Тарих • 08 Мамыр, 2023

Хемингуэйдің соңғы сұхбаты

252 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атағы жер жарған, қаламгерлер «Хэм» деп атаған Эрнест Хемин­гуэймен соңғы рет тілдескен кісінің есімі – Свен Брикертс. Ол жазушымен тілдесіп қалу үшін көп ізденген, тіпті бірнеше рет меселесі қайтқан журналистің бірі. Ол осы бір сұхбат үшін Кенияның Кэи-Уестіне, Парижге, Памплонаға барудан да еш ерінген емес. Сосын олар «Паппи алабұғасы» атты кішкентай балық тағамдарын әзірлейтін мейрамханада кездесуге келіседі.

Хемингуэйдің соңғы сұхбаты

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Міне, тілші Хемингуэймен кез­десетін күн ыстығы бетке ұра­­тын автотұрақта отыр. Айнала тып-ты­ныш. Сеніміме селкеу түсе бас­та­ған сәтте кенет анадайдан адам қа­расы көріне бастады. Үстіне га­вайлық үлгідегі жейде киген, кө­зіл­дірікті кісі келе жатыр. Жүрісі алыс­тан қараған адамға, біртүрлі кө­рінеді. Жолда өзімен бірге келе жат­қандардың қатарынан қалып қойды. Ол мейрамхананың алдында бір секунд тоқтап, ішке кірді.

Сол бір әдебиет генералынан сұхбат алсам деп армандаған тілші­нің арманы орындалды. Оның та­рих­тағы ең мықты жазушы екені (әрине, Шекспирден кейін) есіне түс­кен журналист қағілездік таныт­ты да сұрақтарын қоя бастады. Біз сұрақтар мен жауаптарды қаз-қалпында бердік.

– Хемингуэй мырза, сізбен тек он минут қана сөйлесу мүм­кіндігім бар екенін жақсы біле­мін, «Таза һәм жарық жер» ат­ты әңгімеңізде бүкіл ұрпақты «жоқ­тыққа» шақырдыңыз, ал ондағы кейіпкер Нада тіршіліктің өзегі еді. Сіз қазір сол әңгімені дәл осылай жазар ма едіңіз?

– (Жөтеліп, сәл кідіріп, көзін басқа бір жаққа қадап тұрып) Жоқ, олай істей алмас едім. Қазір Нада туралы әңгімені басқаша жазатыныма сенемін. Жазған дүниелердің өзгеріске ұшырап жататыны да бар емес пе? Мүмкін оны барынша түзетуге тырысатын да шығар­мын. Ұнамаса, оның орны – қоқыс сандығы. Кешіріңіз, мен – көп қате­ліктер жіберген адаммын.

– Егер Нада болмаса, Хемин­гуэй мырза, онда?..

– Менің ойымша, бұның айтатындай еш ерекшелігі жоқ. Әрқашан «жақсы» дегім келеді. Мүмкін, кей затты басқа қырынан анық көруге болады.

– Тіл сіз үшін бәрінен қымбат екенін білемін. Сол үшін әдейі осы туралы сұрақ қойғым келіп отыр. Бірақ мынаған жауап беріңізші, әлгінде «мен көп қателік өткіз­ген адаммын» дедіңіз, ол қандай қателіктер?

– (Ойланып, әнтек сақалының ұшын сипалады) Менің ең үлкен өкінішім – Кубадағы кішкентай бүлдіршіндерді Финкаға шақы­рып, бокстасып, содан кейін оларды бір-бірлеп құлатқаным болды. Көп нәрсе хақында қайта ойланғым келеді. Сондай-ақ Фицджеральдтың ерлігі туралы да айтуға тура келеді.

– Ал ішімдікке салыну, әйелдер, жабайы жануарларды өлтіру сіз үшін қателік емес пе?

– Қазіргі уақытта сәннің қаді­рі кеткенін білемін. Серіліктің де ­ауылы алыс қалды. Дұрыс айта­сың, біз арақты жақсы іштік, сосын ең мықты әйелдермен араластық. Бұным өкініш емес.

– Хемингуэй мырза, сіздің өкі­нішіңіз бар ма?

– (Орнынан көтеріліп, ашулы қалыппен): Боқмұрын жас­тар, сендерге не керек өзі? Сен авторлық құқық туралы сұрап отырсың ба? Зайыры, маған не туралы айт де­гің келеді? Әрине, мен бәріне өкі­немін. Аң атуға шыққаным үшін анау Марлин балықтары үшін де өкініштен бармақ тістеймін. Түн­гі клубтарға Марлен Дитрихтің қо­лынан ұстап, ертіп апарғаным үшін өкінемін, Пуэрто-Рико Рум арағы менің тамырларымда ән салып, билегені үшін өкінемін. Саған керегі осы ма?

– Дұрыс айтасыз, кешіріңіз... Бірақ қазір басқа әлемде өмір сүріп жатырмыз. Енді шығармашылық туралы сөйлесейікші. «Ақиқат» баспасы туралы не ойлайсыз?

– Ақымақтықпен бизнес жасап отырған баспа. Қарғыс пен ұят арқалағаны тағы бар. Кеше кешкісін Эллисон екеуміз осы туралы сөйлестік. Аты затына сай емес екені анық. Менің ойымша, ең маңыздысы кітаптағы әр сөйлемнің өз орнында болуы.

– Әйелдер ше?

– Мен әйелдер туралы не біледі деп ойлайсың? Оларды тозақ деу­ге де болады. Олар жөндеп аңға шыға алмайды, тіпті балық аулау да қолдарынан келмейді. Ал олардың арақты жақсы іше алатындары да тым аз. Әйелдер адаммен дұрыстап сөйлесе де алмайды екен. Әйтеуір түсінбеймін соларды. Меніңше, олар жай күбірлесіп, бірдеңені айтқанға құштар. Бұдан шынайы проза жасай алмаймыз.

– Ешбір әйел қаламгерді мо­йын­­дамайсыз ба?

– Гертруда Стайнға көңілім толады, бірақ ол әр шығармасын ер жазушы сияқты жазады. Марта Геллхорн бір сөйлем арқылы бәрін аңдата алады.

– Жас жазушыларды оқып тұра­сыз ба?

 – Өздерінше «жазушымыз» десіп жүргендір көп. Мен Николсон Бейкер мен Дэвид Фостер Уоллес деген біреуді мүлде оқи алмай қой­дым. Не жазған өздері?

– Он минутымыз аяқталыпты. Тағы айтарыңыз бар ма?

– Әрине. Менің ескі досым, ақын Эздің: «Жақсы көрген затың қалады, ал басқасы бос сөз» дегенін әрдайым есіңізде сақтаңыз.

– Жарайды. Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбат осы жерден аяқталады. Хемингуэй бастан-аяқ өзгеше қа­лыпта сөйлескенін аңдауға бола­ды. Тіпті кей сұрақтарға әдейі қыр­сығып, басқаша жауап бергені де шын­дық. Бірақ осы сұхбат оның өмі­ріндегі ең соңғы сұхбат болып қала берді.