
Ел көлемінде ұйымдастырылып отырған акцияның мақсаты айқын. Аталған іс-шара арқылы қарулы қылмыстардың санын мүмкінгінше азайтуға ведомство тарапынан айрықша назар аударылып отыр. Тәртіп сақшылары келтірген деректерге сенсек, бес жылдың бедерінде еліміздегі қарулы қылмыстардың саны 50 пайызға төмендеген. Акцияға қатысушылардың қарасы биыл да қалың. Өңірдегі заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алуға биыл 10 млн 404 мың теңге қаржы қарастырылып отыр.
«Іс-шара басталғаннан бері өңір тұрғындарынан полиция қызметкерлеріне 9 өтініш келіп түсті. Жалпы сомасы 900 мың теңгеден астам қаражатқа 12 атыс қаруы мен 3 патрон тапсырылды. Оның ішінде 2 қару – 6,5 мм калибрлі тапанша және 5,6 мм калибрлі мылтық. Одан бөлек 10 тегіс ұңғылы мылтық және 6,5 мм калибрлі 3 патрон бар», дейді Жамбыл облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Шухратжон Юлдашев.
Кейінгі жылдары тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан акцияға белсенді қатысушылардың саны уақыт өткен сайын сирейтінге ұқсамайды. Құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған іс-шара жемісін беріп отыр. Бір белгілісі, тіркелмеген қаруды полиция қызметкерлеріне тапсырған азаматтар 34 мың теңгеден 345 мың теңгеге дейінгі аралықта төлемақы алмақ.
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен жылы ел тұрғындарынан 1400 атыс қаруы мен 10 мыңнан астам оқ-дәрі сатып алыныпты. Заңсыз сақталған қаруды өткізген азаматтарға жалпы сомасы 89 млн теңге көлемінде төлемақы төленген. Ал биыл Қазақстан азаматтары қанша қару-жарақ өткізетіні жыл соңында нақтыланбақ.
«Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне өтініш бере алады. Сыйақылардың мөлшерін құрылған комиссиялар айқындайды. Ерікті түрде тапсырғаны үшін төлем көлемі қарудың түріне, оның техникалық жай-күйіне байланысты және әр дана үшін дербес есептеледі. Өңір тұрғындары осыны қаперден шығармаса екен», дейді Ш.Юлдашев.
Жамбыл облысы