Мәдениет • 19 Мамыр, 2023

Астанадағы Ұлттық музейге бір түнде 47 мыңнан астам адам барды

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде өткен «Музей түні» халықаралық акциясына барлығы 47 мыңнан астам адам барды. Осылайша, өткен жылғы рекорд жаңартылды. Былтыр бұл іс-шараға 30 мыңға жуық адам қатысқан еді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанадағы Ұлттық музейге бір түнде 47 мыңнан астам адам барды

«Ең алдымен көзге түскені, музейге кіреберістің әрқайсысында бірнеше метрлік кезек пен келушілерге лық толы залдар. Ауа райы мен кешкі уақыт екеніне қарамастан, адамдар отбасылармен келіп жатты. Ал ауданы 74 мың шаршы метрді құрайтын және 200 мыңнан астам экспонаты бар елдегі ең үлкен музей барлық тілек білдірушілерді әрең орналастырды, ал кейбір залдарда ине шаншар жер қалмады. Соған қарамастан, музейдегі атмосфера ерекше, нағыз отбасылық және шынымен мерекелік болды», деп жазды министр Instagram парақшасында.
 
Асхат Оралов іс-шараға жиналған келушілерге құттықтау сөз сөйлеп, содан кейін Ұлттық музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен және алдағы мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.

Естеріңізге сала кетейік, «Музейлер түні» — отандық мәдени қызметкерлер күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар бағдарламасының бір бөлігі. Салтанатты рәсім барысында министр еліміздің әр өңірінен келген үздік музей қызметкерлерін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.
 
Ұлттық музей қабырғасында концерттік және ойын-сауық бағдарламалары, ойындар, квесттер, дәрістер, музей реставраторларының шеберлік сабақтары, қолөнершілер жәрмеңкесі, театрландырылған экскурсиялар және бірден бірнеше экспозиция ұйымдастырылды. Келушілер «Музейлер түніне» арнайы дайындалған кітаптар мен авторлық қуыршақтар көрмесін тамашалады, сондай-ақ белгілі тарихшылар мен басқа да танымал тұлғалар экскурсиялар өткізген «Жұлдызды гид» жобасына қатысты.
 
Мыңдаған келушілермен бірге Асхат Оралов бірнеше залды аралап, оларда ұсынылған экспонаттармен танысты. Атап айтқанда, жақында ашылған Палеонтология залы қонақтар арасында ерекше танымал болды. Сондай-ақ министр медиаменеджер Арманжан Байтасов жүргізген «жұлдызды» экскурсияға барды. Іс-шарада басқа елдерден көптеген қонақтар болды.

«Бұл қазақстандықтардың өз мәдениетіне, тарихына және өнеріне деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Біздің міндетіміз — осындай іс-шаралар арқылы адамдарға еліміздің рухани мұрасын қолжетімді ету», деп атап өтті Мәдениет және спорт министрі.