.з.д.VIII ғасыр­дан бастау алады. Ал сақ заманынан кейінгі қор­ған­дар б.з.д. I-II ғасырды құрайды. Ес­кертк­іш­тердің кейбірі үйсін, кейбірі түр­кілер­дікі. Сондай-ақ б.з.д. VI-VII ғасырларға тән жәдігерлер ­де кездеседі», дей­ді өңірге қазба жұмыстарын жүр­гіз­ген археолог-ғалым мар­құм Әбдеш Төлеубаев мырза.

Жалпы саны 17 обадан тұратын үл­кен кешеннің бірі – Бәйгетөбе обасы. Бұл нысанды қазу барысында, барлығы 4 303 алтын бұйым табылса, солардың ішінде: тұмсықты барыс бейнелі 153, бүркіт пошымдас 36, бұғы мүсіндес 20, бөлтірік-қонжық типтес 39, арқар түстес бір қапсырма, сонымен қатар 23 сылдырмақ әшекей, 63 бұдыр түтікті сәндік бұйым, 17 жіңішке тілік, 7 сым, 141 жартышар пішінді салпыншақ, 2 835 дәнекерлі бүрме, 223 майда моншақ, 743 сақи­на, т.б. жәдігерлер қазақ қазынасын толықтырыпты.

Жоғарыда табылған бұйымдар аң стилі дәуірінің алғашқы кезеңіне тән дүние, дейді ға­лымдар. Мұндағы мүсіндеу шеберлігі, жануар бейне­лерінің тамаша стилизациясы, заттарды дәл жеткізе білу тәсілі айрықша екені анық.

Бәйгетөбе обасын қазу кезінде, балқара­ғайдан қиюластырып салған көлемі 4,8 х 4,6 метр шаршы қима-таған табылады. Оның ішінде жатқан екі мәйітке сараптама жүр­гіз­ген антропологтер біреуі – 40-50 жастағы еуропалық келбетті ер адам, екіншісі – 50-60 жас шамасындағы аралас нәсіл (еуро­пеоид-моңғолоид) екенін анықтады.

Осындағы ер адамның мүрдесі негі­зінде қазынамызға «Шілікті әмір­шісі» деген атпен енген алтын киімді адамның жаңғыртпасы жасалды. Бұл істі атқару кезінде, ерте темір дәуірі мен орта ғасырларда Еуразияны мекендеген тайпалардың киім үлгісі туралы мәліметтер кеңінен пайдаланылып, ер адамға алтын әшекейлі шекпен, шалбар, етік, шошақ төбелі бас киім кигізіліп, оның сыртынан азиялық стильде алтынмен әдіптелген шапан жабылыпты. Белдігіне қанжар мен қыны бар қылыш бекітіліп, алтынды мойын алқа және сырға-жүзік тағылады. Әміршілік нышаны ретінде қолына –  ұштығында таутеке мүсінді асатаяқ ұстатылған екен.