Музей • 17 Мамыр, 2023

Ұлттық музейде «Музейлер түні» акциясы өтеді

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

18 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музейлер түні» акциясы өтеді. Келушілердің барлық санаты акцияға тегін қатыса алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық музейде «Музейлер түні» акциясы өтеді

«Музейлер түні» – бұл еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға, көпшілік асыға күтетін дәстүрлі шаралардың бірі. Ауқымды шараның негізгі мақсаты – еліміздің ең басты әлеуметтік-мәдени мекемесі ретінде музейге деген көпшіліктің қызығушылығын ояту, тарихи-мәдени мұраларға арналған бірегей шаралар мен бағдарламалар арқылы музейдің беделін арттыру. Ол жастардың шығармашылығын дамытуға, мәдени орта құруға үлкен септігін тигізеді.

ICOM Халықаралық музейлер кеңесінің тұжырымдамасына сәйкес, биылғы жылғы акцияның тақырыбы – «Музейлер, тұрақтылық пен әл-ауқат». Аталмыш акция аясында Ұлттық музей ұжымы елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Музей-уақыт ағымында» атты ауқымды тарихи-танымдық жобасын ұсынады.

Күндізгі 10:00-18:00 аралығында Ғылыми кітапханада «Музейдің қор сақтау қызметін ұйымдастыру: теориясы мен практикасы» симпозиумы өтсе, музей залдарында «Балдырған гид» жобасы аясындағы шолу экскурсиялар, «Жәдігерлер сөйлейді» квест-сабағы ұйымдастырылады.

Кешкі 18:00-ден бастап Ұлттық музей басылымдары мен «Алматы-кітап» баспасының кітап көрмесі, «Тарихи тұлғалар: қуыршақ бейнесінде» авторлық қуыршақтар көрмесі, «Көненің көзін ашу» атты ҚР Ұлттық музейі Консервация және қалпына келтіру қызметінің көрмесі мен шеберлік сабақтары, қолөнер жәрмеңкесі, ғылыми дәрістер, театрландырылған экскурсиялар мен ойын-квесттер басталады. «Жұлдызды гид» жобасында елге танымал тарихшылар Радик Темірғалиев, Жақсылық Сәбитов, Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, медиаменеджер Арманжан Байтасов, блогер Диас Камериданов пен «Pygmalion» галереясының негізін қалаушы Данагүл Төлепбай музей залдарында экскурсия жүргізеді.

Сондай-ақ танымдық кеш барысында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Үрмелі аспаптар оркестрі мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, би ұжымдары, диджейлер өнерлерін паш етіп, соңында отты шоу көрсетіледі.