Сайлау • 19 Наурыз, 2023

Соғысқа да, сайлауға да барған ардагер

474 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Берлібек Ысқақұлы таяғына сүйенсе де, таңдауын жасады. Бұл қарияның жетінші сайлауы, деп хабарлайды Egemen.kz.

Соғысқа да, сайлауға да барған ардагер

Бүгін – тарихи күн. Сарқан ауданы Қойлық ауылының тумасы 98 жастағы соғыс ардагері Берлібек Ысқақұлы №365 сайлау учаскесінде ең бірінші болып дауыс берген сайлаушы болды.

Ақсақал еліміздің жаңа дәуірге қадам басып, шалғай жатқан ауыл халқының үніне құлақ асатын жанашыр депутаттар сайлауда жеңіске жететіндігіне сенім білдіріп, ақ батамен жалғады.

«Тәуелсіз еліміздің болашағы дегенде барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз керек. Менің жасым жүзге таяп қалса да ешқашан сайлаудан тыс қалған емеспін, сайлауға әр азаматтың баруы міндетті», деді Берлібек ата.

Айта кетейік, Жетісу облысында тіркеу қорытындысы бойынша барлығы 538 депутаттыққа кандидат тіркелді. Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша Жетісу облыстық бірмандаттық аумақтық №17 сайлау округінен – 13 кандидат сайлауға түседі. Онда 1 – кандидат «Аманат» партиясынан, 12 – кандидат өзін-өзі ұсыну арқылы.

Облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 5 саяси партияның партиялық тізімі бойынша 58 кандидат сайлауға түседі. Онда:

«Аманат» партиясы (34 кандидат),
«ҚХП» партиясы (6 кандидат),
«Ауыл» партиясы (8 кандидат),
«Республика» партиясы (2 кандидат),
«Ақжол» партиясы (8 кандидат)

Жетісу облысында бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша: облыстық мәслихатқа 16 округ бойынша 52 кандидат; қалалық мәслихаттарға 29 округ бойынша 85 кандидат; аудандық мәслихаттарға 107 округ бойынша 317 кандидат.