
Өздерін «Antares» атты халықаралық фирма филиалының өкілдеріміз деп таныстырған алаяқтар бар жиған-тергенін өздеріне сеніп тапсырған тұрғындарға ақшаңызды күніне екі пайыздық өсімпұлмен қайтарып береміз деп уәде етіп, соңында тақырға отырғызып кеткен. Пирамидаға қатысушылардың ішінде 100 мың доллардан 300 мың долларға дейін салым салғандар бар. Айыптаушы тараптың мәліметінше, Қостанай қаласының тұрғындары Ольга Тропанец, Гүлшат Жетпісбаева және Шыңғыс Кемелбаев ашқан жалған фирмаға еліміздің бірнеше өңірінде тұратын 97 азамат ақша аударған. Алаяқтардың есепшотына түскен қаржының көлемі 49 млн теңгеден асып жығылады.
Жәбірленушілердің ішінде алаяқтардың кесірінен пәтерін жоғалтқандар, талай жыл бойы тірнектеп жиған қомақты қаржысынан айырылған зейнеткерлер бар. Тіпті банктен несиеге ақша ала салып, онысын табан астында «Антареске» санап бергендер де кездеседі. Мәселен, пәтерін сатқан жәбірленушінің бірі 6 млн теңге көлеміндегі ақшасын түйіншекке ораулы күйінде Гүлшат Жетпісбаева мен Шыңғыс Кемелбаевтың қолына ұстатқан. Мұның сыртында, бұл аңғал әйелдің қызы алаяқтардың есепшотына 2 млн теңге тағы аударыпты. Сондай-ақ, О.Алексанова есімді азамат қаржы пирамидасына 3 мың 150 доллар салғанын айтады. Жалғыз өзі жеті бала тәрбиелеп өсірген зейнеткер А.Мұқанова да үйінің шатырын бүтіндеу үшін несиеге алған 500 мың теңгесінен айырылыпты.
– Мен ол ақшаны терминал арқылы Г.Жетпісбаева айтқан адамның есепшотына аудардым. Енді шатыр да жоқ, ақша да жоқ, бостан-босқа несие төлеп отырмын. Мұндай боларын кім білген? – деп күрсінеді шарасыз зейнеткер.
Алаяқтарға 440 мың теңгесін ұстатқан И.Алексанов пен 6 млн теңгесін берген С.Бедертдинова да ақшаларын қайтара алмаған. Танымайтын, білмейтін адамға ешкім қомақты ақшасын ұстата салмайтыны белгілі. Алайда жәбірленушілердің айтуынша, қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар өздері бұрыннан жақсы білетін, отбасында болатын әр түрлі қуаныш-тойларда жиі дәмдес болып жүрген таныс адамдар. Алаяқтар өз құрбанының әбден іші-бауырына кіріп алған соң, табысы жоғары сенімді депозит аштық деп алдап, ақыры тақырға отырғызып кетіп отырған.
– Мәдина алдыңғы жылы үй сатып жатқанымды естіп, жаңа депозит ашылды, оған мен жауаптымын. Ешқандай пирамида емес, салған ақшаңызды екі айдан кейін 50 пайыздық өсіммен қайтып шешіп аласыз деп күн сайын мазалай бастады. Қыр соңымнан қалмай қойған соң, «Лицензиясы бар ма?» деп сұрадым. «Бүкіл қағаздары заңды түрде тіркелген. Қазір ақшаның бәрін мен жинаймын. Өзім араласатын қалталы азаматтардың әйелдері қазір бізге депозит салып, үлкен пайда тауып жатыр. Алена деген келінім де 50 мың доллар салып, 100 мың доллар алды. Таныстарымның көбі екінші рет салым салып жатыр» деді. Ақыры 4 млн теңге ақшамды Мәдина айтқан адамның есепшотына аудардым. Былтыр ойда-жоқта 6 шілденің кешінде Мәдина хабарласып, депозиттің жабылып қалғанын айтты. Мен ақшамды қайтарып беруді талап етіп едім, «қазір демалыстамын, орнымдағы Гүлшат Жетпісбаеваға хабарлас» деді. Ал Гүлшат «3-4 млн теңгеге бола бет жыртыспайық, ешқайда шағымданбай-ақ қойыңыз» деп реніш білдірді. Бос әңгімеден ештеме шықпайтынына көзім жеткен соң, құқық қорғау орындарына қоңырау шалуға тура келді, – дейді қомақты қаражатынан айырылған жәбірленушінің бірі.
Гүлшат Жетпісбаева мен Шыңғыс Кемелбаев тергеу барысына көмектескендері үшін куәгерлер санатына ауыстырылыпты. Ал Ольга Тропанецтің кінәсін мемлекеттік айыптаушылар толық дәлелдеп шыққан. Соңғы сот отырысында ақырғы сөзін айтқан күдікті: «Тергеу барысында жауап алынған әрбір адамның аталмыш қаржы пирамидасына қаншалықты қатысы бар болса, менің де оған қатысым соншалықты ғана. Егер мен «Антарес» компаниясын құруға қатысып, салымшылардың ақшасын жымқырған адам болсам, қазір Алекс Рихтермен бірге сайрандап шетелде жүрер едім. Қостанайда «Антарестің» кеңсесі ашылғаны рас. Бірақ оны ашқан – мен емес, Гүлшат Жетпісбаева. Ол өз басын жазадан арашалап алу үшін сотқа жалған айғақ беріп отыр» деді.
О.Тропанецтің Алекс Рихтер деп отырғаны 10 жылдан бері Доминиканда тұрып жатқан Александр Жировкин деген алаяқ болып шықты. Соттан өзін жәбірленуші ретінде тануды сұраған Ольга Тропанец тергеу бұдан әрі жалғасатын болса, қаржы пирамидасын шын ұйымдастырушылардың кім екенін анықтап, істің анық-қанығына жетуге барынша көмектесетінін айтты. Таңертең басталған сот отырысы ұзаққа созылып кеткені соншалық, сот төрағасы үкімді кешке бір-ақ оқыды.
– Сіздің аталған қылмысқа қатысым жоқ деген уәжіңізді растайтын нақты дәлелдер жоқ. Алайда өзіңізге тағайындалған жазаны жеңілдететін жағдайлар, яғни кәмелет жасқа толмаған үш балаңыз бен аяғыңыздың ауыр екені ескерілетін болады, – деді сот төрағасы Мерей Аманжолов.
Қылмыстық кодекс бойынша қаржылық пирамидаға жетекшілік еткендер 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Сот Ольга Тропанецті 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бірақ үш кішкентайы мен аяғының ауырлығы ескеріліп, жаза мерзімінің бір жылы қысқартылды. Осылайша, сотталушы өмірінің 5 жылын бала-шағасынан шетте, темір тордың арғы бетіндегі қапаста өткізетін болады. Сот барысында жәбірленушілердің де талаптары қанағаттандырылған сияқты. Өйткені олар айырылып қалған 49 млн теңгені қайтарып беруге сотталған О.Тропанец қана емес, сонымен бірге куәгер санатына өткен Г.Жетпісбаева мен Ш.Кемелбаева да міндетті болады.
Қостанай облысы