Қоғам • 16 Тамыз, 2023

Елең-алаң экспат

155 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ресми мәліметтерге қарағанда, қазіргі кезде елімізде екі қолына бір күрек таппай, жұмыссыз жүрген 80 мыңдай жас бар. Ал 194 мыңнан астам отандасымыз, яғни халқымыздың 1 пайызына жуығы, негізінен жастар шетелге барып еңбек етіп жүр. Бұл «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген ежелгі нақылдың ескіріп, бүгінгі заман шындығына сай келмей қалғандығын аңғартқандай.

Елең-алаң экспат

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2020 жылғы қазан айында өт­кен төртінші отырысында шет мемлекеттерге жұмыс іздеп барған қазақстандықтар туралы айта келіп: «Мұның пайдалы қырлары да бар. Мысалы, бұл – біліктілікті арттыруға, жаңа іске машықтануға, өз кәсібін бас­тау үшін қажетті қор жинауға, жер көріп, ел тануға жақсы мүмкіндік. Сондықтан мемлекет өз азаматтарының, соның ішінде шетелдерде жұмыс істеп жүрген адамдардың әлеуетін пайдалануға бар күшін салады», деген еді. Мемлекет басшысы осы мәселеге Ұлттық құрылтайдың биылғы маусым айында Түркістанда өткен екінші отырысында тағы да назар аударып, өзінің ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүргенін көлденең тартты.

«Мәселен, кейбір көрші елдер­дің жастары шетелдерге барып, бел­сенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бас­тысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз. Әр мәселені әб­д­ен саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұ­ғылдану керек деген сөз», деді Мемлекет басшысы. Осылайша, Президент «жауырды жаба тоқымай», гастарбайтерлік сияқ­ты ел өміріндегі елеулі құбы­лыс­қа ден қойып, өз пайымы мен ұйғарымын ортаға салды.

Шынтуайтында, қазақстан­дық­тардың гастарбейтерлігінің өзіндік ерекшелігі бар. Себебі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сауалдама көр­­сеткеніндей, қазіргі кезде елі­мізде 134 мың жұмыс орны бос тұрғанымен, 80 мыңға жуық азаматтың жұмыс таппай жүр­гені қайран қалдырарлықтай жағдай емес пе? Оның үстіне, жұмыс қолы жетіспейтін сауда, өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, білім беру, ауыл, орман және балық шаруашылықтары сияқ­ты салалардағы бос жұмыс орын­да­рының 50 пайызына жуығына арнаулы кәсіптік-техникалық біліммен, 25 пайыздан астамына кәсіби білімсіз-ақ орналасуға болады екен. Осы ойсыраған олқылық орнын біздің елге Ор­талық Азия мемлекеттерінен жыл сайын ағылып келіп жатқан заңды және заңсыз еңбек мигранттары толтырып жүр.

Пайымдап қарасақ, елімізге шеттен ағылып келетін гастарбайтерлер – өз елінде жеткілікті күн­көріс көзін таба алмай қинал­ған адамдар. Ал біздің ел­дегі жұмыссыздардың көбі – жа­ла­қысы төмен жұмыстарды істе­гісі келмей, ақшаны «күреп» табуды көксейтін кісілер десек, қателеспеспіз.

Гастарбайтерлердің көпшілігі Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес арнайы рұқсат алмай-ақ көршілес Ресей Федерациясының табысы мол кәсіпорындарында, соның ішінде мұнай-газ саласында еңбек етіп жүр. Олардың саны өткен жылы 34 мыңнан асқан. Ұлттық Банктің мәліметіне сүйенсек, былтыр солтүстіктегі көрші ел­ден Қазақстанға рекордтық кө­лем­де – жалпы сомасы 360 млрд теңгені құрайтын ақша аударымдары жөнелтілген. Сондай-ақ жалақысы жоғары жұмыс іздеген отандастарымыз шалғайдағы Оңтүстік Кореяға заңсыз еңбек мигранттары ретінде жиі барып жүр. Осы елден өткен жылы Қазақстанға жалпы сомасы 39,8 млрд теңге ақша аударымдары келіп түскені – соның айғағы.

Елімізден Оңтүстік Кореяға сапарлатқан заңсыз еңбек миг­рант­тарының көші 2014 жылы басталған. Себебі, сол жылы екі ел үкіметтері арасындағы визалық талаптарды өзара жою туралы келісім жасалған. Соған сәйкес қазақстандықтар Таңғы шық еліне туристік, жеке, іскерлік, мәдени және медициналық мақ­саттармен визасыз барып, онда 30 күнге дейін бола алады. Бірақ көптеген отандасымыз мұны заңсыз жұмысқа орналасу мақсатында пайдаланып жүр. Олар Корея Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткен кезде келу мақсатын турист, жарысқа қатысуға келген спортшы, ата-анасын емдетуге әкелген адам ретінде көрсетіп, қулық жасайды екен. Ал өтіріктері әшке­ре­леніп қалған жүздеген отандасымыз Инчхон халықаралық әуежайынан кері аттандырылған. Бұл – қарапайым адамның қал­тасын қағатын қыруар шығын. Өйткені Астана мен Алматы қалаларынан Сеулге ұшып барып-қайту үшін ғана жан басына 1 мың АҚШ долларындай қаражат қажет. Оңтүстік Кореяға барып, қомақты жалақы тапқысы келетін отандық гастарбайтерлердің заң бұзуының себебі – жұмысқа ор­на­ласуға қажет еңбек визасын ала алмайтындығында. Мұндай виза ұлты корей Қазақстан азаматтарына ғана беріледі.

Осы орайда бір айта кетерлігі, ТМД елдерінің ішінде көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанның ұлты корей емес азаматтары да уақытша еңбек визасын алу арқылы бүгінде Таңғы шық елінде заңды түрде жұмыс істеп жүр. Өйткені бұл елдер Корея Республикасымен екіжақты келісімге қол қойған. Ал біздің елдің Үкіметі осындай келісім жасасу мүмкіндігін бір кезде уыстан шығарып алған. Нақты айтсақ, 2005 жылы корей тарапы шетелдіктерді еңбекке тартудың жаңа бағдарламасы – «Еңбек етуге рұқсат жүйесі» бойынша Қазақстан азаматтарын жұмысқа шақыру жөнінде ұсыныс білдірген. Бұл ретте корей тарапы қойған басты талап – Корея Республикасымен еңбек көші-қоны туралы екіжақты келісім орнатуға мүдделі елдер үкіметтерінің жанында ең­бек мигранттарын шетелге жұ­­мысқа жіберумен айналысатын арнайы ведомство болуы қажеттігі еді. Осы талапты сол кездегі Қазақстан Үкіметі орындамаған. Бірақ 2014 жылдан кейін Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барған қазақстандық заңсыз еңбек мигранттарының саны көбеюіне байланысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі корей тарапына «Еңбек етуге рұқсат жүйесі» бойынша екі жақты ке­лі­сім жасасу жөнінде бірнеше мәрте ұсыныс енгізген. Оған Корея Республикасының Үкіметі қарсылық білдірмегенімен, бұрын қойған талабын қайтадан алға тартып, Қазақстан Үкіметінің шетелдерге еңбек мигранттарын жіберумен айналысатын арнайы мемлекеттік мекемені құруын күтіп отырған көрінеді.

Оңтүстік Корея Үкіметі ке­йін­гі кезде заңсыз еңбек миг­рант­­тарының санын азайту мақ­сатында елге визасыз келу тәртібіне өзгеріс енгізіп, баруға ғана емес, қайтуға да қажет авиа­билеттерді және сақ­тандыру құ­жа­тын өткізу талабын қойып отыр. Нәтижесінде, Қазақстаннан келетін заңсыз еңбек мигрант­та­рының саны 12 мыңнан 7-8 мыңға дейін азайған. Есесіне Ұлыбританияға ат басын бұрған қазақстандық гастарбайтерлер саны көбейген.

«Ұлыбритания қазір біздің жастарға азғантай уақытта мол табыс тауып, өздерінің әлеу­мет­тік мәселелерін шешуге мүм­кіндік беріп отыр. Жалпы, WPR деректері бойынша 2019 жылы қазақстандық гастарбайтерлер елі­мізге жіберген қаржы сол жыл­ғы ішкі жалпы өнімнің 0,3 пайызын құраған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 0,6 пайызға немесе 676,8 миллиард теңгеге жеткен. Олигархтар отыз жыл бойы капиталды сыртқа шыға­рып, еліміздің экономикасын тұра­­латса, гастарбайтерлер, ке­рі­­сінше, Қазақстанға валюта әке­ліп жатыр. Бұл өз кезегінде тең­генің тұрақтануына септігін тигізеді», деп жазды қаржы сарапшысы Айбар Олжаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Үкімет те гастарбайтерлердің елге тигізетін пайдасын түсініп, олардың құқықтарын қорғауға мүдделілік танытып отыр. «Біз Түркия, Біріккен Араб Әмір­лік­тері, Ұлыбритания және басқа да елдермен ондағы Қазақ­стан азаматтарының еңбек құ­қық­тарын қорғайтын жаңа келі­сімдерге бастамашылық ету үшін қо­сымша шаралар қабылдадық. Азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заңды түрде орналасуы үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу мәселесі пысық­талып жатыр», деді Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкіметтің биылғы 8 тамызда болған отырысында.

Сонымен, алдағы уақытта қазақстандық гастарбайтерлер қай қиырда жүрсе де, туған елі­нің қолдауы мен қамқорлығын се­зініп, қанаттанып, түптің тү­бінде бәрі де Әділетті Қазақстан орнату жолына түскен Отанына перзенттік сағынышпен оралады деп үміттенеміз.