Үміт • 14 Ақпан, 2023

Google-ді мойындатқан

444 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі Google компаниясында жұмыс істеу әрбір IT-маман үшін үлкен мәртебе. Дегенмен ол биікті бағындырған қазақ балалары жетерлік. Соның бірі – Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Ернияз Нұрғабылов. Жақында жас білімпаз оқушылармен кездесіп, ой бөлісті.

Google-ді мойындатқан

Аядай ғана ауылдан шыққан бала­ның бола­шақта әлемнің алпауыт компания­ларының бірінде қызмет етуі бұрын орындалмас армандай көрінетін. Ал қазір бұл қолдан келетін іс, бағындыруға болатын белес болды. Кездесуде отандасымыз бала­ларға Google-да жұмыс істеу қолжетпес арман емес екенін айтты.

Ернияз Nazarbayev University-інің Computer Science факультетін бітірген. Ке­йін білімін шың­даған соң, Яндекс-те тағы­лым­­дамадан өтеді. Артынан Google компа­ния­сынан шақырту алып, 2022 жылдың наурыз айынан бастап, Польшадағы Google кеңсесінде бағдарламашы-құрастырушы ретінде жұмысқа тұрады.

– Жұмысқа шақырту алған соң, компания­­ның кадрмен қамту бөлімімен байланыс орната­сыз, мұндағылар құжаттарды түгендеп, компания жұмысымен таныстырады. Сосын келесі кезеңде қырық бес минут бойы онлайн режімде есеп шы­ғаруың керек. Кейін кеңсеге шақыртыласыз, мұнда күні бойы сонда жұмыс істейтін бес-алты маман сізге бағдарламалауға қатысты әртүрлі сұрақ қоя­ды. Осы кезеңдерден өткеннен ке­йін арнайы комиссия нәтижені бағалап, әлгі мамандардың берген бағасын саралап, соңғы кезең – келісімшарт жасасуға бағыттайды, – дейді Е.Нұрғабылов.

Талдықорған қаласындағы Зияткерлік мек­те­бінде оқыған жылдары Ернияз математика пәнінен көптеген халықаралық олимпиаданы бағындырды. Тіпті, Қазақстан құрама командасының белді мүшесі де болған. Әлемнің оннан астам елінде білім додасына түсті. Ең жарқын жетістіктердің бірі – халықаралық International Mathimatical Olympiad олимпиадасы. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 150-ден астам мемлекеттің зияткерлері қатысады. Талантты Ернияз бұл олимпиадада екі рет, 10-шы және 11-сыныптарда бақ сынаған. Алғашқы жарысында Аргентинада күміс медаль алса, 11-сыныпта Колумбияда қола жүлдегер атанған.

Бүгінде Google компаниясы Ерниязды барлық жағдаймен қамтамасыз етіп отыр. Ыңғайлы жұ­мыс кестесін, тамаша кеңсе, тегін тамақ ұсынады және кө­шу­ге кө­мектеседі. Өзі бола­шақта елге оралып, Ота­­­ны­мыздың әлеуетін арттыруға күш салғысы келеді.

– Мұнда айлық, еңбек демалысы бойынша саудаласуыңа болады. Елде еңбекақы ай са­йын беріледі ғой, ал бұл жақта олай емес. Табыс түрлері көп, апта, екі апта сайын берілетіні бар. Сосын қызметкерге компания акция ұсынады. Бұған қоса жыл сайын белгілі бір көлемде бонус береді, – дейді Е.Нұрғабылов.

Мектепті сүйіспеншілікпен еске алған талапты түлек болашақ мамандарға NIS ұсынатын барлық мүмкіндікті пайдалануға кеңес берді.

 

Жетісу облысы