
Сирия халқына қажетті бірінші кезектегі заттар Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) мемлекеттік материалдық қорынан тасымалданады. 50 тонна көлеміндегі гуманитарлық көмек азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ынтымақтастық ұйымы арқылы Алеппо қаласына төрт рейспен 17-21 ақпан аралығында жіберіледі.
Гуманитарлық көмекті жөнелтудің барысын Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пшембаев қадағалады. ТЖМ 28237 әскери бөлімінің қызметкерлері Мемлекеттік материалдық қор комитетінің қоймасынан мүліктерді көліктерге тиеп, Алматы қаласындағы халықаралық әуежайға жеткізді. Барлығы 50 әскери қызметші мен 5 техниканың көмегімен жүк одан әрі арнайы ұшаққа тиелді.
Гуманитарлық жүктің құрамында консервілік азық-түліктер, жылы киімдер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек жарақтары бар. Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің 28237 әскери бөлімінің қызметшілері жүктелген міндетті толығымен іске асырамыз деп отыр.