Пікір • 02 Мамыр, 2023

Судың да сұрауы бар

560 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде ғаламдық мәселеге айналып отырған су тапшылығының басты себеп­теріне климаттың өзгеруін, трансшекара­лық ағын су көлемінің азаюын, су ресурстары­ның тиімсіз пайдаланылу мен суды үнем­деу «мәдениетінің» қалыптаспағандығын жатқызуға болады. Ол, өкінішке қарай, елімізді де қамтып отыр. Соның кесі­рінен ауылшаруашылық дақылдарын өнді­руге қажетті судың жетіспеуі егістік көле­мінің жыл санап қысқаруына әкеліп соғуда.

Оның үстіне еліміздегі ағын судың 45%-ы шет елдерден келеді. Мәселен, респуб­ликада­ғы су ресурсының 40%-ынан астамын құрай­тын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл жəне Шу секілді өзендер көрші Ресей, Қытай, Тəжікстан, Қырғыз елінен бастау алады. Ал Сыр­дарияның Тəжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетіні Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Түркістан, Қызылорда сияқты об­лыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етіп отыр. Бұған еліміздің мақта өсіретін Түр­кістан облысының жағдайы дәлел бола алады. Сонымен бірге сырттан келетін су ресурстары аяқ су, ауыз су және өндірістік су ретінде де пайдаланылуда. Яғни трансшекаралық су­ды пайдалану біз үшін ұлттық қауіпсіздік мә­селесімен тікелей байланысты. Сондықтан Президент ауылға қатысты сөз қозғағанда жерден кейін су мәселесін жүйелі түрде ше­шу­ді екінші орынға қоюы кездейсоқ емес. Ол Қазақстанда судың 65%-ы ауыл шаруашылы­ғы саласына жұмсалатынын ескертіп, соның 60%-ға жуығының құмға сіңіп, ысырап болып жатқанына алаңдаушылдық білдіріп, «Сусыз егіншілік те, бау-бақша да, мал шаруашылығы да алға баспайтыны белгілі» деп, мәселенің өзектілігін атап өтті.

Судың жетіспеушілігі Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында қатты сезілсе, Түркістан облысының оңтүстік аудандарын­да көп көтеріліп жүрген мәселелердің қатарына ағын суды жатқызуға болады. Алайда суармалы егіншіліктің одан əрі дамуына ирригация жүйелерінің тозуы кедергі келтіруде. Ирригация жүйелері жаңғыртылмай, кейбір су арналары өткен ғасырдың 70 жылдарының ортасында іске қосылып, содан бері қайта жөндеуден өтпе­ген. Еліміздегі гидротехникалық құрылғылар­дың 90%-ының техникалық жағдайы көңіл көншітпейді. Бір өкініштісі, қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып, оның 200-інде төтенше жағдай туындау қаупі бар екен. Сол себепті тұтынушыға тасымалдау кезінде су шығынының едəуір артатындығы да белгілі. Заманауи гидротехникалық құрылғылармен жабдықтап, ескілерін жаңғырту мәселесінің бұрынғыдан бетер күрделене түсуде. Су тапшылығының жиі сезілетіндігін түсіне отырып, суды аз қажет ететін өнімдерді егу және заманауи су үнемдеу технологиясын, тамшылап суару жүйесін пайдалану проблемасы осы күнге дейін толығымен шешіліп, ауыспалы егіс әдісін сақтау сияқты шаралары қолға алын­бауда. Көп аудандарда әуелі техникалық су да жоқ. Жерасты сулары да тартылып барады. Бұл жағдай кәсіп бастауға кедергі жасап отыр. Оның үстіне өңірлерде жерасты суларын пайдалану арқылы суармалы егіс алқаптарының көлемін ұлғайту да қиындап отыр. Елдің жайылымдық алқаптарының 42%-ы судың жоқтығынан пайдаланылмай тұр. Осыдан барып су тапшылы­ғы күн санап күшейіп, ел экономикасы мен оның экожүйесін дамытуға кері әсерін тигі­зіп, қоғамда əлеуметтік-экономикалық проблема­лар мен шиеленістер туындауда. Өйткені ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатын су қандай мөлшерде жоғалса, кемінде соншама ақша тиімсіз пайдаланылып, қолды болды деген сөз. Тек ендігі жерде су шаруашылы­ғы­на тікелей қатысы бар мемлекеттік органдар мен жауапты адамдар осыны түсінсе игі еді... Бұған су мәселесіне деген кешенді көзқарастың болмауы мен су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйе­сінің болмауы да өз әсерін тигізуде. Сонымен бірге су шаруашылығы инфрақұрылымы­ның əртүрлі орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің қарауында болуы ведомствоаралық үйлестіру жұмысын нашарлатып, су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізуді қиындатуда.

Жалпы, су тапшылығы мен оған тәуелді­лікті төмендетудің мәселелері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауымен қабылдан­ған Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлт­тық даму жоспары мен «Жасыл Қазақстан» сияқты ұлттық жобасында көрініс тауып отыр. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстанның тұрақты дамуының басты көрсеткіші ретінде сумен тұрақты қамтамасыз ету және еліміздің ішкі жалпы өніміне жұмсалатын су шығыны­ның мөлшерін төмендету мен су ресурстарының қолжетімділігін арттыру жатқызылмақ. Олай болса, Президенттің суға қатысты проблемаларды шешудің жолдарына арнайы тоқталып, «судың да сұрауы бар» деуінен аталған мәсе­леге деген жаңа көзқарастың пайда бола бастаға­нын көруге болады.