Жастар • 07 Наурыз, 2023

Ұлт руханиятының жанашыры

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың дүниенің әр қиырында жүрген ұл-қыздары қашанда өнерімен, адал еңбегімен жұрт көзіне түсіп жатады. Олардың жүрегінде бір мақсат бар десек, ол – ұлт үшін еңбек ету болса керек. Бүгінгі кейіпкеріміз миллиард халықтың ішінде жүрсе де, ұлтының ертеңгі болашағы үшін жұмыс істеуді өзіне парыз санаған қаракөздеріміздің бірі – Минар Нұрләззатқызы.

Ұлт руханиятының жанашыры

Ол Бейжіңдей алып қа­лада «Ұлттар әдебиеті» атты қос айлық қазақша журнал шығарып, әр ұлт қаламгерлерінің туындыларын қазақ оқырмандарына өз ана тілінде таныстыру жо­лында ел сүйінер жақсы жұ­мыс­тар істегенін естіп, мар­қайып қал­дық. Шекараның арғы бе­тін­дегі аз ұлттардың әде­бие­тін дамы­ту мақсатында жа­рық­қа шығып жатқан «Ұлттар әдебиеті» журналы 2012 жылдан бастап Қытайдағы қазақ оқыр­мандарымен жүздесті. Атал­ған журналдың тұңғыш санында арғы бетте Оразхан Ахмет, Жұмабай Біләл, Шәкен Оңалбай, Әкбар Мәжит сияқты қабырғалы жазушылардың туындыларын жариялапты.

Бейжіңдегі Ұлттар универ­ситетінен магистратураны аяқ­­тай сала үлкен қаладағы жалғыз қазақша журналдың жа­уапты редакторы сынды жүгі ауыр міндетті арқалаған Ми­­нар Нұрләззатқызы не­бәрі жиыр­ма күннің ішінде жур­нал­дың алғашқы санын даяр­лап, оқырманға ұсынады. Ол сол сәттерін еске алып:«Жур­­налдың жауапты редакторы ретінде аталған басы­лымды ла­йық­ты шығара алдым ба, жоқ па деген сұ­рақты өзіме жиі қоямын, бір­ақ бәрін уақыт көрсетеді. Оқыр­­ман қауымның көңілінен шық­сақ, сол біз үшін үлкен же­тістік. Мен тек қолымнан кел­генінше құлшынып, барлық мүм­кіндікті пайдаланып, сапалы журнал шығаруды армандадым. Әлемде алғаш жарыққа шыққан газет-журналдардың әу баста тым керемет болып кетпейтіні бел­гілі, ал мен үнемі өзіме жо­ғары талап қойып, осы бір журналды қазақ оқырманының рухани азығы етсем деген ойым­нан ешқашан айныған емес­пін. Кейде жұмыстан шар­шайтының бар. Өйткені тек осы жур­налдың редакциялық жұ­мысын ғана емес, барлық ішкі-сырт­қы шаруасын түгелдей өзім ат­қарамын. Қанша қиындық болса да, әдебиетті сүйгенім үшін, осы жолды таң­дадым», деді.

Шынында, бір журналды жал­ғыз дайындап, оны баспадан шығару оңай-оспақ шаруа емес. Бұл үрдіс мол білімді, әдеби сауаттылықты, табандылықты қажет ететіні сөзсіз. Осы шарт­тардың бәрін орындаған Ми­нардың еңбегі ересен екені шын­дық. Жалғыз өзі жауапты да ауқымды жұмысты атқарып жүрген алыстағы қазақ қызының әр ісіне сүйінішпен қарауға бармыз.