
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жалпы алғанда, жасөспірімдер арасындағы қылмыс 2021 жылмен салыстырғанда, өткен жылы 45 дерекке артқан екен. Бір айта кетерлігі қылмыстық жауапкершілікке қатысы бар 131 жеткіншектің 46-сы еш жерде оқымайтын болып шыққан. Қалғандары – жоғары оқу орындары, колледждер мен мектеп оқушылары. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс бойынша жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 11 жауапты тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал 128 деректің 77-сі ұрлықпен байланысты болып отыр. Буыны қатпаған жастардың үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамының қылмыспен байланысты болуы әрине кімді де болсын толғандырады. Жыл өткен сайын елімізде қылмыстың түрлі санаты бойынша жаға ұстатарлық цифрлардан көз сүрінеді. Ал жол-көлік оқиғалары салдарынан бақиға аттанған жеткіншектердің қарасы жыл өткен сайын арта түскені де көңілге қаяу түсіретіні даусыз.
Ішкі істер органдарында кадр тапшылығы өткір мәселеге айналғаны он жылдан астам уақыт бұрын айтылып жүрген. Саладағы проблема әлі күнге дейін оң шешімін таппай отыр. Рас, тәртіп сақшылары қылмыспен күресте аянып жатқан жоқ. Алайда кадр тапшылығы жұмыстың алға басуына кері әсер ететіні даусыз.
Біраз уақыт бұрын облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов өңірде 544 патрульдік полиция қызметкерінің тапшылығы бар екенін айтқан болатын. Саладағы кадр тапшылығы мұнымен шектелмейді.
Департамент басшысының бірінші орынбасары ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасының жарақтандырылуына қатысты мәселені де жайып салған. Департамент өкілі келтірген деректерге зер салсақ, өңірдегі учаскелік полиция пункттерінің 163-і жылумен қамтамасыз етілген. Алайда 18-інде жылу жүйесі мүлде жоқ. Осы бір өткір мәселе жуық арада шешімін таба ма, кім білсін? «Облыстық полиция департаментінде учаскелік полиция инспекторларының штаттық саны – 439, олардың көмекшілері – 85. Бүгінде 39 учаскелік инспектордың өз аумағында тұруына мүмкіндігі болмай отыр. Себебі тұрғылықты баспаналары жоқ», деген департамент басшысының бірінші орынбасары өте өзекті мәселені қозғаған еді.
«Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы №222 бұйрығына сәйкес, Жамбыл облысындағы халық саны 1 млн 219 мың 437 адам екенін ескерсек, облыс бойынша қосымша 154 учаскелік полиция инспекторы және 288 көмекші қажет. Сонымен қатар осы бұйрыққа сәйкес, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша патрульдік полиция қызметкерлерінің штат саны жетіспей отыр. Тиімді жұмыс істеу үшін қосымша тағы 544 патрульдік полиция қызметкері қажет», дейді Қ.Мәжікенов.
Деректерге сенсек, облыстық полиция департаментінің аттестатталған құрамы 2 814 бірлікті құраса, бүгінде оның он пайыздан астамы бос тұр. Ал шалғайдағы Мойынқұм ауданында бірнеше жыл бойы иесін таппаған жұмыс орындары бар. Облыстағы аумағы ең үлкен ауданға барған кадрлар жағдайдың жасалмайтынын алға тартып, кейбірі ауа райының қаталдығына шыдас бермей кетіп қалатын көрінеді.
Өңірде ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан кадр мәселесінің түйіні қашан тарқайды? Зер салып қарасақ, өңірде жұмыссыз жүрген жастар жетіп артылады. Тіпті полиция қызметкері атану мақсатымен әскерге аттанып, Отан алдындағы борышын өтеп келген жастар да жеткілікті. Алайда саладағы олқылық әлі күнге дейін жойылар емес. Сонда соқталдай жастарымыз жігерсіз бе? Әлде, олардың жауапты органда жұмыс істеуге қабілеті жетпей ме? Білетіндердің айтуынша, қызметке тұрғысы келетін жастар әңгімелесу барысында заң талаптарын білмей сүрініп жатады екен. Әрине, полиция болу, мойынға жүктелген жауапкершілік жүгін арқалап жүру оңай емес.
Өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, салаға биыл 5 миллиард теңге қаржы артық бөлініпті. Әрине, ішкі істер органдарына жағдай жасалып жатқаны да қуантады. Өйткені қоғам тыныштығының күзетшісіне айналған сала қызметкерлеріне ең алдымен әлеуметтік қолдау қажет.
Полиция қызметкерлерінің тапшылығы мәселесі біраз уақыттан бері көтеріліп жүр. Алайда ілгерілеушілік байқалмайды. Әрине, үнемделген қаражат еңбегіне адал қызметкерлерге сыйақы ретінде үлестірілгені жақсы. Әйткенмен, полиция құрамы толық жасақталғанда ғана қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендейтіні талас тудырмайды.
Жамбыл облысы