Парламент • 13 Қыркүйек, 2023

Балаға зорлық жасағандар өмір бойына сотталуы керек– Елнұр Бейсенбаев

233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістегі «АМАNАТ» Фракциясының төрағасы Елнұр Бейсенбаев Премьер-министр мен Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында бала құқығын қорғау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балаға зорлық жасағандар өмір бойына сотталуы керек– Елнұр Бейсенбаев

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда: «...кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», деп нақты айтқан еді. Президенттің бұл мәселеге қайта тоқталуы қоғам үшін үлкен дабыл дей келе, депутат бұл мәселені соңына дейін жеткізу үшін партия бар күш-жігерін салатынын айтты.

Балалар көрген зәбір мен жантүршігерлік қылмыс көбейгенін айтқан ол халықтың еті мұндай қылмыстарға үйреніп кетпеуі керек екенін баса айтты.

Оған қоса, депутат жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалатынын, бұл өте қорқынышты статистика екенін жеткізді. Жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізілетіні, сондай-ақ 150-ге жуық сәби қараусыз қалып, көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кететіні де айтылды.

«Мәселенің Президент деңгейіне дейін көтерілуі – жағдайдың расымен де ушығып кеткенін көрсетеді», деді ол.

Елнұр Бейсенбаев соңғы кездері оқушыларды зорлау оқиғалары жиілеп кеткенін айтып дабыл қақты. Оның айтуынша, мұндай қылмыс жасағандарға «бостандығын шектеу» деген жаза қолдану тиімсіз.

«Қылмыскерді бостандыққа жіберіп, оның тағы басқа қылмыс жасауына өзіміз жағдай жасап береміз. Сарыағаштың Жібек Жолы ауылындағы кішкентай Еркежанның өлімі осы сөзіме дәлел бола алады. Сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың көбірек зәбір көретіні де мәлім. Өгей әке-шеше тарапынан зорлық-зомбылықтың жиі болуы – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді. Учаскелік инспекторлардың, кәмелетке толмаған балалармен айналысатын мамандардың жұмысына сын көп», деді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың сөзінше, бұл мәселенің бір ұшы қоғамның салғырттығына да келіп тиеді.

«Қоғам да бей-жай қарамауы керек. Мәселен, Алматыда өгей анасының қолынан қайтыс болған 7 жасар Каринаның жанұшыра айқайлаған дауысын көршілері естісе де, ешбірі ара түспеген. Кеше ғана Алматы қаласында 44 жасар әкесі 2 жыл бойы өз қызына көрсеткен зорлығы үшін 20 жылға ғана сотталды. Мұндай қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айрылуы керек және оларға медициналық кастрация жасалуға тиіс. Бұл – аксиома», деді депутат.  

Заң бар, бірақ орындалуы әлсіз екенін айтқан Елнұр Бейсенбаев Үкімет пен әкімдік тарапынан атқарылуы керек жұмыстарды да тізбектеп өтті.

«Қоғамдағы бұл қылмыстың бәрі біздің балаларға қарсы жасалып жатыр. AMANAT партиясының фракциясы бұл мәселені өз назарында жіті ұстайтын болады. Осы ретте, біздің Фракция Заң жобасына қажетті өзгерістерті енгізіп, тағы да қатаңдатанын жеткіземіз. Дегенмен, Үкімет пен әкімдік тарапынан алдын-ала жасалатын жұмыстар бар. Нақты айтқанда, балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты әкімдіктер, КСК тарапынан түсіндіру жұмыстары күшейтілуі тиіс. Отбасындағы ішімдікке немесе есірткіге салынған азаматтардың барлығы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Олармен пробациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өткізу маңызды. Бала қауіпсіздігін сақтауда барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, жүйелі әрі жылдам жұмыс жасауы қажет», деп түйіндеді Елнұр Бейсембаев.