Қоғам • 11 Қыркүйек, 2023

Ажырасудың сан қилы астары

244 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халық санағымен және демог­рафия­мен айналысатын «World Population Review» (Әлем хал­қының санына шолу) халық­аралық тәуелсіз ұйымының мәлі­ме­тіне қарағанда, Қазақстан отба­сылардың ажырасу көрсеткіші бойын­ша дүниежүзінде екінші орынға шыққан.

Ажырасудың сан қилы астары

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұлттық экономика министр­лігіне қа­расты Экономикалық зерт­теулер инс­титутының (ERI) сай­тында жария­ланған «World Population Review» зерттеуіне қара­ғанда, еліміз ажырасудан тек Маль­див Республикасын алға салыпты. Арал­дағы шағын мем­лекетте 2020 жылы мың адам­ға шаққанда 5,52 ажырасу­дан келген. Осы көрсеткіш елі­міз­де – 4,6, ал үшінші және төртін­ші орындардағы Ресей мен Беларусьте тиісінше 3,9 және 3,7 болған. Бір назар аударарлығы, діні бір, ділі ұқсас көрші елдер Қырғызстан – 22-ші (1,4), Өзбекстан 27-ші (0,8) орындарды еншілеген.

ERI-дің Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының жетекші сарапшысы Рамин Казымов­тың па­йымдауынша, ажырасу жиілі­гін мың тұрғынға шағып есептеу аса дұрыс көрсеткіш емес. Өйткені тір­келген неке санын да ескерген жөн. Аталған көрсеткішке әсер ететін ба­қа кейбір факторлар да назардан тыс қалғанға ұқсайды. Мысалы, ислам мем­лекеттік дін болып саналатын Маль­дивте әйелдер мен ер азаматтар некелеспей жыныстық қатынасқа бар­­майды. Бірақ бұл елде неке қию да, ажырасу да оңай көрінеді. Сол се­беп­ті, мальдивтіктер ажырасу көрсет­кіші бойынша алдарына ел салмай отыр.

Біз әдетте отбасылардың, әсіре­се жас жұбайлардың жиі ажы­расуын олардың әл-ауқа­тының төмен­дігімен, тап болған тұрмыстық қиындық­тарымен байланыстырып жатамыз. Алайда, халықаралық әлеуметтік зерттеулер жағдай керісінше екенін айғақтаған. Мәселен, әлемдегі ең бай елдің бірі – Америка Құрама Штат­тары ажырасу көрсеткіші (мың адамға шаққанда – 2,7) бойынша 9-орында тұр. АҚШ Денсаулық сақтау статистикасы ұлттық орталығының мәліметіне қарағанда, осы алпауыт мемлекетте жыл сайын 4-5 млн адам отбасы құрғанымен, олардың 42-53 пайызы ажырасып тынады екен. Канада (2,1), Оңтүстік Корея (2,1), Франция (1,9), Нидерланд (1,7), Ұлыбритания (1,7), Германия (1,7), Жапония (1,7) сияқты дамыған елдердегі ажырасу көрсеткіші де әлемдегі орташа көрсеткіштен (1,69) жоғары.

Жалпы, ажырасу көрсеткішінің тө­мендігі бақытты отбасылардың көп­тігін білдірмейтін болып шық­ты. Себ­ебі кей елде неке бұзу заң­намалық тұр­ғыдан қиын, не­месе әйелдер өз қара­жа­ты же­тіспеушілігіне байланыс­ты бала­ларының жағдайын ойлаған­дықтан, мұн­дай қадамға бармайды. Дана Абай ба­ба­мыз айтқандай, «шыдайды риза болып жар ісіне, қорлық пен мазағына табынса да». Ал экономика көтеріліп, халықтың әл-ауқаты артқан сайын ажырасу да көбейе түсетіндігін дамыған елдер тәжірибесі көрсетіп берген. 

Ұлттық статистика бюросы­ның мә­ліметіне сүйенсек, елімізде отбасы­лардың ең көп ажырасуы 2019 жылы тіркелген. Сол жылы 59,8 мың неке бұзылған. Кейінгі үш жылда бүкіл әлем­дегі сияқты, Қазақстанда да ажырас­қан отбасылар санының азаю үрдісі байқалып отыр. Соның ішінде былтыр 128,4 мың неке тіркеліп, 44,5 мың отбасы ажырасқан, яғни ажырасу деңгейі 34,65 пайызды құраған. Мың адамға шаққанда неке бұзу көрсеткіші 2,27 болған.

Бір назар аударарлығы, ауыл­­дағы отбасыларға қараған­да қаладағылар жиірек ажыра­сып жатыр. Мысалы, был­т­ыр қалаларда – 33,2 мың (74,6 па­йыз), ауылдарда 11,3 мың (25,4 па­йыз) неке бұзу тіркелген. Әсіресе Астана қаласында ажы­рас­қан жұбайлар саны көп (мың тұрғынға шаққанда – 3,24). Ажырасқан отбасылары ең аз өңір – Түркістан облысы (0,98). Бұл ретте өт­кен жылы еліміздегі ең жоғары орташа жала­қының бірі (409 мың теңге) елордада, ал ең төменгі орташа жалақының бірі (237 мың теңге) Түркістан облысында болғанын еске алсақ, халықаралық сарапшылар байламының дұрыстығына күмән келтіру қиын.

Шаңырақ шайқалуы­ның негізгі себептері ерлі-зайып­ты­лардың отбасылық міндеттерді өзара бөліспеуі, әйелінің күйеуінің көзіне шөп салуы, не ерінің жүріс қылуы, өмірге көзқарастарының бі­тіспес алшақтықтары, тым ерте үй­лену һәм тұрмысқа шығу, қар­жылық қиын­дықтар, есірткіге не­месе спиртті ішім­діктерге тәуелділік, ойынқұмарлық, зор­лық-зомбылық көрсету болып отыр. Бұған қоса, кейінгі жылдары елімізде мемлекеттен әртүрлі жеңілдіктер мен жәрдем алу мақсатында жалған ажырасу кө­бейіп кеткен. Әсіресе әкімдікте кезекке тұрып, коммуналдық тұрғын үй қо­рынан пәтер алу үшін. Мәселен, өткен жылы «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы бойынша 2 пайыздық несие алуға 5 мыңнан аса толық емес отбасы өтініш берген. Олардың қаншасы шын мәнінде толық емес отбасы екендігін тап басып айту қиын.

Сондай-ақ үш жылда бір рет «Б» корпусының мемлекеттік қыз­метші­лері аттестаттаудан өткізілетіні бел­гілі. Олар – ор­та­­лық мемлекеттік ор­ган­дар­дың сарапшыларынан бастап де­партамент директорларына дейінгі және жергілікті атқару­шы орган­дардың қатардағы ма­ман­дары­нан бастап об­лыстық басқармалар басшыларына, аудан әкімдерінің орынбасарларына дейінгі лауазымдардағы қызметкерлер. Олардың арасын­дағы жалғызбасты аналар мен әкелер аттестаттаудан өтуден босатылған. Сол себепті тату-тәтті тұрып жатқан жұ­байы­мен айдың-күннің аманында аяқ астынан заң жүзінде айырылысып, іс жүзінде бірге тұруын жал­ғастырып жатқан мемлекеттік қыз­метшілер бар.

Ол, ол ма, мемлекеттік қызмет­ке арам ниетпен кіретін, яғни қолына тиген кез келген билікті пара алып, оңай байып қалу үшін пайдаланатын шенеуніктер де жұбайларымен заң жүзінде ғана айырылысып, бар­лық дүние-мүлкін қосағының атына жаздырып қоятын «дәстүр» қа­лып­тасқан. Бұл – «Алда-жалда былық-шылығым әшкереленіп, соттала қалсам, жемқорлықпен жинаған бай­лығым тәркіленбесін» деген сасық пиғылдан туындаған амал. Осы орайда бұдан бір­не­ше ­жыл бұрын бір әкім журна­лис­тердің сұрағына орай: «Менің өз үйім жоқ. Әйелімнің үйінде тұра­мын...», деп, өзі де күліп, жұрт­ты да күлдіргені жадымызда. Шын­туайтында, сол шенеуніктің де заң жүзінде зайыбымен айырылысып қойғанына шүбәлануға болмас.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі өткен жылы әзір­ле­ген цифрлық картаға зер салсақ, елі­мізде 1,2 млн отбасы дағдарыстық жай-күйде, ал 6 983 отбасы қиын тұрмыстық жағдайда тұрып жатыр екен. Бұл ретте мемлекеттік органдар кәмелетке толмаған бала тәр­биелеп отырған отбасылардың ажырасуын азайту шараларын назарда ұстап отырғанын айта кеткен жөн. Осы мақсатпен ортақ баласы бар ерлі-зайыптылардың ажырасу туралы өтініштері биылғы 1 қыркүйектен бастап ювенальды соттардың қарауына жіберілетін болып шешілді. Ал бұған дейін мінездері жараспаған жұбайлар тұрғылықты жері бо­йынша аудандық немесе қалалық сотқа жүгініп келді.

Жуырда Парламент Мәжі­лісінің депутаты Нұргүл Тау Үкі­метке жол­даған депутаттық сауа­лында: «Қазіргі уақытта елі­мізде отбасы, балалар мен жас­тар саясатымен өз құзыреті ше­гінде бірнеше мемлекеттік орган айналысады. Атап айт­қан­да, отбасы мен жастар мәсе­ле­лерімен Ақ­парат және қоғам­дық даму ми­нистрлігінің Жас­тар және отбасы істе­рі коми­теті, балалар құқықтарын қор­ғау мәселелерімен Оқу-ағар­ту ми­нис­трлігінің Балалар құ­қығын қорғау комитеті, сон­дай-ақ кейбір мәсе­лелермен Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Әділет министрліктері шұ­ғылданады. Халықаралық тәжі­рибе көрсеткендей, көптеген елде отбасы мәселесімен дербес мемлекеттік орган айналыса­ды. Мысалы, Өзбекстан Респуб­ликасында Махаляны және отбасыны қорғау министрлігі, Түр­кияда Отбасы істері және әлеу­меттік қорғау министрлігі, АҚШ-та Отбасы және балалар істері жөніндегі агенттік, Ма­лайзияда Әйелдер, отбасы істері және қоғамдық даму министрлігі, Германияда Отбасы, қарт адамдар, әйелдер және жастар істері жөніндегі министрлік бар», дей келіп, елімізде Отбасы, әйел­дер, балалар мен жас­тар істері жөніндегі агенттікті құру мәсе­ле­сін қарауды ұсынды. Осы депу­тат­тық сауалға жауап берген Үкі­мет Нұргүл Таудың ұсынысы пы­сық­талып жатқанын хабарлапты.

«Отан отбасынан басталады» десек, елімізде ажырасудың көптігі – алаңдатарлықтай жағ­дай. Неке бұзу­ды азайтудың қосымша шараларын қолдану, со­ның ішінде жалған ажырасу сияқты Әділетті Қазақстанға жарас­пайтын келеңсіз құбылысты бол­ды­р­мауға күш салу қажеттігі дау­сыз.