Елорда • 20 Ақпан, 2023

Тұмау өршіп тұр

334 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада ЖРВИ және тұмау жұқтырған тұрғындардың көбейгені байқалады. Ауа райының қолайсыздығынан өршитін сырқаттың симптомдары жайында білесіз бе? Жуырда №3 көпсалалы қалалық аурухананың инфекционист дәрігері Динагүл Баешова баспасөз мәслихатында осы тақырып төңірегінде кеңінен баяндады.

Тұмау өршіп тұр

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Маманның айтуынша, елордада ЖРВИ жұқтырғандардың ішінде 80-ге жуық бала бар. Оның ішінде 6 пациент – реанимация бөлімінде.

– Біз қала тұрғындарына балалар арасында жұқпалы аурулардың болатыны туралы ескерткіміз келеді. Елордада қыс ұзақ. Қазіргі жұқпалы аурулардың, соның ішінде ЖРВИ мен тұмау инфекциясы өршіп тұр. ЖРВИ 200-ден астам түрдегі вирустан туындайды. Кейбір жағдайларда қоздырғыштардың бірнеше түрі бір уақытта жұғуы мүмкін. Яғни бұл түрлі инфекцияларды, соның ішінде тұмауды және коронавирусты да қамтиды. Суық тию негізі мұрын жолдарына әсер ететін жеңіл ағымды ЖРВИ-ді білдіреді, – деп түсіндірді спикер.

ЖРВИ-дің әртүрлі қоздырғышта­рынан азды-көпті белгілер байқалуы мүмкін. Мысалы, дене қызуының жоға­ры­лауы, қалтырау, әлсіздік, бас ауруы және басқа да белгілер. Ал клиникалық жағдайда ЖРВИ жедел ринит, фарингит, тонзиллит, ларинготрахеит және брон­хит түрінде кездесуі мүмкін. Көп жағ­дайда респираторлық вирустық инфекциялар жеңіл ауру түрінде жүреді және өздігінен өтеді. Өйткені иммундық жүйе ағзаны вирустан өздігінен тазартады екен. Егер ауру асқынған жағдайда вирус­тар төменгі тыныс жолдарына еніп, брон­хиттен басқа инфекция вирустық пневмонияға және жедел респираторлық дистресс синдромына әкелуі де ғажап емес.

Вирустық респираторлық инфекциялар созылмалы аурулардың өршуіне әсер етуі мүмкін. Симптомдар вирусқа, созылмалы аурулардың болуына және бұрын жасалған вакциналауға байланысты өзгеруі де ықтимал. Мұндай жағдайда вирус жұқтырғандар өзін әлсіз сезініп, қалтырау, безгек, түшкіру, мұрынның бітелуі, синустың бітелуі, тамақ ауруы, дауыстың қарлығуы, жөтел, бас ауруы, бұлшықет ауруы, құлақ ауруы, көз­дің қызаруы (конъюнктивит кезінде), фебрильді құрысу сынды симптомдардан байқалуы мүмкін. Ал жоғары тыныс жолдары инфекцияларының белгілері ерте және кеш деп жіктеледі. Ерте симп­томдар әдетте тез дамып, бірер күнге созылады. Сол аралықта бас ауруы, түшкіру, қалтырау, тамақ ауруы басылмай, әлсіздік байқалады. Суық тигенде жөтел әдетте түшкіруден кейін дамиды. Балғын балаларда кездесетін фебрильді ұстамалар өте сирек кездесетін симптом болып саналады. Олар 6 айдан 5 жасқа дейінгі балалардың 2-5%-ында 38°C температурада пайда болуы мүмкін. Сондықтан ақ халаттылар аурудың белгілері анықталса, дер кезінде дәрігерге қаралып, уақтылы емделген дұрыс екенін ескертеді.