Төтенше жағдай • 06 Ақпан, 2023

Апатты жағдайдың алдын алды

234 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биылғы қысты түркістандықтар ұмыта қоймас. Қаңтарда жауған қалың қар ұзақ жатпады. Ақпанның алғашқы күндері қатты жауын-шашын мен температураның 7-8 градусқа дейін көтерілуімен облыстың 4 ауданын еріген қар сулары шая бастады.

Апатты жағдайдың алдын алды

Сауран, Ордабасы, Созақ, Бәй­дібек аудандарында, сондай-ақ Арыс және Кентау қалаларында нөсер жауынның салдарынан 21 елді мекен, оның ішінде 234 аула аумағын су басып қалды. Тө­тенше жағдайлар департаменті маман­дарының айтуынша, өңірге 7 сағаттың ішінде жауған жаңбырдың көлемі 10 күндік мөлшерден асып түскен. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД қызметкерлерімен бірге 204-тен аса тұрғын қауіпсіз жерге көшіріп, 790 ұсақ мал құтқарды. Бәйдібек ауданында 36 мал қырылды деген ақпарат тіркелді. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды. Арнайы жедел штаб құрылды. Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде су жиналған. Ордабасы ауданындағы «Найман» және «Құртай» каналында су деңгейі көтерілген. Қазіргі уақытта су Арыс өзеніне құйылып жатыр. Үйлерді су басудан қорғайтын құм салынған 2 500 қапшықтан бөгет жасалды. Майдантал ауылында суды қашырту үшін жасанды каналдар қазылып, аула учаскелерін су басу қаупі сейілді. Суды қашыртуға барлығы 300-ден аса адам, 100-ге жуық техника, 28 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар басқармалар мен кәсіпкерлер арқылы ондаған техника көмекке келді.

пва

Ең бастысы, адам шығыны жоқ. Дегенмен адам өміріне қауіп төнген тосын оқиға да орын алған. Иә, Бәйдібек ауданы Мыңбұлақ ауылының тұрғындары да таң атпай селге тосқауыл қою жұмыстарымен айналысып жатқан болатын. Тоқтамай жауған жаңбыр сай-салаға түсіп, ондағы қар суымен қосыла ауылдарға лап қойған. Сол сәтте ауыл округінің әкімі Ғалымжан Әкімбаевқа облыстық маңызы бар «Шаян-Мыңбұлақ» автожолында келе жатқан «ВАЗ-2106» автокөлігі қырдан аққан ағын судың екпінімен жолдан шығып кеткені жайында шұғыл хабарлама түскен. Ауыл азаматтары оқиға орнына жедел жетіп, суға ағып бара жатқан көлікті құтқаруға кірісіпті. Көлік ішінде жүргізушіден бөлек аяғы ауыр келіншек пен 7 жасар қыз болған екен. Үшеуі де көліктің үстіне шығып, көмек күтіп отырған. Судың екпінімен аққан көлік автожолдан ұзап кеткен. Оқиға орнына жеткен 4-5 адам көлік аққан беттен ұзақтау еді. Ауыл әкімі тасқын судың арғы бетіне айналып өтіп, көлікке жақындайды. Осы кезде сумен ағып келген үлкен мұз көлікті орнынан қозғалтады. Жағаға жете берген тұста көлік жүргізушісі секіріп түскен. Ғ.Әкімбаев беліне арқан байлап келіншек пен оның қызын құтқаруға кіріседі, ал өзге азаматтар арқанды мықтап ұстап тұрған. «Менің орнымда болған кез келген азамат осылай істер еді деп ойлаймын. Сондықтан мен бұл ісімді ерлік деп санамаймын», дейді ауыл әкімі. Ал құтқарылған азаматтар ауруханаға жеткізілген.

Жалпы, жыл басынан бері облыс әкімі Дархан Саты­бал­дының тапсырмасымен барлық аудан, қалада су тасқынына қарсы жұмыс күшейтілген болатын. Ауа райының алдын ала болжамы назарға алынып, арық-атыздар, каналдар тазаланды. Техника мен төтенше жағдай департаментінің мамандары, жергілікті әкімдіктер дайындық жағдайына кел­тірілді. Соның нәтижесінде үлкен шығындар мен апаттарға тосқауыл қойылып отыр. Облыс әкімі су тасқыны орын алған елді мекендерде болып, жағдайға қанығумен қатар апаттың алдын алуға қатысты нақты тапсырмалар берді.

Үкіметтің тапсырмасымен Түр­кістан облысына арнайы келген Төтенше жағдайлар минис­трі Юрий Ильин облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге ауыл тұрғындарымен жүздесіп, тұрғындарға көмек беріп жатқан еріктілермен кездесті. Сауран ауданының төрт елді мекенінде су басу салдарын жою барысымен танысты.

«Облыстық әкімдіктің, жергі­лікті атқарушы органдар­дың дер кезінде жасаған үй­ле­сімді жұмыстарының нә­ти­жесінде ауыл әкімдері мен құтқарушылардың жұмы­луынан үлкен апаттың алды алынды. Қар мен жаңбырдың мөлшерден артық түсуінен, ауа райының күрт жылынуы салдарынан өңірде елді мекендерді су басу қаупі расында жоғары болды. Бұл туралы айтылған алдын ала болжам расталды. Алдын алу жұмыстары өз нәтижесін берді. Су келген ауыл­дарды көріп, тұрғындармен кез­дестім. Бірқатар аулаға су келген. Олар ретке келтірілген. Зар­дап шеккен ауыл­да төтенше жағ­дай жариялануы мүмкін. Онда шы­ғынды жергілікті бюджеттен өтеу мәселесі қаралады. Ешкім көмексіз қалмайды», деді Ю.Ильин тұрғындармен кездесуде.

Келтірілген залалды бағалау бойынша облыс әкімдігі тарапынан комиссиялық аралау ұйым­дастырылған. Егер тұрғын­дардың үйлері құлап немесе басқа да зардап келсе, онда шығын өтеледі. Ол үшін жергілікті бюджетте қаржы қарастырылған. Егер жетпесе қаржы республикалық бюджеттен қаралады. Өңірдегі өзен-көлдердің арнасынан аспауын қыс басталғалы сала мамандары тәулік бойы бақылауға алған. Жедел штабтың мәліметінше, Ордабасы ауданындағы елді мекендегі су сорылған. Ми­нистр Арыс және Кентау қала­ларында, Бәйдібек және Созақ аудандарында болды.

Нөсер жауынның соңы су тасқынына ұласқан табиғи сипат­тағы жағдай қалпына келе бастады. Қауіп сейілді, дегенмен алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағ­дайлар департаменті бас­ты­ғының орынбасары Бақыт­жан Запаровтың мәлім­деуін­ше, әрбір аудан, қалада су тасқынының алдын алу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Су басу қаупі бар аймақтар мен су нысандарында 24 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылған. Судың деңгейі және елді ме­кен­дерді қарғын судан сақ­тау жұмыстары тұрақты қадаға­лауға алынған. Ордабасы ауда­нын­дағы елді мекенде су со­рылған. Инертті материалдары бар 15 мыңға жуық қап салынған. Сондай-ақ Арыс қаласында – 4, Бөген өзе­нін­де – 1, Түркістан облысы аумағындағы Сырдарияда 4 гидрологиялық бекет жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық эвакуацияланған 204 азамат, оның ішінде Кентау қаласы Қарнақ ауылының – 11, Сауран ауданының – 187 (оның 111-і – бала­лар), Бәйдібектен 6 адам үйіне оралды.

Сенбі күні Төтенше жағ­дайлар министрі Юрий Ильин, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай және мүдделі ұйымдардың өкілдері әуеден барлау жұмыстарын жүргізді. Одан кейін министр жергілікті атқарушы органдармен және су шаруашылығы мекемелерімен кеңес өткізіп, онда қалыптасқан метеорологиялық жағдай негізінде қажетті алдын алу шараларын қабылдау мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта жағдайдың тұрақты, ешқандай қауіптің жоқтығы мәлім етіл­ді. Сонымен қатар құтқару бөлімшелері атқарушы органдармен бірлесіп, қосымша алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.

 

Түркістан облысы