Құрылтай • 28 Шілде, 2023

Ұлттық құрылтай – халық ынтымағының ұйысқан алаңы

220 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекетімізде соңғы төрт жылда көптеген өзгерістер мен жаңару мен жаңғырулар орын алып жатыр. Аталған өзгерістердің болуы мемлекетте туындаған мәселелер мен жағдайларды реттеуге, мемлекет халқының жағдайын жақсартуға, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының бағдарын тиімді жолға бағыттауға байланысты болуда. Қазіргі мемлекет пен халық арасындағы қарым-қатынас ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саяси бағытында дамуда. Ал бұл саяси бағыт бойынша қазіргі кезде қандай өзгерістер бар?

Ұлттық құрылтай – халық ынтымағының ұйысқан алаңы

Өзгерістер көп, мен мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы болған Ұлттық құрылтайдағы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзімен негіздегім келеді.

Қазақ тарихында ұлттың, мемлекеттің тағдырына байланысты маңызды құрылтайлар көп болды. Құрылтайда әрдайым халық үшін маңызды, мемлекеттің егемендігі мен болашағына қатысты кезеңдердегі мәселелер қарастырылды. Тарихқа көз салсақ, Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда тәуелсіз мемлекет болды. Ал елімізді бір тудың, бір мақсат бағытында біріктірген Қарақұм мен Ордабасы құрылтайларында жұртымыз бірігіп, солайша елімізді қорғап қалдық. Орынбордағы ең алғашқы қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды, ал екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланған болатын. Бұның барлығы қазіргі кездегі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негізі болған жағдайлар мен өзгерістердің басталуының тізбесі болатын.

Мемлекетіміздің тәуелсіздік алған жылдарынан кейінгі алғашқы құрылтай ол Дүниежүзі қазақтарының басы бірігіп, құрылтай барысында сыртта жүрген қандастарымыздың алтын ұя Атамекенімізге оралуы нәтиже болатын. Осының өзі мемлекетіміздің тәуелсіздік алған жылдары тұғырын биіктетіп, ұлы көштің басталуы мен ұлы жаңару мен халықтың ұлттық санасының жаңғыруына бастау болды.

Тарихтағы құрылтай жиындары халықты біріктірген, ортақ мәселелерді шешу кезінде құрылған. Ал соңғы екі жылда, ата-бабалар дәстүрін ұстанып, оны жаңғыртып құрылтай шақыру дәстүрін жаңғыртқан ол Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев болды. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы тарихқа толы Ұлытауда, екіншісі киелі Түркістанда болды. Менің ойымша, осы екі құрылтай отырысы ол мемлекеттің тікелей өзінің халқының болашағына, бүгініне баса назар аударып, олардың мәселелері мен рухани-мәдениеті мен әлеуетіне, рухына тікелей бағытталынған. Бұл өте қуанатын жағдай, себебі мемлекеттің өзінің халқының рухани дүниесіне назар аударып, оны түсіну мен көмектесу үшін жасаған шаралары мен жұмысының бар екендігін көрсетуде. Ол туралы мен екінші құрылтайдың не себепті «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деп аталатындығына тоқталып, ондағы аталған мақсаттардың отанымыздың азаматтарының өмірлерін, рухани дүниесін өзгертудегі ықпалы туралы сөз еткім келеді.

Ең алдымен Президент Ұлттық құрылтайды халықтың жағдайын жақсартуға, халқымыздың рухани дүниесін байытуға, сол арқылы мемлекеттің дамуына баса назар аударуға бағыттаған. Президент Ұлттық құрылтай отырысы ол сән-салтанат құрып, арқаны кеңге салып отыратын жиын еместігін ең басынан айтты. Яғни, ұлттық құрылтай халық арасында өзекті болған, мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп тұрған жағдай мен мәселелерді шешуге, дүниежүзінде өзінің жақсы қасиеттерімен танылатын ұлтты тәрбиелеу мен әлеуметтендіруге қатысты екендігін айтты.

Құрылтайдың бірінші мақсаты - мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажеттілігі. Қазақстан үшін әрдайым өзекті бірінші саптағы мақсаттардың бірі ол елімізді, атамекенімізді танытатын, ұлттық кодымызды айқыштайтын ұлттық брендті қалыптастыру болып табылады. Біздің еліміз, жеріміз дәстүр мен әдеп-ғұрыпқа, тарихқа, осында тұратын ұлттардың құндылықтарына толы мемлекеттердің бірі. Енді қазіргі уақытта, шын мәнісінде мемлекеттік нақыштағы өнімдер мен туындыларды әлемге таныту қажеттілігі туындауда. Елбасы осы жолда еңбек еткендерді әрдайым қолдайтындығын және аталған салалардың дамуына ықпал ететіндігін де атап өтті. Сондай-ақ осы мақсатты айту барысында Президент мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарға, ордендерге қатысты өзіндік пікірін білдірді. Осы жердегі басты назарды, елбасы аталған мемлекеттік сыйлықтар мен құрметтерді алуға тек қана өзінің ісіне, кәсібіне, отанына адал азаматтарға берілу керектігін атады. Бұл дегеніміз, шын еңбек еткен адамдардың еңбектерінің ақталатындығын, осылай Әділетті Қазақстанның қалыптасатындығын көрсетіп отыр.

Екінші мәселе ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға қатысты. Бұл мәселеде мемлекет басшысының назарында Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихының жазылуы тұрған. Шын мәнісінде, қазіргі кезде Қазақстан тарихы кітаптары еліміздің тарихи жолы туралы толықтай ақпараттар бере алмай отыр. Ұлы даланың көптеген тарихи тұлғаларының өмірлері сандықтың түбінде немесе мүлдем шорт жазылған. Бұл мәселе, біздің ұрпағымыздың өзінің тарихи болмысын, рухын және ұлттық сана-сезімін, ата-тегін ұмытуға алып келеді. Осы жерде ұсынарым, қандай да бір тарихи оқиғаға қатысты ақиқат ақпараттары бар қазақстандықтар осы ұлттық сана-сезімді жаңғырту жолында өзіндік үлестерін қосуларын сұрайтын едім.

Құрметті оқырман, мен Тәуелсіз Қазақстанның азаматшасымын, және қазіргі кезде мені халқым мен замандастарым арасында болып жатқан көптеген мәселелер уайымға салады. Қазіргі кезде жігері сынған, ынтасы таусылған, ойы бұлынғыр, екі қолын қалтаға салған жастар көбеюде. Президенттің баяндамасында жас ұрпақты әлеуметтік желінің тәрбиелейтіндігі, мектептегі тәрбиенің ақсап тұрғандығы, үлкендер тарапынан тәрбиенің толық санаға құйылмауы, ұрпақты еңбекқорлыққа тәрбиелеуі тиіс тұлғалардың келеңсіз әрекеттерінің барлығы біздің ұлтымыздың жастарының санасына, вейп пен нашақорлық олардың денсаулықтарына әсер етілетіндігі де айтылған. Айналаңызға қарасаңыз, шынымен бұлардың барлығын көрудеміз және мемлекет басшысының аталған мәселелерді шешуге қатысты айтқан сөздерінің алтындай құны бар екендігі көрінуде. Аталған мәселелерді шешетін тек қана Президент, мемлекет (халық арасында «үкімет» деп айтылады емес пе?) қана емес. Бұл жолда әркім өзінің әрекетіне, ісіне, сөйлеген сөзі мен ұрпақтың тәрбиесіне қалай әсер етіп жатқандығына жауапты болуы керек. Біз отансүйгіш азаматтармыз, біз отанымыздың табысты ел болуына жанымыздағы адамға немесе қоғамға, өскелең ұрпағымызға өзіміздің рухани дүниеміздің байлығын, адамгершілігімізді, жақсы іс пен адал еңбегіміз арқылы үлгі немесе мысал көрсетуіміз керек деп ойлаймын.

Сондай-ақ Түркістанда өткен құрылтайда мемлекет басшысы Қазақстанда кітап басып шығару, ұлттық кино, киноиндустриясына, қазақ әдебиеті мен ақпараттар таратуға қатысты бірнеше пікірін білдірді. Аталғанның барлығы масс-медиа, бұл - еліміздің, ұлттың санасының рухани кемел жаңғыруына ықпал ететін салалар болып келеді. Сонымен қатар, мемлекет басшысы қоғамның тынысын, пікірін әрдайым назарда ұстайтын «ақыл-ой орталықтарының» болуын және олардың жұмысының әділ, жүйелі түрде болуына назар аудартты. Шынымен-ақ, осы аталған шаралар жүзеге асқан кезде «халық үніне құлақ асқан мемлекет» орнайтындығы анық.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда негізге алатын мәселелерінің ішінде қазақ тілі мен мемлекетіміздегі барлық аймақтарды дамыту мен халықтың жағдайын жақсарту жұмыстарын атқаруға бағытталған. Сондай-ақ, Президент өзінің сөзінде «Шет елдіктерге қазақтың бір қарыс жерін же, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз» деген сөзі көптің арасында дау мен пікір тудырған мәселелерді түбімен қопарғандай. Ал шалғай аймақтар мен ауылды көркейту, ол елбасының назарында тұрған мәселелер. Қазіргі кезде ауылды аймақтар мен қалаға жақын орналасқан ауылдарда да көптеген мәселелер бар. Аталған аймақтарда су тапшылығы, жұмыссыздық, білім мен медициналық қызметтерді алу кезінде туындайтын мәселелер де алдағы уақытта шешілуі керек мәселелер ретінде мемлекеттің даму жоспары мен елбасының назарында тұр. Сондай-ақ, осы мәселелерді шешуге, ауылды көркейтуге үлес қосып отырған барлық қазақстандықтарға алғысым шексіз.

Қорытындылай келе, Ұлттық құрылтай ол халықтың мемлекеттегі мәселелерін шешуге, болашағын жоспарлау кезінде ұйысқан, біріккен шешім қабылдайтын жиын. Ұлттық құрылтай ол халықтың рухының, рухани құндылықтарының, жігерінің, мемлекеттің мызғымастығы мен беріктігін қалыптастыру үшін жасалатын шара. Байқасаңыз, Қазақстан осыдан 2-3 жыл немесе 5 жыл бұрынғы қалпынан өзгерген. Бұл үлкен серпілістің жасалғандығын, сол жолда мемлекет басышысының, мемлекеттік саяси бағыт-бағдардың, халықтың мызғымастығы мен ынтымақтастығы, адал еңбегінен қол жеткізілген жетістік деп білуге болады.

 

Айнұр БАҚЫТЖАНОВА,

ҚазҰҚПУ Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер институтының жобалар менеджері