Қоғам • 09 Ақпан, 2023

Жайылымның жыры

376 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жайылымның шұрайлысын, жер­дің қуаңдысын күлше бөліске салып, есеп­сіз иемденгендерге бұқара­ның өкпесі қара қазандай. Алдын­дағы ақадал малына қоң бітірер нуы мен суы мол ұлтарақтай да жер бұйырмаған соң тістеніп, тұр­мыс кешкен жұрт өкпелемей қайт­сін енді? Бірақ ел ішіндегі лати­фун­дистердің «шөп қорыған ит тірлігі» Президент тапсырмасынан соң енді-енді тыйы­лып келеді. Өзіне, не өзгеге көзі қимаған игерілмеген жерлер ел игілігіне қайтарыла бастады.

Жайылымның жыры

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ауылдың аманаты

Дәл осы жерге қатысты дау Қараған­ды облысы Нұра ауданы Құланөтпес ауылын­да туды. Жайылым жайын айтып шы­рылдаған бір топ ауыл тұрғынынан шағым түсті. Ол шағымда ауыл адамдары округ іргесіндегі көлемді шабындықтың сырттағы біреуге жалға берілетініне наразы. Жайылым жетпей жатқанда бөтеннің бұлай баса көктеуі ондағы бұқараның жанына батыпты. Астанадан келген айдаладағы біреудің жер алуына қарсылық білдіріп, жалма-жан дабыл қақты. Ел газеті «Егемен» деп үмітін артқан ағайынның аманаты мынадай:

«Мал жаятын жайылым жер қалмады. Дәл ауылдың іргесіндегі сулы, ша­бын­дық жерді Астанадан келген біреуге жер­гілікті иесі сатып жатыр. Егер ол берілсе, ауыл малын жаятын жер қалмайды, сол жерден мал суаратын едік. Бұл Сәрсекей деген жер, тағы Мөнек деген жерді де сатып жатқан көрінеді. Кезінде меншіктеп алғандар оны пайдаланып жатқан жоқ».

Біз тікелей сөйлескен ауыл адамдары да осы деректі растады. Қайсыбірі есімін атаудан қашқақтағанымен, ақиқаты осы екен.

Құланөтпес ауылы Қарағандыдан 400, Астанадан 200 шақырым қашық­тықта орналасқан. Ауылда 356 адам тір­шілік етеді. Өткен ғасырдың елуінші жыл­дары бой көтерген жаңа ауыл бол­ғаны­мен, тоқсаныншы жылдардың жы­лы­мығында жүдеген көп ауылдың бірі.

Негізі, Құланөтпес селолық округін­де жалпы 144 017 гектар жер бар. Ауыл әкімі Ардақ Әбеновтің айтуынша, оның шабындығы – 6 094 гектар, жайылымы – 134 223 гектар. Ал осы Құланөтпес селолық округіне қарасты Құланөтпес, Ақтүбек, Нығыман елді мекендерінің жер аумағы 39828,44 гектар шамасын­­да. Елді мекенде 1 029 ірі кара, 1 700 қой, 1 584 жылқы бар.

Ауыл әкімінің мәлімдеуінше, ауыл тұрғындарының мал жайылымы жеткі­лікті. Жер ешкімге де берілмейді. Енде­ше, ауыл адамдарының арызына не себеп? Әкім мырза оған былай деп уәж айтады.

– Халық дұрыс түсінбеген. Әйт­пе­се жер ешкімге де берілмейді. Нұра ауданының жер қатынастары бөлі­мі бұл тура­лы хабардар. Бір шаруа қожа­лы­ғы­ның 3 мың гектар жері бар еді. Сол жер­ді ел ішінде сырттағы бір адамға сатады деген сөз шыққаны рас. Бұл – дұрыс түсін­беу­шілік. Ауылдың қоғамдық кеңес мүше­лерімен және ауыл тұрғындарымен сөйлес­тік. 3 мың гектар жердің иесі А.Алиев техникасы ескі болған соң, бас­қа біреуге шөп шауып беруге өтініш ай­тқан. Оған біз келіскен жоқпыз. Мен ауыл әкімі ретінде өз техникасы жарамаса, ауыл тұрғындарының техникасын ұйым­дас­тырып, шабуға көмектесеміз деп келіс­тіргенбіз. Ауылда жылда солай ұйым­дас­тырып келеміз. Жер ешкімге берілмейді де, сатылмайды да, – дейді ауыл әкімі.

 

Қоғамдық кеңес бір пәтуаға келді

Осы орайда ауылдық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өтті. Кеңес мүшелері «Шаруа қожалығы жерін өзі пайдалануы керек, егер игермесе, ауылдық округке қайта тапсырсын», деген тастүйін пәтуаға келіп отыр.

– Құланөтпес ауылдың округіне қарасты 3 елді мекенде 31 шаруа қо­жалығы тіркелген. Бүгінгі таңда жұмыс­тарын жүргізіп жатыр. Құланөт­пес ауылын­дағы «Алиев А.Т» фермерлік қожа­лық басшысы Азамат Алиев иелігін­дегі жер теліміндегі шабындық жерлерін Астана қаласы тұрғыны М.Айтпаевқа шөп шабуға беруге байланысты дау туын­дады. Осыған орай қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірі, шешімі сұралды, – дейді әкім А.Әбенов.

Ауылдағы ағайын жердің біреуге не мақсатпен де берілуіне келіспейді. Олар әркім өз иелігіндегі жерін игерсін деседі. Әйтпесе кері қайтаруы қажет. Қоғамдық кеңестің төрағасы М.Жүнісов әр шаруашылық жерін мақсатына сай қолдануы керек екенін айтады.

– Бұл заңда да көрсетілген. Қазір жерді тиімді пайдалануға мүмкіндіктер бар. Мал басын көбейтуге несие алуға, көп жылдық шөп егіп, мал азығын дайындауға болады, – дейді М.Жүнісов.

Қоғамдық кеңес мүшелері де осы пі­кір­де. Яғни әркім жерін мақсатты пай­да­­лануға тиіс. Олай етпесе, жер қоры­на, округ иелігіне беруі керек шаруа қожа­лықтары.

– Бұл ұсыныс орынды деп білеміз. Шаруашылық ашқан соң мақсатты пайдалану керек. Егер белгілі бір себептермен дұрыс қолданбаса, онда мем­лекетке, округке қайтарылсын. Ауыл тұрғын­дарына шабындық қажет екені бәрімізге белгілі, – дейді кеңес мүшесі К.Шәйкенов.

Сонымен, құрамы 6 ауыл адамынан жасақталған кеңес бірауыздан осындай шешімге келді. Демек дауға түскен 3 мың гектар жерді иесі игереді. Болмаса, ол округке қайтарылады. Халықтың келген байламы. Оның нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді енді.

Ал ауыл әкімінің мәлімдеуінше, ауыл­дың жайылымнан кемдік көрер жері жоқ. Былтыр ауыл маңындағы 9 мың гектар жайылымдық жер округ ба­лан­­сына 4 жыл 11 айға беріліпті.

 

Қайтарылған жерде қайыр бар

Ауыл маңының тулақ сүйрегендей тақырлығы талай айтылып, ақыры кейінгі жылдары ғана тыңдар құлақ табыл­ға­ны белгілі. Ауылдағы мал­дың коңсыз, аш-арықтығы да – жердің жетіс­пеушілігі. Одан қалса, қуаңсыздығы екені бесенеден белгілі. Жер қатынас­тары басқармасы бұл бағытта халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін 300 мың гектар аумақта бірлесіп пайдалану туралы меморандумдар жасалғанын алға тартады.

Оның ішінде Абай ауданында – 9 мың гектар, Бұқар жырау ауданында – 9 мың гектар, Қарқаралы ауданында – 141 мың гектар, Нұра ауданында – 111 мың гектар, Осакаров ауданында – 13 мың гектар, Шет ауданында 17 мың гектар жер бар.

Бұған қоса 232 мың гектар аумақта шалғайдағы жайылымдар ұйымдас­тырылыпты. Халық мал жаюы үшін 252 мың гектар жер ауылдық округ әкімдеріне уақытша өтеусіз пайдалануға берілгенін айтты басқарма басшысы Дарын Бұл­қайыр. Жалпы, жер қатынастары басқар­масының мәлімдеуінше, 2022 жылы облыс бойынша мемлекет меншігіне 1 млн 232 мың гектар жер қайтарылған екен. Оның 16,1 мың гектары – егістік, 1 млн 200 мың гектары – жайылым. Мұның 1 мл 71 мың гектары – ерікті негізде, 29,7 мың гектары сот шешімімен кері қайтқан.

– Облыста 2023 жылға арналған пайдаланылмайтын жерлерді алу жос­пары – 580 мың гектар. Бүгінгі таңда бос жерлердің басым бөлігін жайылым алады. Сондықтан жайылымды пайда­ланушылар «Жайылымдар туралы» заң­ның нормаларын міндетті түрде сақ­тауы қажет. Жайылымдарды ұтымды пай­даланудың негізгі шарты – мал ба­сының, жайылымдық инфрақұрылым объектілерінің болуы, – дейді Д.Бұлқайыр.

Осы орайда басқарма Бұқар жырау ауданында шалғайдағы жайылымдарды инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің қанатқақты жобасы әзірленіп жатқанын айтты. Бұл жоба Белағаш, Көкпекті, Тоғызқұдық, Баймырза, Жаңата­лап ауылдық округтерінде іске аспақ. Жобаның ғажабы неде дегенге келсек, бұл жоба аясында мал шаруашылығына қажетті құрылымдар салынуға тиіс. Атап айтқанда, ұңғымалар, құбырлы және шахталық құдықтар, мал айдау трассаларын, мал тоқтайтын және суа­ратын алаңдар. Сонымен қатар малды айдап-бөліп жаюдағы қашалар, ветеринарлық жұмыстарға арналған орындар, электр және жылу энергиясын беретін құрылымдар орнатылады.

Осакаров ауданында 2023 жылға Озерный, Сарыөзек және Қарағайлы ауылдық округтерінің шалғайдағы жайы­лымдарын қажетті инфрақұрылым­мен қамтамасыз ету жобасы да құзырлы орындар жоспарында тұрса керек.

Не десек те, мал баққан елдің түсіне жайылым жиі кіреді. Өйткені қоралы қой, үйір жылқы, табын сиырын жаятын жерден әбден запы болғаны өтірік емес. Ел тұрымтай тұсы, балапан басына кеткен кездегі мыңдаған гектар жерді «бөліп ал да, билей бер» қағидатының салдары осыған әкелді. «Малын жанының, жанын арының садақасына» балаған ауылдағы ағайынның жайы бұл...

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар