Білім • 05 Сәуір, 2023

ҚазҰУ-да Фараби форумы басталды

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әл-Фараби орталығының 30 жылдығына арналған «Әбу-Насыр әл-Фараби тіл философиясы және философия тілі» атты халықаралық Фараби форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚазҰУ-да Фараби форумы басталды

Халықаралық Фараби форумы адамзаттың ұлы ойшылы – әл-Фарабидің мұрасын терең зерттеуге, кеңінен таратып, насихаттауға арналған ірі ғылыми іс-шара. Шараның мақсаты – ойшыл ғалымның бай мұрасын жаңа қырынан зерттеу, Фараби  мұрасы арқылы қазіргі қоғам дамуының рухани, тарихи және философиялық негіздерін түсіну, қазақстандық және шетелдік фарабитанушыларды біріктіру, жаңа зерттеулерді саралау.

Форум жұмысын құттықтау сөзбен ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев: «Бүгінгі халықаралық Форум әл-Фараби құбылысын заманауи талдауды және терең зерттеуді талап етеді. Біздің алдымызда әл-Фараби туралы барлық ақпаратты біріктіру міндеті тұр. Форумның тарихи миссиясы – Фараби ілімі арқылы жастардың ой-өрісін кеңейту, тарихи және заманауи құндылықтарды тоғыстыру арқылы фарабитанудағы жаңа бағыттарды дамыту», деп атап өтті.

а

Форумда сөйлеген сөзінде Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Мухсин Фағани барлық қатысушыларды Фараби орталығының 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Оның пікірінше, Фараби – өз заманының данышпаны, өзінен кейінгі ойшылдардың ой өрісіне терең де елеулі әсер қалдырып, ислам өркениетінің гүлденуіне негіз бола білген ғұлама ғалым. Сондықтан көпшілік оны ең ұлы мұсылман философы және ислам философиясының негізін қалаушы деп атайды. 

а

Форумның ашылу салтанатында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мұхаммед аш-Шаххат Әл-Джинди (Египет), Алматы қаласындағы Өзбекстанның Бас консулы – Аброр Фатхуллаев (Өзбекстан), және т. б. сөз сөйледі.

Ислам Конференциясы (COMSTECH) ұйымының ғылым және технологиялық операциялар комитетінің бас үйлестірушісі Чаудхари Мұхаммед Икбал, түркі халықтары философиялық қоғамының тең төрағалары: философия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Тұрсын Ғабитов және философия ғылымдарының докторы, профессор, Хаджеттепе Озкул Чобаноглу университетінің (Түркия) түрік халықтық білім беру кафедрасының меңгерушісі және т. б. форумға өз құттықтауларын жолдады.

Форум жұмысына Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері, ҚР ҰҒА мүшелері, Қазақстандағы шетелдік консулдар, шетелдегі әл-Фараби орталықтарының өкілдері, ғалымдар мен дипломаттар, Түркия, Нидерланды, Ресей, Өзбекстаннан келген жас ғалымдар қатысты.

а

Форумға қатысушылар ғылым мен білім берудің интеграциясына, қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік және зияткерлік мәдениетін жетілдіруге қатысты өзекті мәселелердің кең ауқымын талқылады.

Форум аясында «Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасы және әлемдегі психологиялық ғылымды дамыту», «Әл-Фарабиді тәрбиелеу тілі: мәдениетаралық қарым-қатынас және ұлттық болмыс контекстіндегі тұлға» және т. б. пікірталас алаңдары ұйымдастырылып, арнайы семинарлар өтіп жатыр.