Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Кездесуге Ұлытау өңірлік кәсіпкерлер палатасының бастамасы мұрындық болды. Кездесудің алдында Ұлытау облыстық кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің бірінші ұйымдастыру отырысы өтіп, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев Кеңес төрағасы болып сайланған еді. Аймақтағы алпауыт компания басшылығының шағын және орта бизнесті қолдауға бетбұрыс жасауы жақсы нышан екені даусыз.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырып жүрген мәселелер жөнінде еркін әңгіме қозғады. Аймақ басшысы әрбір сұраққа нақты жауап қайтарып, ұсыныс-пікірлердің бәрі де ескерілетінін жеткізді.
– Облыстың кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға мүдделіміз және бизнес-қоғамдастықтың проблемалық мәселелерін талқылауға және шешімін табуға әрқашан дайынбыз, деді облыс басшысы.
Кездесу соңында облыс әкімдігі, облыстық Кәсіпкерлер Палатасы және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арасында Ұлытау облысын қолдау және дамыту Стратегиясы бойынша үшжақты Меморандум жасалды.
Мұндай кездесулер әрбір алты айда бір мәрте өткізілетін болды. Облыс әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша әр тоқсан сайын жағдайды саралап, тиянақтап отырады.
Ұлытау облысы