Тарих • 11 Қыркүйек, 2023

Есіл бойы һәм «Хан жолы»

143 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Патшалық Ресей заманында өмір сүрген картограф һәм тарихшы Семен Ремезов деген адам болған. Ол 1642 жылы қазақ даласының батыс пұшпағымен шектесіп жатқан Тобылда туып, 1721 жылы өмірден өтіпті. Картографтың 1701 жылы «Чертежная книга Сибири» атты кітабы жарық көрген екен.

Есіл бойы һәм «Хан жолы»

Суреттер автордың жеке қорынан алынды

«Жиырма парақтан тұра­тын жоғарыдағы кітапта «Озеро Кургалчин», «Казачья орда» дей­тін шағын деректер бар. Мұнда, байырғы керуен жолының бо­йында орналасқан ескі қамал-қор­ғандардың орны, Есіл өзені аңғарындағы көне қоныстар жа­йында біршама мәліметтер кел­тірген» деп жазыпты солтүстік өңір тарихына қанық һәм керемет өлкетанушы, марқұм Баянбай Хұсайынұлы 2010 жылы Астана қаласында жарық көрген «Есіл өңірі: тарих және тағылым» атты кітабында.

Жуықта ағамыз айтқан туындыны интернеттен тауып алып танысып көрдік. Әсіресе мына бір «Есіл өзені» атты сызба (1-сурет) және «Қазақ ордасы» картасы (2-сурет)  көңіл аударарлық. Мұндағы өте өш­кін таңбалан­ған «Сауда жо­лы» (қазақша «Ке­руен жолы») туралы өлкетанушы Баян­бай Хұса­йынұлы көп айтатын. Ол кісі­нің пайымдауынша, қазіргі Астана қаласы қоныстанған Қа­ра­­­өткел – Есіл өңірі Солтүстік пен Оңтүстікті һәм Батыс пен Шы­­ғысты жалғап жатқан «Хан жолы­ның» күре тамыры болған. Бұл туралы XVII-XVIII ғ. тән пат­ша­лық Ресей жазбаларында дерек көп. Әсіресе жоғарыда атап өткен «Книга большого чертежа» атты көне кітаптағы дерек көздері 1595 жылы Ұлытау арқылы өтіп, Сыр бойындағы Тәуекел хан­ның ордасына барған орыс елшісі Велья­мин Степановтың жолжазбасынан алынған болуы мүмкін.

ыае

Екінші бір дерек 1690 жылы жазылған. Оны хатқа тү­сірген адам­дар патшалық Ре­сей­дің Орта Азия жөніндегі ел­ші-­өкілдері Федор Скибин мен Мат­вей Трошкин дегендер. Бұлар Тобылдан шығып Қа­зақ орда­сының ханы Тәукеге елші­лік­ке барған. Сапар барысында жү­ріп өткен жер аттарын, оның геогра­фиялық ерекшеліктерін жазып-сызып хатқа түсірген.

Сол сияқты Қараөткел – Есіл өңі­ріндегі хан жолдары жай­лы алғашқы болып зерттеген ғалым­дардың бірі Шоқан Уәлиханов. Ғалымның 1856 жылы өз қолымен толтырған «ХІХ ғасырдың орта­сындағы қазақ даласының кар­тасы» дейтін еңбегі бар. Бұл ең­бек ғалымның 1961 жылы жарық көр­ген көп томдығының 5-томына енген. Осында жоғарыдағы Абы­лай мекен еткен аймақтарды басып өтетін керуен жолдары­­ның сызбасы көрсетілген. Сызбада Атбасар және Қорғалжын өңірі толық қамтылған.

Келесі бір назарда болатын дү­ние – 1815 жылы Қоқанға ке­тіп бара жатқан орыс елшісі Фи­липп Назаров өз естелігінде: «Қара­өт­келді басып өтіп, Ұлытауға қа­рай кеттім» дейді. Қараөткелді ме­кендеп отырған Құдайменде сұл­танның өте жақсы қарсы алғанын айтады. Сұлтанның 16 жастағы ұлы Қоңырқұлжа мен інісі Бұлқайыр сұлтандар елшілерді құрметпен шығарып салғанын ризашылықпен атап өткен екен.

Жалпылай айтқанда, «Хан жо­лы» тақырыбы әлі толық зерт­телген жоқ. Осы орайда «Хан жолы» дегеніміз байырғы «Жі­бек жолының» бір тармағы ма, әлде бертінде пайда болған жаңа сүрлеу ме деген сауал туындайды. Бұл сауалға өлкетанушы һәм Есіл өңі­рінің тарихын зерттеуші Баянбай Хұсайынұлы 2010 жы­лы Астанада жарық көрген «Есіл өңірі: тарих және тағылым» атты еңбегінде жауап беруге тырыс­қан. Өлкетанушының жазбасында: «Қазақстан жері Ресейге толық бодан болғанға дейін солтүстік өлкеде төрт үлкен керуен жолы болған. Соның бірі – Қызылжар қаласынан шығып, Ақмола дуаны арқылы Ұлытауды басып өтіп Бұхара, Ташкентке жетіп жы­ғылған. Осы керуен жолын ертеде «Хан жолы» деп атаған. Кей­бір деректерде «Абылай жолы» деп те айтылады. Бұны көне «Жі­бек жолының» бір сүрлеуі деп айтуға да болады. Бірақ тарихи стра­тегиялық маңызы жағы­­нан Қа­зақ хандығы құрылғаннан кейін өр­кендеп, Абылай дәуірі мен Ресей патшалығының тұ­сында ең негізгі стратегиялық күре жолға айналған. Мысалы, Қорғалжын ауданы жеріндегі «Асау балық» көліне бара жатқан жолда «Абылай өткелі» («Абылай алқымы») дейтін жер бар. Бұл атаудың мәні Абылай әрі-бері өтіп жүргендіктен пайда болғаны мәлім. 1993 жылы Алматы қала­сында жарық көрген «Абы­лай хан» атты шағын кітапшада: «Көк­ше өңіріне Абылайдың ақ­ор­дасы қоныс тепкен жылдар­дан бастап «Абылай алаңы», «Хан асуы», «Хан көлі», «Ханның қызыл ағашы», т.б. жер атаулары пайда болды. Солтүстіктегі Қызылжар мен оңтүстіктегі Түр­кістанды жал­­ғастырған «Абы­лайдың қара жолы» дейтін қаты­нас желісі орнады» делінген.

Сонымен қатар өлкетанушы: «Жоғарыдағы жолмен орыстың елшілері, әскери керуен-шеру­лері (экспедиция) жүретін бол­ған­дықтан, халық «Шашты­ның жіңішке жолы» деп атап кеткен. Тегі басына шаш өсірген орыс ағайындар көшпелі елдің кө­зіне ұсқынсыз көрінгендіктен осы­лай атаған болуы мүмкін», деп жа­зыпты. Бұл жерде ағамыз аңғар­май қалған сияқты. Ол заманда қазақтар «Шаштының жолы» деп солтүстіктен Ташкентке баратын күре жолды осылай атаған. Өйткені көне деректерде қазақтар Ташкент қаласын «Шаш шаһары» деп айтатын болған.

Академик-жазушы Сәбит Мұ­­қа­­нов «Есею жылдары» атты шығармасында жас кезін­де Қар­сақ­пайдан әдейі атпен шы­ғып, Шаш­тының жіңішке жолы арқы­лы туған елі Қызылжарға бар­ғаны туралы жазғаны бар.

Келесі кезекте айтпағымыз: жа­ңа­дан шығып жатқан «Қазақстан тарихы» атты көп томды еңбек­­тің 1-томында «Хан жолы» тура­лы жақ­сы мәлімет бар. «Тағы бір «Хан жолы» деп аталады. Бұл жолды қазақтар жаңа заманға дейін пайдаланып келді. Тараздан Таластың бойымен төмен қарай Мойынқұм мен Бетпақдала арқы­лы Атасу жағалауына қарай кете­ді» деп жазылған (Қазақстан тари­хы. 1-том. Алматы «Атамұра» 2010 жыл. 499-бет). Одан кейін этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әле­мі» кітабында біршама дерек айтылады.

«Ал менің пайымдауым бо­йынша, – деп жазады Баянбай Хұ­са­йынұлы, – Түркістан өлкесі­нен шық­қан керуен жолы Ұлытау­­ға ке­ліп түйіскеннен кейін бір­не­ше тармаққа бөлініп, тарайтын бол­ған. Соның бірі Қараөткел арқылы өткен. Қараөткел өңірі «Хан жо­лының» күре тамыры болған».

Осы орайда мына бір дерекке назар аударған жөн сияқты. Орта жүз қазақтарының Қытай елімен қарым-қатынасын зерттеген орыс тыңшысы Ф.Гордеевтің 1761 жылы Троицк бекінісінің коменданты П.Роденге жазған құпия мәлімдемесінде «Абылай сұл­тан Жыланды тауларының маңайын­да Атбасар өзені бойындағы Колу­тан деген жерді жайлап отыр» депті. Колутан ауылы Астана қаласы­нан 160 шақырым жер. Әрине, Абылайдың оңтүстік өңірлерге са­пары жоғарыдағы өткел арқылы іске асып отырғаны анық.