Пікір • 23 Сәуір, 2023

Сенделген саңлақтар

389 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда спортқа деген қам­қор­лық ерекше. Әр жыл сайын осы саланы дамытуға мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінеді. Ірі қалалар­дан бастап, аудан орталықтарына де­йін спорт кешендерінің салынуы, респуб­ликамыздың әр аймағында дүбірлі дода­лардың жиі ұйымдастырылуы, байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтардың мол көлем­де сыйақы алуы осы сөзіміздің айқын дәлелі.

Жуырда тағы бір жағым­ды жаңалыққа куә болдық. Мәдениет және спорт министрлігі «Спортшылар мен жат­тық­тырушыларға өмір бойы ай сайынғы мате­риалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын бекіту, олардың мөлшерін белгілеу туралы» бұйрығының жоба­сын әзірледі. Соған сәйкес алдағы уақыт­та Олимпиада, Паралимпиада және Сурд­лим­пиаданың чемпиондары мен жүлде­герлеріне, сонымен қатар спорттың олим­пиадалық түрлері бойынша әлем чемпионы атанған спортшылар мен оларды дайындаған жаттықтырушыларға 100 айлық есептік көрсеткіш (345 000 теңге) көле­мінде төлемақы беріледі. Үкіметтің бұл бастамасын біз спортшылар қауымына көрсетілген зор қамқорлық деп бағаладық.

Одан бөлек, аса ірі халықаралық жа­рыс­тарда жеңіс тұғырына көтерілген өрен­дер­дің мемлекет тарапынан мол көлемде сыйақы алатыны баршаға мәлім. Мәселен, Олимпия ойындарында топ жарған саңлаққа 250 000 АҚШ доллары табыс етілсе, күміс және қола жүлдегерлер 150 000 және 75 000 ­долларды еншілейді. Басқа да байрақты бәсе­келерде табысты өнер көрсеткен спорт­­шыларға да материалдық тұрғыдан әжеп­тәуір көмек көрсетіледі. Әрине, оның бар­­лығы да спортшыларды жігерлендіріп, ынта­­ландыруға бағытталған іс-шаралар екені түсінікті.

Десек те, осы жерде ескерілмей жатқан бір мәселе бар. Ол – спортшылардың үлкен спортпен қош айтысқаннан кейінгі тағдыры. Бізді қынжылтатыны, дәуірі жүріп тұрған кезінде халықтың қошеметіне бөленіп, үлде мен бүлдеге оранған дүлдүлдер мансабын аяқтағаннан кейін қоғамға керегі болмай қалады. Саңлақтардың жарыстар мен сансыз оқу-жаттығу жиындарында жиған мол тәжірибелері ешкімді қызықтырмайды. Сол себепті де, спортшылардың дені басқа кәсіпті таңдайды. Мәселен, тамыр-танысы мықты, еті тірі, епті азаматтар бірден белді бір спорттық мекеменің директорлығына тағайындалады немесе депутат болып сайланады. Кейбіреулері кәсіпкерлікпен айналысса, кейбірі бизнесте бағын сынап көреді. Сондай-ақ шет мемлекеттерде жаттықтырушылық қызмет атқарып жүргендер де жоқ емес. Әрине, үлкен спорт­тан қол үзгеннен кейін лезде жаңа өмір­ге бейімделіп, өз жолдарын адаспай тап­қан жігіттер үшін біз қуанамыз.

Дегенмен де, жақсы қызмет пен жайлы кресло екенің біріне бұйыра бермей­тіні белгілі. Байыптап қарасақ, күні кеше ғана халықаралық аренада жасындай жар­қылдап, қазақтың көк байрағын биікте желбіреткен саңлақтарымыздың біразы бұл күндері өз кәсібі бойынша жұмыс тап­пай сенделіп жүр. Олардың арасында оқ­қағар мен күзетші, көлік жөндеуші мен жүр­гізуші, саудагер мен брокерлер және тағы басқа сан қырлы мамандық иелері көптеп кездеседі. Ал теріс жолға түскен­дер қаншама? Қазақтың талай тепсе темір үзетін жігіттері қылмыс әлеміне кеткені де белгілі. Міне, осы азаматтардың барлығының да ел спортына берері көп еді ғой.

Өркениетті мемлекеттерде атақты спорт­шылар үлкен спорттан қол үзгеннен ке­йін құзырлы органдар оларға бірден жұ­мыс тауып береді. Жас маман алды­мен жасөспірімдер мен жастар құрамасын жат­тықтырады. Сол сүзгіден өтіп, тәжірибе­сі толық­қан мықтылар ұлттық құраманың тіз­гі­нін ұстайды немесе жақсы бір қызмет­ке тағайындалады. Осылайша, сатылап өседі. Далада қалып жатқан ешкім жоқ. Бәріне өз деңгейіне сай қызмет табылады. Осы үрдісті елімізде де қалыптастыру қа­жет. Жаттықтырушыға әр­кімге бір алақан жайғызып қоймай, лайық­ты еңбекақы тағайындалуы керек. Шы­ны керек, қазіргі кезде олардың алып отыр­­ған жалақылары мардымсыз. Осы олқылық­тың орны толса, бапкер де, балуан да ешкімге жалтақ­тамай жұ­мыс істейді. Олардың та­сып-төгілген тәжі­рибесін біз барынша молы­нан пайдалануы­мыз керек.