Аймақтар • 05 Шілде, 2023

Маңғыстауда ауыл әкіміне 345 мың теңге айыппұл салынды

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шебір ауылдық округінің әкімдігі азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақытын негізсіз шектеген болып шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының Маңғыстау облысы бойынша бірінші орынбасары Біржан Хайруллиннің мәлімдеуінше, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Маңғыстау ауданының прокуратурасы бірлесіп Шебір ауылдық округі әкімдігінің іс-әрекетіне шағымданған азық-түлік дүкені иесінің өтінішін қарады.

Маңғыстауда ауыл әкіміне 345 мың теңге айыппұл салынды

«Шебір ауылдық округінің әкімдігі азық-түлік дүкенінің жұмыс уақытын күзгі-қысқы кезеңде сағат 23:00-ге дейін, көктемгі-жазғы кезеңде сағат 23:30-ға дейін негізсіз шектегені анықталды. Осылайша, Шебір ауылының әкімдігі кәсіпкерлік субъектісіне кедергі келтірген. Тиісті органдардың араласуынан кейін әкімдік бұрын жарияланған нұсқамалық хаттың күшін жойды. Нәтижесінде ауылда осындай проблемаға тап болған тоғыз дүкен иесіне көмек көрсетілді», деді ол.

Сондай-ақ департамент кәсіпкерлер үшін шектеулер жасағаны үшін әкімдіктің бас маманына «ескерту» түрінде тәртіптік жаза жарияланғанын атап өтті. Ал ауыл әкімі лауазымды тұлға бола тұра кәсіпкерлікке заңсыз араласқаны үшін 345 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.

«Бизнесті қорғау сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі бағыттарының бірі болып табылатынын атап өткен жөн. Егер сіз бақылаушы органдардан рұқсат алу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау, атап айтқанда несие, грант, субсидия алу кезінде нақты проблемалар мен әкімшілік кедергілерге тап болсаңыз, бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлауға болады», дейді Біржан Хайруллин.

Ақторғын Өтесбай