Сұхбат • 16 Маусым, 2023

Олжас СӘКЕНОВ: «Болашақ» – елдің бренді

385 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің экономикасы дамып, бір арнаға түспесе де, сол тұста білім мен ғылымға көңіл бөлініп, еліміз жастарының дамыған елдерде білім алып, отанымызды дамытуға өз үлестерін қосуға жігерлендірілді. Әне сол тұста отандық таңдаулы білім жобасы «Болашақ» бағдарламасы жарияланды. Содан бері отыз жыл өтіп, 12 мыңнан астам жас мамандар әлемнің үздік университеттерінде білім алып, ел экономикасы мен қоғамының дамуына тың серпін берді. «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов бізге берген сұхбатында орталықтың кешегісі мен бүгіні, алдағы жоспары және еліміз жастарының білім деңгейі туралы айтып берді. 

Олжас СӘКЕНОВ: «Болашақ» – елдің бренді

«Болашақ» бағдарламасына биыл отыз жыл толып отыр. Бұл межені орталық қандай жетістіктермен қарсы алып жатыр? Бағдарламаның жалпы жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз.

 – Өздеріңіз білетіндей, «Болашақ» стипендиясы 1993 жылы жарияланып, содан бері арада отыз жыл өтті. Өз міндеттерін орындаған бұл бағдарлама қазір Қазақстанның білім брендіне айналып үлгерді. Тіпті аталған бағдарламаны қазір әлемдік үздік оқу орындары жақсы біледі. Әр кезең сайын бағдарламаға ішінара толықтырулар, өзгерістер еңгізіліп, үнемі жетіліп келеді. Іріктеу, үміткерлермен, «Болашақ» түлектерімен жұмыс істеу қайта қаралып жатыр. Қазір үміткерлерді іріктеу барысы алты негізгі талаптан үшке қысқарды. Оның үстіне құжат қабылдау және конкурстық іріктеу толығымен автоматтандырылды деуге негіз бар. Сонымен қатар, үміткерден оқуға ұсынылатын шетелдік жоғары оқу орындарының шақыруы болуы талап етіледі. Үміткерлер барып оқитын шетелдік университеттерге деген талап та күшейді. Қандай бір үдеріс болсын, ол үнемі даму жолына түсуі керек, мысалы, біз бұрын тілдік курстар ұйымдастырып келсек, кейін бұл қысқарды, әу баста шетелдік жоғары оқу орындарының саны 450-ден астам болса, кейін келе бұл 250-ге дейін азайды. Келесі бір айта кететін жайт, мамандықтар тізімі еңбек нарығын ескере отыра жасалып жатыр. Біз жыл сайын мемлекет үшін қандай мамандар тапшы екенін біліп, талдау жасаймыз. Кейін оларды қажет мамандықтар тізіміне қосамыз және дәл сол мамандарды даярлау мүмкіндігін қарастырамыз. Былайша айтқанда, «Болашақ» бағдарламасы уақыт талабына сай дамып келеді. Сол себепті біз егемен Қазақстанның білім саласындағы ең сәтті жобаларының бірі деуге болады. Әлемдік білім сарапшыларының сөзіне сенсек, білімге және адами капиталға салған қаржы бірнеше есе болып қайтатыны дәлелденген. Бұл бағдарламаға шетелдік білім сарапшылары да жоғары баға беріп келеді, мысалы,  «Болашақ» стипендиясы Майами қаласында өткен Going Global VIII халықаралық конференциясында Британ кеңесі мен Германияның академиялық алмасу қызметі зерттеулеріне сәйкес әлемдегі оған ұқсас 11 бағдарлама арасында үздік стипендиялық бағдарлама болып танылды. «Болашақ» стипендиясының қалың жұртшылыққа қолжетімділігі, кадрларды нысаналы даярлау және кейінгі сүйемелдеу – түлектермен жұмыс ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, «Болашақ» халықаралық стипендиясының тәжірибесі ресейлік «Жаһандық білім беру» бағдарламасының негізін қалауға септігін тигізді.  Отыз жылдық белесті басып өткен аталған жоба алда уақыттарда да өз міндетін толық орындап, елімізге қажетті білікті де тәжірибелі мамандар даярлауға тамаша орта жаратады.       

про

Қазір бағдарлама қандай бағыттарға басымдық беріп отыр? Президенттің техникалық мамандықтарға көңіл бөлуді тапсырғанын білеміз. Содан бері орталық жұмысында қандай өзгерістер болды?

- Осы бағдарлама жүзеге асырылған отыз жылдан бері жалпы 12 мыңға жуық маман шетелдік жоғары оқу орындарынан білім алып, біліктіліктерін шыңдады. Олар өз салалары бойынша шетелде алған білімдері мен тәжірибелерін елімізде әр саланың дамуына үлес қосады. Қазіргі біздің қоғам қажет етіп отырған басымдық мамандықтар негізінен инженерлік-техникалық, медициналық және білім беру мен әлеуметтік салаға қатысты. Бұл біздің демографиямыздың өсіп жатқанын және халқымыздың әлеуметтік мәселелерге жиі назар аударатынының айқын көрсеткіші. Сол үшін оларға арнайы жағдайлар жасалған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау процесі іске қосылды. Басымдық инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға беріледі. Техникалық және IT мамандықтарға гранттар саны 36%-дан 60%-ға ұлғайтылды.

Сонымен қатар, үміткерлерді қолдау үшін «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жаңа жеңілдік санаты енгізілді. Оған қоса Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен медициналық қызметкерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Аталған өзгертулердің арқасында қазақстандық дәрігерлер және техникалық қызметкерлер мерзімі 12 айға дейінгі тегін тілдік дайындықтан өте алады. Бұған дейін іріктеуге жеңілдетілген шарттармен тек ауылдық жерлерден үміткерлер ғана қатыса алатын. Бұл инженерлік, техникалық, IT және медициналық мамандардың конкурсқа қатысуға ынтасы мен жігерін арттыруға ықпал етеді.

-Бүгінде елімізде шетелдік беделді университтердің филиалдары ашылып жатыр. Мұндай жағдайда ендігі жерде «Болашақпен» шетелде оқудың маңызы бар ма?

Әрине, Ғылым және жоғары білім министрлігі соңғы жылдары шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашып жатыр. Осы бағытта жасалып жатқан ауқымды жобаның бірі деуге болады. Өз тарапымыздан бізде жан-жақты атсалысып жатырмыз. Көптеген шетелдік студенттер елімізге келіп оқығысы келеді, сол үшін біз қос диплом жобасын бастадық. Сонымен қатар, біз тек жастарды шетелдерге жіберіп қана қоймай, өзге елдердегі дарынды жастарды елімізге оқуға, пікір алмасуға шақырамыз. Жалпы 2020 жылдан бастап стипендия тағайындау конкурсына шетелдік жетекші жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады. Бағдарлама аясында оқуға ұсынылған жоғары оқу орындарының тізіміне үш халықаралық рейтингтерде (QS, Times Higher Education (THE), Academic Rankings of World Universities (ARWU) көш бастап келетін 250 жоғары оқу орындары тізіміндегі және басым мамандықтардың дайындығы бойынша үздік университеттер еніп отыр. Қазіргі таңда тізімде 27 елдің 236 жоғары оқу орны көзделген. Әлемдегі ең беделді университеттерде оқуға ниет білдіргендердің қарқыны жоғары деп бағалауға болады. Мысалға, қазір Ұлыбританиядағы стипендиаттарымыздың 70%-ы Оксфорд университеті сынды ең беделді жоғары оқу орындарынан тұратын Russel group ЖОО-ларында білім алып жатыр. 50 қазақстандық АҚШ-тағы Гарвард, Принстон, Йель секілді әлемдегі үздік оқу орындарының Шырмауық лигасы университеттерінде білімін шыңдап жатыр. Қазір олардың саны өсіп жатыр. Біз осылай саннан сапаға өтуімізге жақсы мүмкіндіктер өте көп.

Қазір қоғамда «Болашақпен» бітіріп келгендер, енді оқып жатқандар «мемлекеттік тілді мүлдем білмейді» деген пікір жиі айтылады. Бұл туралы не дейсіз? Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптың бірі – «Қазтесттен» өту. Мемлекеттік тілді білмейтіндер бұл сынақтан қалай өтіп жүр сонда?

–  «Болашақ» бағдарламасының талаптарына сәйкес стипендияға үміткерлер қазақ тілін міндетті түрде білуі тиіс. Конкурсқа қатысу үшін кандидаттардың барлығы нәтижесі кемінде В1 мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Қабылдау комиссиясы қолында ҚАЗТЕСТ сертификаты жоқ үміткерлердің өтінімдерін қарастырмайды. Бұрын үміткерлерге мемлекеттік тілді білу туралы талап болмаған, ал қазір мүлде басқаша. Біз бұл мәселеге зер салып қарап жатырмыз және кейбір қосымша мүмкіндіктер мен бағалау үрдістерін енгізуді ойлану үстіндеміз.   

  Елімізде жоқ сирек мамандықтарды шетелден оқып келген жастар баршылық. Олар алған білімін қалай, қайда пайдаланып жүр?

– Біздің орталығымызда түлектерімізбен жұмыс жасайтын арнайы басқармамыз бар, ол басқарманың мақсаты – бітірген түлек елге оралып, есебін беріп, біз оларға мүмкіндігінше көмектесеміз. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдік жоғары оқу орындарында оқуға арналған басым мамандықтар тізбесі академиялық оқуға арналған 100 мамандықты және тағылымдамадан өтуге арналған 162 мамандықты көздейді. Мамандықтар тізімі еңбек нарығын ескере отырып жасалады. Мәселен, сұранысқа ие мамандықтарды анықтау үшін Халықаралық бағдарламалар орталығы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларға деген қажеттілігі бойынша 70-ке жуық өтінімін талдап шықты.  Кадр нарығының орта мерзімді болжамы ескерілді. Мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындар, ғылыми орталықтар, индустрия және бизнес өкілдерінің қатысуымен сараптамалық кездесулер өткізілді. 

 Былтыр еңбек нарығын талдаудың арқасында басым мамандықтар тізіміне инновациялар, жаңа технологиялар, медицина және индустриялық инженерия, жаратылыстану ғылымдары саласындағы 40 жаңа мамандық енді. Осы ретте оның 17-сі атауын кеңейту арқылы бұрыннан бар мамандықтар қатарына енгізілген. Қазіргі таңда 2 770 түлек еңбекпен өтеу мониторингінде. Оның ішінде 2731-і (98,6%) мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан және өз міндеттемелерін орындап жатыр. Мониторингтегі 2770 түлектің 39-ы (1,4%) жұмысқа орналасып жатыр. Қазір «Болашақ» түлекттеріне сұраныс өте көп. Мысалы, мен жақында Ұлытау облысында іссапарда болғанымда, ол жақтағы әкімшілік және басқа да сала өкілдері біздің түлектерге қызығушылық танытып отыр. Халықаралық бағдарламалар орталығы мен Болашақ стипендия түлектерінің Қауымдастығымен бірге түлектерге жұмысқа орналасуға үнемі көмектесіп отырады. Орталықта «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің елде міндеттемелерін еңбекпен өтеуін бақылайтын арнайы түлектермен жұмыс басқармасы бар. Халықаралық бағдарламалар орталығы еліміздің 300 жетекші жұмыс берушісімен ынтымақтаса отырып, түлектер үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін ұйымдастырады.

-Қанша «Болашақ» түлектері шетелде қалып, елге оралмай қалды?                                                                   

-Бұл жағдай бұрын болған. Бағдарлама жыл сайын дамып, кемшін тұстары түзетіліп келеді. Ол кезде түлектер оқуға түсу үшін үй-мүліктерін кепілге қоймайтын. Қазір басқаша. Осы бағытта жұмыстар жасап жатырмыз.                         

-Үміткерлерді іріктейтін сарапшылар қалай таңдалады? Мысалы, БАҚ саласы бойынша құжат тапсырғандарды басқа мамандықтың өкілдері қаншалықты дұрыс бағалай алады?

-Тәуелсіз сараптамалық комиссия құрамына еліміздің мемлекеттік органдары мен ұйымдары өкілдері арасынан 300-ден астам түрлі саладағы бейінді сарапшылар кіреді. Комиссия құрамына ену үшін мынадай талап қойылады: жалпы жұмыс өтілі - 10 жыл немесе мамандығы бойынша - 5 жыл; шетелдік білімінің болуы немесе халықаралық жобаларға қатысу; ғылыми атағы немесе дәрежесі, ғылыми жарияланымдары немесе өнертабыс авторлығын куәландыратын патентінің болуы. Үміткер Комиссия құрамына кіру үшін жоғарыда көрсетілген үш талаптың екеуіне сәйкес келуі қажет. Комиссия мүшелері келесіні анықтау үшін үміткерлермен жеке әңгімелесу өткізеді: үміткердің кәсіби даярлық деңгейін (тәжірибелік дағдыларын); таңдаған оқу мамандығы бойынша базалық білім деңгейін (теориялық дағдыларын); мамандықты таңдауды түсіну деңгейін, дәлелділікті; жағдайлық тапсырмаларды шешу дағдыларын анықтап, сол бойынша бағалай алады.                                                                                                                                                                                                                                                                        - Әңгімеңізге рақмет!

    - Сізге де рақмет!                                                                                                      

Әңгімелескен

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024