Ең қысқа әңгіме • 27 Шілде, 2023

Кенеп бетіндегі Төр Алтай

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы демі үзілгенше қарт Алтайын қара сөзбен жырлап өткен Оралхан Бөкейдің туғанына биыл ­­80 жыл. Осынау мерейлі датаға орай жазушының туған жерінде республикалық пленэр өтті. Қазақстан­ның қылқалам шеберлері Алтай аясында тізе қосып, этюд жазды. Тойға шашу деп, өздерімен бір-бір картина да ала келген.

Кенеп бетіндегі Төр Алтай

Алғашқы күні олар Шыңғыстайға барып, ауыл көріністерін бейнеледі. Бұқтырма жағасына жайғасқан шеберлер керілген кенепке беріле отырып этюд жазғанда, кештің қалай батқанын байқамаған. Майлы бояумен жазылған әр сурет өзінше ерекше. Палитра бетінде ойнақтаған түрлі бояуды кенепке түсірген сайын ауылдың тыныс-тіршілігі көз алдымызға келе берді. Этюдтердегі жадау үйлерге қарап, жаның жабырқаса, жаңа құрылыстарға іштей қуанасың.

«Оралханның ауылында этюд жазу бақыты бұ­йыр­ды бізге. Алайда Оралханның бағасына әлі де жете алмай жатқан секілдіміз. Әсіресе ауылдастары оның атын асқақтатуға тиіс», дейді белгілі суретші Әділғали Баяндин.

Пленэрдің екінші күнінде қобдишаларын арқалаған өнер иелері Берелді, сақтар мен түркілердің мекенін бетке алды. Тарихи тамыры терең, табиғаты көркем жерге тамсанған кейбір суретшілер шабыттанып, екі-үш этюдтен жазып үлгерді. Жалпы, үш күн болған пленэрде Құдаш Нұрсадықов, Әділғали Баяндин, Гүлнар Миғражқызы, Бақытнұр Бүрдесбеков, Рада Бейсенова, Абай Чунчалинов сынды белгілі суретшілермен қатар, Қуаныш Әділбек, Еркебұлан Жәкішев, Мәди Қайырхан, Мәдихан Қалмаханов, Әділет Низябеков, Есбол Нұрсадықовтай жас суретшілер ұзын саны отыз шақты этюд жазып тастады. Әр суретші бір-бір этюдтері мен Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай жазған картиналарын аудан қорына табыстады. Өздерімен ала келген картиналарын да бірегей туынды деуге болады. Жазушы шығармаларының желісі бо­йынша салынған картиналарға терең үңіліп, ой түюге болады. Мәселен, «Атау кере» повесіне жазылған Абай Чунчалиновтың полотносында кейіпкерлердің психологиясы анық берілген.

Шығармашылық іс-шарадан соң табиғат аясында «Өр Алтай бояулары» атты көрме ұйымдастырылып, қыл­қалам шеберлеріне алғысхат пен ақшалай сый­лық­тар табысталды. Айта кетерлігі, пленэр катон­қара­­ғайлық жас суретші Қуаныш Әділбектің ұсыны­сы­мен, аудан әкімдігінің қолдауымен өтті. Өнерге демеу­шілік жасаған жергілікті кәсіпкер, меценат Серік Толықбаевқа, аудан басшылығына қылқалам шебер­лері ризашылықтарын білдіріп, табиғатта жазылған этюдтерін естелік ретінде сыйға тартты. Іс-шара соңын­да кәсіпкер азамат С.Толықбаев салмағы бар танымдық іс-шараларға әрқашан қолдау көрсететінін жеткізді.