
Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Жерлестерінің ортасынан алыстамаған композитор Сәрсенбек Бәкірдің қай әні болсын, тыңдарманның жан әлемімен астасып жататындай көрінеді. Оның жанарындағы беймәлім тыныштықты сақтаған риясыз романтика әсері жылдар бойы тарқамайтын әнге айналып жатады.
Әнге мәтін сұрамай, өлеңге ән жазатын композиторлар қазіргі кезде «Қызыл кітапқа» еніп кеткен секілді көрінетіні бар. Сәрсенбектің әндерін тыңдағанда оның, шын мәнінде, поэзиядан алыстамағанын түсінесің. Өйткені әндерінде мән мен мазмұн қатар жүреді.
Айтулы ақын Серік Томановтың «Соғады сен деп жүрегім» өлеңі композиторды бейжай қалдырмағаны анық. Өйткені жүрек қылын шертетін шығарманы композитор ғажап әуенді әнге айналдырды. Әуелде «Аузынан айдың түскен қыз» әнімен тыңдарманның жүрегінен ойып тұрып орын алған композитор шығармалары уақытында нағыз хитке айналғаны айдай ақиқат. Сол бір мөлдір шақты ешкім ұмытқан жоқ.
Ақиқатында Сәрсенбектің қай әнін тыңдасаңыз да тынып ағып жатқан өзен көз алдыңызға келеді. Әндері бір тыныштықты қалап тұрғандай көрінеді. Алқын-жұлқын, даңғазаға толы арзанқол дүниенің микроскоппен іздеп табу қиын шығар. Ал «Соғады сен деп жүрегім» шығармасын тыңдаған кезде дамылсыз соғып тұрған сағыныш сағатының сыртылын естігендей күй кешесің. Ән бір сәтте сырласыңа айналып кететіндей-ақ. Болмысынан әнінің алыстамағанын түсінесің. Әйтпесе, уақыттың бүгінгі ағымынан алшақтамай, тойға арналған талғамсыз әндердің соңына түсіп кетер ме еді. Алайда ол ондай қадамға барған жоқ. Талғампаз композитордың таңдауы басқа. Қуаныштысы сол – өз әлемінен алыстамағаны.
«Соғады сен деп жүрегім» әні, нағыз ретроға айналатын туынды екені сөзсіз. Өйткені композитор бір маусымдық ән жазған емес, жазбайтын да шығар. Жылдар жылыстаса да, Сәрсенбек Бәкірдің осы бір әні жұрттың жүрегінен өшкен жоқ. Қайта уақыт өткен сайын сағыныш сазына айналған дүние өз құнын арттыра түскен секілді.
«Алаулап менің нұр өңім,
Өзіңді ойлап жүремін.
Көңілдің таппай бір емін,
Соғады сен деп жүрегім.
Қыпша бел, құлын мүсіндім,
Көңілдің құсын ұшырдым.
Өмірдің мына өзіңсіз,
Мәнсізін енді түсіндім», деп келетін ән қайырмасы кісі баласының жүрегіне жылы тиетіні сөзсіз.
Серік Томановтың өлеңіне жазылған тамаша әнді тыңдағанда бойыңды әдемі бір сезім билеп алатыны рас. Өлеңде сағымға айналған жылдардағы сағыныш табы сайрап жатыр. Ал композитор әнге айналдырғаннан кейін шығарманы өнерсүйер қауым лезде жаттап алғаны да ақиқат. Өйткені саз бен сөз тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Көңіл түкпіріндегі сезім пернелерін дөп басқан туындының әуені мен мәтіні егіздің сыңарындай жараса кеткені сөзсіз.
«Көргенше сені асықтым,
Күйін бір кешіп ғашықтың.
Өзіңнен ұзап қалсам-ақ,
Сезімнің селін тасыттың», деп басталатын қайырма алдындағы шумақта жігіттік шақтың аңсар-арманы айна-қатесіз беріліп тұр. Әннің сөзіне зер салып қараған адам ақынның бойындағы алапат сезімнің өлең тілінде өзгеше өрнек алғанын бірден байқайтыны рас.
Лирикалық ән тыңдаушыны тебірентпей қоймайтыны даусыз. Қалай алып қарасақ та әуелде «Нұр-Мұқасан» дуэтінің, кейіннен «Музарт» тобының орындауында жұрттың жүрегінен орын алған «Соғады сен деп жүрегім» әнінің өлмейтіні рас. Бүгінгінің талантты әншілері жаңаша көзқараспен көңілден шығатындай кавер нұсқасын жасаса да артықтық етпейді.