
Тұрғындармен кездесу барысында А.Шакқалиев әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты әңгімеледі. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Бірінші вице-министрдің сөзіне сенсек, Үкімет негізгі азық-түлік бағасының өсу қарқынын тоқтатуға ден қойып отыр. Кейінгі бірнеше аптаның бедерінде бағаның шарықтауы 0,1 пайыз шегінде болған. Жыл басынан бері 3,4 пайызды құраған. Биылғы маусымаралық кезеңде 139,5 мың тонна өнім қалыптастырылып, бүгінге дейін 58,4 мың тонна өнім сатылған. Оның ішінде картоп 27,5 мың тонна, сәбіз 11 мың тонна, пияз 10 мың тонна, қырыққабат 9,9 мың тоннаға жеткен.
Басқосу барысында өңір тұрғындары базарларды жаңғырту, жергілікті өнімдерді сату бойынша туындаған мәселелерді көтерді. Нақтырақ айтсақ, «Жібек жолы» базарының басшысы Саят Жанболатов базарларды жаңғырту мәселесіне тоқталды. Атап айтқанда, базар иелеріне нысанды заманауи форматқа келтіру үшін қандай мемлекеттік қолдауды пайдалануға болатынын сұрады.
Өз сөзінде А.Шакқалиев министрлік мемлекеттік қолдау құралдарын іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Ауданы кемінде бір мың шаршы метр сауда, ойын-сауық орталықтарын қоспағанда, сауда қызметіндегі құрылыс, сауда орталықтарын, қазіргі заманғы форматтағы сауда объектілерін және көпфункционалды кешендерді кеңейту жобалары сыйақысының пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау болжанып отырғанын айтты.
Кездесуде сөз алған «Көкжиек-2030» ЖШС Бас директоры Әбдіқали Бегімбетов өз өнімін сата алмай отырғанын жеткізді. Бұл мәселе мезетінде шешімін тапты. «Нұрислам» супермаркетінің директоры Серік Қарымсақов сүт өнімдерін қабылдауға дайын екенін айтып, «Көкжиек-2030» ЖШС директорымен жан-жақты әңгімелесуге дайын екенін жеткізді. Өңір тұрғындарымен кездесу соңында БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг ұйымдастырылып, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға А.Шакқалиев жан-жақты жауап берді.
Іссапар барысында Арман Шакқалиев пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қаладағы «Нұрислам» сауда желісіне барды. Сауда объектілеріндегі бағамен танысқан бірінші вице-министр мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті кеңінен қолдау жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ Арман Шакқалиев Қордай ауданында орналасқан көкөніс қоймасының қызметімен танысты. Компания пиязды сақтауға маманданған. Кейіннен бірінші-вице-министр Қордай ауданы әкімдігінде өңір басшыларымен кездесіп, онда ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өнімді сатқанға дейін сақтауға келісімшарт жасауға мүмкіндік беретін форвардтық сатып алу мәселелерін талқыланды.
А.Шакқалиев өңірге іссапары барысында «Zhambyl Economic and Investment Forum-2023» халықаралық экономикалық инвестициялық форумының пленарлық отырысына, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.
Жамбыл облысы