Қоғам • 07 Наурыз, 2023

Әлемдік рейтингтің сарапшысы

667 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ ғылымына өз үлесімізді қоссақ деп талпынып жүрген жастар аз емес. Шыны керек олардың білімін тереңдетіп, тәжірибесін жетілдіруге «Болашақ» бағдарламасының маңызы зор. Бағдарлама аясында қазақтың білім қуған ұл-қыздары әлемнің әр қиырындағы маңдайалды оқу орындарына түсіп, тәжірибе алмасып, қанаттарын қатайтты. Олардың арасында әлемдік деңгейдегі ғылым саласына үлес қосып жүрген жастар баршылық. Соның бірі – Арай Ильясова-Шенфельд. Ол «Болашақ» стипендиясының екі мәрте иегері. Кейіпкеріміз 2010 жылы Ұлыбританияның ең ірі және үздік оқу орны Ноттингем университетінде мемлекеттік басқару мамандығы бойынша магис­тратураны үздік дипломмен бітіріп, кейін 2017 жылы докторлық диссертация­сын сәтті қорғады.

Әлемдік рейтингтің сарапшысы

«Еңбегі бардың өнбегі бар» демек­ші, биыл жас ғалымды Times Higher Education World University Rankings атты әлемнің үздік жоғары оқу орындарының беделін анықтайтын жаһандық зерттеуге ғалым және сарапшы ретінде қатысуға шақырды. Бұған екінің бірінің қолы жете бермейді. Нақтырақ айтсақ, университет жетістіктерінің деңгейі жаһандық сарапшылар сауалдамасының нәтижесі, статистикалық талдау негізінде бағала­нады. Times Higher Education журналы төрт түрлі рейтингті әзірлейді: уни­вер­ситеттердің жалпы әлемдік рейтин­гі, пәндік рейтинг, академиялық бедел рейтингі, сондай-ақ Азия, Латын Аме­рикасы және BRICS елдеріне арналған өңірлік рейтинг. Енді қазақ ғалымы да әлемдік сарапшылардың қатарында 2023-2024 жылдарға арналған әлем­дік рейтингті түзуге қатысады.

Times Higher Education (THE) жаһан­дық академиялық бедел сауалдамасын толтыру арқылы Times Higher Education World University Rankings зерттеуiне ғалым ретінде сарапшы болуға лайық деп танылған қазақ ғалымы бұған ғылыми жарияланымдары негізінде таңдалғаны сөзсіз. Times Higher Education – 2004 жылдан бастап сту­денттерге және олардың отбасылары­на, ғалымдарға, университет басшылары­на, үкіметтерге және өнеркәсіпке арналған университеттердің жетістіктері туралы деректерді жариялайтын ғылыми басы­лым. Сонымен бірге бұл журнал әлемдегі университет көрсеткіштерінің ең бай дерекқорларының біріне айналды. Сан түрлі деректер бойынша сарапшылар тобы әлемдік деңгейдегі университеттерді 13 жеке тиімділік көрсеткіші бойынша бағалайды. Олар үздік университет қызметінің маңызды бағыттарының толық спектрін қамтиды. Бұған оқыту, зерттеу, білім беру және халықаралық көзқарас жатады.

– Мені басылымдарымның негі­зін­де әлемнің басқа да жетекші ғалым­дарының ішінен таңдап алды. Сарап­шылық сауалдамаға шақырумен ғана қатысады. Университеттер немесе ғалым­дар сауалдамаға қатысу үшін өз­де­­рін ұсына алмайды. Мені шақырады деп ойламаппын, жария­ланымда­рым мен зерттеулеріме жоғары баға бергеніне қуаныштымын. Осындай беделді басылымнан шақыру алу, Times Higher Education баспасы тарапынан жоғары білім және мемлекеттік саясат саласындағы ғалым және сарапшы ретінде халықаралық мойындалу маған білдірілген үлкен сенім – дейді сан сынақтан сүрінбей өткен қазақ қызы.

2011 жылдан бастап Арай Nazarbayev University-не әкімші қызметкері ретінде қабылданды. 2017 жылдан бастап док­торлық диссертациясын қорғағаннан кейін ғылыми және оқытушылық қыз­метпен айналыса бастады. Кейін  университеттің Жоғары білім мектебінде оқытушы ассистенті, 2018-2020 жылдары Жоғары мемлекеттік сая­сат мектебінде постдокторант-ғылы­ми қызметкер болып жұмыс істеді. Магистранттарға «Мемлекеттік саясатқа кіріспе» негізгі курсын оқыды. Арай әлеуметтік саясатта пәнаралық теория ретінде саяси трансферт теориясын қолдану контекстінде жоғары білім беру саясатын, сондай-ақ мемлекеттік саясат үдерістерін, Болон үдерісі, жалпы Қазақстандағы білім беру реформалары және ғылым саясатын зерттеген.

– Қазақстанда білім мен ғылым­ды дамыту мәселесі барлық деңгей­де талқыланып келеді. Ғылым сала­сындағы саясатты жетілдіру үшін көптеген жұ­мыс топтары, кеңестер құрылып, форумдар, семинарлар, ғылыми қауымдастық үшін кездесулер өткізіліп келеді. Биыл Ғылым және технологиялар жө­ніндегі ұлттық кеңес құрылды. Кеңестің құры­луы­на бірнеше мақсат түрткі болды. Бі­рін­шіден, ұлттық ғылыми жүйені бас­қару ісін жетілдіру, екіншіден, ғы­лым және ғылыми-техникалық қызмет са­ласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі дамыту, үшіншіден, басым бағыттарын айқындау және ұсынымдар әзірлеу. Бәрі де жақсы бастама. Бірақ мем­лекеттік саясатты дамыту үшін ғы­лы­ми-зерттеулер жүргізу керек. Әр ми­нис­трлікте аналитикалық орталықтар бар, олар – сол мекемелердің «миы». Білім беру, зейнетақы және ауыл шаруа­шылығы мен денсаулық сақтау секілді салалардағы мәселелерді сапалы және сандық зерттеулерге сүйеніп шешу маңызды. Мемлекеттік проблемаларды зерттеу әдістерін жан-жақты қолдана алатын, саясат саласында ғылым докторлары мен заң ғылымдары осын­дай орталықтарда жұмыс істеуі қажет. Мұндай мәселелерге арнал­ған ана­литикалық орталықтар Синга­пурда да бар. Сонда ғана барлық ше­шім ғылыми-зерттеуге сүйеніп шы­ға­рылады (evidence-based policy and decisions) және бұл мемлекеттік сая­саттың негізін қалайды, – дейді Арай Қозықызы.

Ғалымның айтуынша, азаматтарды ғылымға тарту, оның ішінде ғылыми білімді танымал ету арқылы адамдарға жеке және кәсіби тұрғыдан саналы таңдау жасауға мүмкіндік беретін білім мен дағдыларды қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын негізгі күш – ғылым саласы. Өйткені ғылым – қоғамдық үдерістің ең қуатты қозғалтқышы және білімнің маңызды тетіктерінің бірі. Ғы­лым­ды қаржыландыру артса да, жүйе­лі мәселелер сақталып отырғанын, ға­лым­дардың жалақысының кешігуін, нор­мативтік-құқықтық актілердің жетіл­дірілмеуін атап өткен жөн.

– Қазақ ұлты ғылыми ұлтқа айналуы үшін не істеуі керек? Алдымен есеп беру дейтін ескі жүйеден арыл­сақ жақсы болар еді, бұл – кеңес одағы­ның тәсілі. Шетелдік сарапшылармен сөйлескенімде, «Қазақстандағы ғылым саласы неліктен кеңестік стилде?» деп сұрады. Жиындарда сан мен көрсеткіштерге басымдық беріп, ғылым саласында озықпыз деп мақтанамыз. Сөйте тұра шетелдік мамандарды шақырып, кеңесіп, ұсыныстар сұраймыз. Бұл салада өнімді жұмыс істеу үшін академиялық ғылыми құндылықтарды жұмыс тәртібіне енгізу керек. Синга­пурға барып, ол жақтағы ғылым саласы туралы зерттеу жасадым. Сингапур университеттері үнемі ғылым саласын жетілдіріп, Азиядағы және әлемдегі ең жақсы үрдістерді берік ұстанып келеді. Білім мен ғылым – мемлекеттің басты құндылығы. Үкіметтің ел бюджетінің жалпы көлемінің 20 пайызын осы салаға салуы Сингапур ғылымының атын әлемге шығарды, – дейді ғалым.

«Ана көрген тон пішер» демекші, Арайдың ғылым жолына түсіп, осыншама жетістіктерге жетуіне анасы, «Еңбегі сіңген өнертапқыш» атағын иеленген тұңғыш қазақ әйелі, химия ғылым­дарының докторы, профессор Сұлукен Рахмадиеваның да үлесі зор екенін айтқымыз келеді. 250-ден астам ғылыми жұмыстың, 32 патенттің және түрлі авторлық куәліктердің иегері, марқұм Сұлукен апайымыз өнегелі ұрпақ тәрбиелеген ана ретінде қызының ғылым саласындағы жолына сәттілік тілеген екен.

Арай Ильясова-Шенфельд 2020 жылдан «Қоғамдық саясаттағы әйел­дер» халықаралық желісінің, Жас ға­лым­дар альянсының негізін қалаушы ретін­де де көпшілікке таныла бастады. «Посткоммунистік мемлекеттердегі халық­аралық саясат трансферті: Қазақ­стандағы жағдай» атты зерттеуі туралы да ғалымдар жақсы баға берген. Аталған ғылыми жұмысында ғалым Қазақстандағы білім беру реформаларын зерделеу арқылы халықаралық саясат трансфертін (International Policy Transfer) зерттеуге күш салған. Қазір ол 17-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, оның ішінде Q1-Q2 рейтингтік журналдарда жарияланған мақалалар бар. Ғалымның PhD диссертациясы автордың рұқсатымен Лондонда – Британ кітапханасында (The British Library) сақтаулы тұр.