Қоғам • 06 Ақпан, 2023

Әл-Фараби – көшбасшы ғұлама

607 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Менің ғылыми өмірім Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тікелей байланысты. Сонау 1976 жылы осы университеттің философия тарихы және логика кафедрасына аспирантураға түсіп, сол кездегі кафедра меңгерушісі, ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор-фарабитанушы Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов мектебінің шәкірті атандым. Осы айтулы философиялық мектеп ғылыми ғұмырыма үлкен рухани өзгеріс алып келді. Сол жылдардан бастап қазақ философиясы, фарабитану ғылыми ізденістерімнің басты мақсатына айналды.

Әл-Фараби – көшбасшы ғұлама

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қазақстанда әл-Фараби мұраларына деген қызығушылық, зерттеу, насихаттау жұмыстары ХХ ғ. 60-70-жылдарынан басталып, Қазақстан фарабитану­дың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды. Еліміздегі фарабитану­­дың басында, негізгі ұйтқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, мәселені көтеруші ре­тінде А.Машани мен А.Көбесов, Ә.Әлім­жанов есімдері аталса, ал 1968 жылы ҚазКСР ҒА философия және құқық институтында Әл-Фараби мұраларын зерттейтін шығармашылық топ құрылды, оның жұмысын ҰҒА корреспондент-мүшесі А.Қасым­жанов үйлестірді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі, энциклопедиялық ғылыми мұра­сы, рухани әлемі оның көзі тірі кезінде-ақ сол заман ғалымдарының назарын өзіне аудара бастаған. Фараби өмірден өткеннен кейін бұл зерттеулер бүгінде әлемнің алуан тілде жазатын ғалымдары шығармаларымен толығып, «Фараби­тану» атты тұтас бір ғылым саласына айналды. Фарабитануды құрайтын сол мұраны шартты түрде бес топқа жіктеуге болады. Бірінші топқа ортағасырлық араб, парсы ғалымдарының жазбалары кіреді. Екінші топты фарабитанудың тағы бір үлкен саласын XIX-XX ғ.ғ. Мысыр, Сирия, Ливан, Иран және Ауға­н­­­стан ғалымдары толықтырды. Фара­би­танудағы үшінші топты Батыс авторлары құрайды. Бұл саладағы Фараби мұрасына қызығушылық XV ғасырдан бас­талды. Фарабитанудағы төртінші топқа патшалық Ресей және кеңес заманындағы шығыстанушылар жатса, бесінші топқа түркітілдес халықтар ғалымдарының еңбектерін жатқызуға болады. Өткен ғасырдың ортасында бұл іске түрік оқымыстылары білек сыбана атсалысты. Олардың ішінде А.Атеш, К.Бурслан, Н.Кеклик, С.Ануар, Х.Үлкен, т.б бар. Әсіресе Ахмед Атештің «Фараби шығармаларының библиографиясы» (1951), Зия Үлкеннің «Ислам философиясының тарихы» (1957), Нихат Кекликтің «Мантық тарихы» (1969) ең­бектері – түрік фарабитануының көш басында тұрған дүниелер. Профессор А.Атештің библиографиясында әл-Фара­бидің 160 трактатының аты аталып, олар­дың қашан, қай жерде жарық көргені немесе қайда сақталғаны жөнінде толық мағлұматтар келтірілген. Ал XX ғ. аяғы мен XXI ғ. басында фарабитану ғылымына өзіндік үлесін қосып жүрген түркі әлеміне танымал белгілі ғалым, профессор Бекір Қарлығаның еңбектерін ерекше атап өткеніміз жөн.

Түркия фарабитанушылары бірінші болып 1950 жылы Анкара және Ыстан­бұл университеттерінде әл-Фарабидің өмірден өткеніне 1000 жыл толуын кеңі­нен атап өтті. Қазақстандағы фарабитану­шылардың фарабитануға қос­қан үлесіне тоқталатын болсақ, бел­гілі фара­битанушылардың бастауы­мен әл-Фарабидің еңбектері қазақ және орыс тіл­дерінде жарық көрді. А.Х.Қа­сым­жанов үйлестірген «филосо­фия та­рихы және Қазақстандағы қоғам­дық-сая­си ойлар» бөлімі жанынан құрыл­ған әл-Фараби мұраларын зерттеу шы­ғар­машылық тобында И.О.Мұхаммед (Иран), Еуропа тіл­дерінің маманы Б.Я.Оше­рович, шығыс математикасының мама­ны А.Қ.Көбесов, арабтанушылар А.С.Ива­нов, К.Х.Таджикова, Н.Караев сынды ғалымдар болды, сонымен қатар мәс­кеулік арабтанушылар Б.Г.Ғафуров және А.В.Сагадеевпен байланыс орнатылды. Осы ғылыми шығармашылық топтың арқасында әл-Фарабидің шы­ғармашылығымен, қолжазбаларымен мұ­қият танысуға байланысты зерделі зерттеулер бас­талып кетті. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде А.Қасымжанов, М.Бурабаев, Ә.Дербісалиев, Қ.Жарықбаев, Г.Шай­мұханбетов, С.Сатыбековалардың ең­­бектері қазақстандық фарабитану кеңіс­тігін кеңейте түсті. Алғаш рет әл-Фа­рабидің «Философиялық трактат­тары», «Әлеуметтік-этикалық трактат­тары», «Логикалық трактаттары», «Мате­ма­ти­калық трактаттары», сондай-ақ «Пто­лемейдің «Алмагестіне» түсініктеме» атты мирастары қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. 1970 жылдары кеңестік қоғамның академиялық ортасында әл-Фарабидің (870-950) философиялық мұрасына ерекше қызығушылық пайда болды. Бір қарағанда, осы бір асыл мұра Орталық Азиядағы ойшылдың отанын­да, сондай-ақ Ресей мен бүкіл кеңес одағын­да зиялылар қауымына енді ғана белгілі бола бастаған немесе ежелден беймә­лім сияқты көрінді. Бұл қызығушылық белгілі бір дәрежеде Ресейде білім ал­ған және академиялық шыңдалудан өт­кен ортаазиялық фило­софтардың өз өңірлерінің зияткерлік келбетін жасауға деген ұмтылысынан туындады. 1970 жылы Алматыда әл-Фарабидің таңдама­лы философиялық трактаттарының үзінділері­нен аударма жасалды, одан кейін мате­матика, әлеуметтік-этикалық мәселелер, логика бойынша трактаттарының үзін­ділері жарыққа шықты. Бұдан әрі кеңес идеологиясы қағидаларына сәй­кес жасалған философия тарихына әл-Фа­рабидің қосқан үлесін қорытуға арналған еңбектер пайда бола бастады.

Қазақстанда әл-Фараби есімі XX ға­сырдың жетпісінші жылдары айрық­ша танымал болды. Бұл ең алдымен әл-Фараби ғұмырнамашыларының IX-X ғасырларда бүгінгі Қазақстанның аума­ғында орналасқан Фарабты оның отаны деп санауына байланысты еді.

Осы тұста фарабитанудың көпшілік­ке беймәлім болып келген беттері туралы Алаштың біртуар азаматы Мұстафа Шоқайдың бүгінге дейін белгі­сіз болып келген мақаласы жөнінде сөз айт­пақпыз. М.Шоқай әл-Фарабидің «ізгі қала» ілімін зерделеп, ғылыми тұрғы­дан қалай негіздеген? Қайраткердің бұл ұстанымы жалпы түркі мұрасын ұлт­шылдық және фашистік идеологияға жа­қын­дату әрекетінен қорғап, қалай сақ­тағаны жөнінде өз ойларымды ортаға салу­ды жөн көріп отырмын. Шоқайдың еуропалық достары ол қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бұл мақаласын өте жоғары бағалаған. 1941 жылы М.Шоқай «Түркістан» деп аталатын мақаласын­да әл-Фарабидің «Қайырымды қаласы­ның» үлгісін келтіре отырып, оған тамаша талдау жасайды. Еуропа тілдерін жетік меңгеру М.Шоқайға сол замандағы философиялық еңбектермен түпнұсқада танысуға, жекелей алғанда, фашизмнің өрті лаулап тұрғанына қарамастан, оларды өзіндік заманауи тұрғыда түсінуге жол ашты. Осылайша оның қолына әл-Фарабидің іліміне қате сілтеме жасап, нацизм ықпалындағы бұрыс ойға бұруды көздеген зерттеуші барон Карра де Воның кітабы қолына түседі. Сондай-ақ Карра де Во әл-Фарабидің ізгілікті қоғамы мен неміс философы Ницшенің «үстін адамын» («сверхчеловек») салыстыра отырып, қатар қояды. Дүниежүзілік соғыс алдында, фашистік үгіт-насихат жағдайында бұндай ойлар мүдделі жақ тарапынан бірден қолдауға ие болып, вермахт идеясы үшін «жұмыс істеуі» мүмкін еді. Кәсіби заңгер (Санкт-Петербург университетінің түлегі), ақиқат үшін күресуші Мұстафа Шоқай жарияланған еңбекке өз ойын білдіріп, бірден мағыналық жағынан сәйкессіздік барын білдіреді. 1941 жылы жазылған оның жазбалары кейінірек «Түркістан» журналында орыс тілінде жарық көрді. Оның достары мен замандастары М.Шоқай қайтыс болғаннан кейін, отанын азат етуді арман тұтқан қазақ күрескерінің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында «Түркістан» деген атпен 1949-1950 жылғы желтоқсан айын­дағы журналдың нөміріне жариялады. Бұл басылым Мұстафа Шоқайдың түр­кілердің мәдени мұрасын жанын сала қорғағандығын, фашизм мен расизм­нің қауіптілігін алдын ала білгендігін дә­лелдейді.

Әл-Фараби ілімінің негізгі мәнімен жақсы таныс Мұстафа Шоқай батыл түр­де түркі ойшылын қорғауға ұмтылды. Егер Барон Карра де Во: «Қоғамдағы зорлық-зомбылық пен күштің рөлі туралы ойлар өзгеше күйде Ницшенің кейінгі тұжырымдамаларына жақын келді», деп жазса, Мұстафа Шоқай мұндай анық­тамамен келіспейді. Шоқай ашық түрде: «Күш пен зомбылыққа және олардың қоғамдағы рөліне деген қатынас әл-Фара­биде мүлде басқаша, неміс философына қарама-қайшы келеді. Егер Ницше үшін ізгілік (добро) – жоғары топтың төмен топқа билік жүргізуі, яғни «үстін адамның» («сверхчеловек») қарапайым адамдардан жоғары тұруы болса, Фараби үшін күш пен зомбы­лық «адам философиясындағы қатыгездік ауруы».

Қазақтың ұлттық интеллигенциясы үшін XX ғасыр тарихи зор маңызға ие. Орта­лық Азияның көшбасшы элитасы ұлт­тық мемлекеттердің тағдырына деген жауапкершілікті өз мойындарына ала білді. Сыртқы басқыншылықтан интеллектуалды мұраларды, анығында түркі тегінен шыққан ортағасырлық ғұлама ғалым әл-Фарабидің қайырымды қала туралы ілімін де қорғау қажеттігі туындағанын білдік. Түйіндеп айтар болсақ, Еуропаға еріксіз түрде эмиграцияға кетуге мәжбүр болған Алаштың аяулы азаматы М.Шоқайдың түркі мәдени мұрасын, соның ішінде әл-Фарабиді насихаттау мен танытуда жанкешті іс атқарып кеткенін қашанда еске салып отырғанымыз дұрыс.

Ойымызды әрі қарай жалғасты­рар болсақ, әл-Фараби есімі Еуропаның көптеген елінде ертеден танымал болып, XII-XIII ғғ. өзінде-ақ оның философия­лық трактаттары ежелгі еврей және латын тіл­деріне аударылды. Бірақ әл-Фараби мұрасын жүйелі әрі нақты зерттеу оның трактаттарының мәтіні мен аудармаларын басып шығарумен қатар, зерттеу жұмыстары XVIII-XIX ғ.ғ. ортасында шыға бастады. Ортағасырлық Еуропа классикалық ежелгі грек философиясымен көп жағдайда әл-Фараби еңбектері арқылы танысты. Мәселен, XII ғ. кезінде оның «Ғылымдар классификациясы» деген трактаты латын тіліне екі рет аударылды. «Альфарабиуса» – «Сананың мәні туралы», «Сұрақтар негізі» және Аристотельдің «Физика», «Поэтика» ең­бек­теріне жазған түсініктемелері, «Ба­қыт жолы туралы» және логикаға байланысты трактаттары мен басқа еңбектері XII ғ. ­бастап XVII ғ. дейін латын тіліне бірнеше рет аударылды. Әл-Фарабидің кейбір трактаттары осы күнге тек латын тіліндегі аудармалар арқылы жетті, оның араб тіліндегі кейбір қолжазбалары, өкінішке қарай, сақталмаған.

Алғаш 1481 жылы Венецияда әл-Фа­рабидің риторикаға қатысты екі трактаты латын тілінде аударылса, 1638 жылы Парижде «Ғылым туралы», «Сана және ойлау мүмкіндігі» трактаттары тағы да латын тілінде басылды. Кейінгі ғасырларда ұстаз мұрасына деген ынта бәсеңдеп, 1836 жылы Август Шмельдерс әл-Фарабидің 3 трактатының арабша түпнұсқасы мен латынша аудармасын басып шығарғаннан соң бұл игілікті іс қайта жалғасын тапты. А. Шмельдерстің ізденістерін оның шәкірті П.Бронле жалғастырды.

XIX ғасыр соңында ұстаз мұрасына неміс ғалымдары да баса назар аудара бастады. Алғашқылардың бірі болып М.Штейншнейдер «Әл-Фараби» атты еңбегін жарыққа шығарды. Дегенмен ұстаз еңбегін неміс оқырмандары арқылы күллі Еуропа жұртшылығына кеңінен таныстырған аса көрнекті фарабитанушы, неміс ғалымы Фридрих Дитерици болды. Ол 1890 жылы Лондон, Лейден, Бер­лин қалаларында сақталған қолжазбалар негі­зінде әл-Фарабидің 8 трактатын араб тілінде шығарса, екі жыл өткен соң бұл трактаттарды неміс тіліне аударып, кең көлемді алғысөзбен жеке кітап етіп бас­тырды.

Ф.Дитерици 1890-1895 жылдары ұстаздың іргелі еңбегі «Қайырымды қала тұрғындары» мен философиялық трак­таттарын жариялады. Бұл басылым­ды әл-Фараби еңбектерін бүкіл Батыс жұрт­шылығына кеңінен таратып қана қоймай, Еуропаның әйгілі философтарының назарын ұстаз мұрасына аударды. Солардың ішінде ХХ ғасырдың басындағы атақты неміс философы, «Еуропаның күйреуі» атты еңбектің авторы Освальд Шпенглер болды.

Оның бұл еңбегі 1918 жылы жарық көрісімен-ақ автордың есімін әуелі неміс жұртына, кейін бүкіл әлемге мәшһүр етті. Соның нәтижесінде О.Шпенглер әлем философиясы мойындаған ХХ ғасыр ойшылдары қатарынан ойып орын алды.

«Еуропаның күйреуінде» әл-Фараби есімі екі рет аталады. Алғашында әлем тарихының мифологиясына арналған са­лыстырмалы кестенің «Аяқталған ұлы жүйелер» бөлімінде әл-Фараби есімі жай ғана аталып өтсе, кейін О.Шпенглер: «Араб­­ские мыслители зрелого времени – а среди них были первостепенные умы, как например Аль-Фараби», деп ұстаз ойшылдығына өте жоғары баға береді (Шпенглер О., Закат Европы. М., 1998, сс.104-274).

Шындығында, орта ғасырдан бастап, күні бүгінге дейін Батыс қоғамында исламды христиан, яһуди діндеріне қарсы қою үрдісі жойылмай келеді. Қасиетті «Құранда» олар «ахл әл-китаб», яғни «кі­тап түскен адамдар» деп құрметпен аталады. Исламда төрт кітаптың төртеуі де («Құран», «Тәурат», «Забур», «Інжіл») қасиетті саналып, оларға құрметпен қарау ұсынылады. Өкінішке қарай, кейбір Батыс ғалымдары мұны көре алмай, исламды қаралаудан танбай отыр. О.Шпенглер оны дұрыс байқап, орынды да орнықты баға берген. Бұл, сөз жоқ, әл-Фараби мұраларын оқығаннан кейін туындаған пікір.

Отандық фарабитануда 1975 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған үлкен халықаралық ғылыми конференция Мәскеу, Алматы, Бағдад қалаларында болып өтті. Сөйтіп, Алматы аз уақыттың ішінде әл-Фараби мұраларын зерттейтін ғылыми орталыққа айналып, ол жұмыстар шетел ғалымдары арасында кеңінен танымал болды. Сондай-ақ 1975 жылы Мәскеу қаласында белгілі шығыстанушы-ғалым Б.Г.Ғафуров пен А.Х.Қасымжановтың орыс тілінде шық­қан «Аль-Фараби в историй культуры» атты кітабы араб-мұсылман философия­сы мен мәдениетін ұлықтап, фарабитанумен шұғылданушы ғалымдар арасында үлкен сұранысқа ие болса, ал 1982 жылы Мәскеу қаласындағы «Мысль» баспасынан шыққан А.Қасымжановтың «Аль-Фараби» атты кітабы көпшілікке кеңінен танымал болды. Сондай-ақ белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романы қазақ оқырмандары арасында үлкен резонанс туғызды.

Ғасырлар ғұламасы, ұлы жерлесіміз әл-Фараби негізін қалаған орта ғасыр мәдениеті мен философиясы өз дәуірінен озып, қазіргі күнде адамзаттың рухани игілігі үшін қызмет етуде. Екінші ұстаз атанған әл-Фарабиді қазақ халқы мақтан тұтады. Ол өзінің керемет ғалам­дық деңгейдегі философиялық ілім­дері арқылы түркілік ойлау, түркілік дүние­таным, түркілік ин­теллект мүмкін­дігінің қаншалықты жо­ғары екенін бүкіл Еуропаға паш етті.

Ислам мәдениетінің гүлденуі орта­ғасырлық классикалық ислам филосо­фия­сының ірі өкілдері әл-Кинди, әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Ғазали, Ибн Рушд сынды алып тұлғаларды өмірге алып келді. Ең бас­тысы, мұсылмандық Шығыс эллиндердің ұлы рухани мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізе білді.

Орта ғасырдағы ислам философтары Арис­тотель мен Платон тарактат­тарын араб тіліне аударып, Шығыс пере­патетизмінің негізін қалады. Испандық перепатетизм өкілдері араб тілінен латын тіліне аударды. Бұл аударма қолжазбалар бүкіл Еуропаға таратыла бастады. Кейінгі ұрпақ естен шыға бастаған эллиндердің рухани мәдениеті мен еркін ойлауға, өмірге деген сүйіспеншілік көзқарастары негізінде тәрбиеленді. Осы кітаптардан бастап ортағасырлық Еуропада ренессанс ұғымы дүниеге келді. Ренессанс – эллинизмнің Еуропадағы өркендеуі. Ол ежелгі Грекия мен Ислам әлемінде бастау алған генетикалық бай тұқым болды. Осыдан бастап батыстық алып өркениеттің алып ағашы өсіп шықты. Бұл – Батыс пен Ислам өркениетінің сұх­баттасуының дәлелі.

Біз әл-Фараби және оның ізба­сар­лары ежелгі грек философиялық мек­тептерінің еңбектеріне тек қана комментарий жасаумен шектеліп қалмағанын білеміз. Қазіргі кездегі белгілі неміс философы Мартин Хайдегер ортағасырлық мұсылман философтары жайлы айтқанда былай ой тұжырымдайды: «Әрине, олар­дың (орта ғасыр философтары) Аристотель философиясын түсінбеді дегені жалған болар еді. Олар оның философиясын жаңа қырынан ғана көріп, қоймай, оған жаңа мәнмен талғам берді», дейді.

Демек әл-Фараби де және оның ізба­сарлары да ежелгі грек философиясын соқыр таныммен зерттемей, оны терең түсіне білді.

Әл-Фараби Аристотель мен Платон­ның, әл-Киндидің ізін қуып, философия мен ғылымның барлық саласы бойынша үлкен жетістікке жетті. Оның рухани әлемі, интеллектуалды деңгейі өз замандастарын таңғалдырды. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таң­дап алып, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді.

Мәселен, әл-Фарабиді дүниеге та­ныт­қан Музыка теориясына арнаған шы­ғармаларының бірі – «Музыканың үлкен кітабы». Ғұлама бұл еңбекте мате­матикалық тәсілдерді пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, музыкалық дыбыстардың 12 гармониясы туралы айтып, нотаны алғаш дүниеге келтірді. Әл-Фарабидің бұл еңбегі ХV ғасырда латын тіліне аударылып, Еуропа музыка ғылымы мен өнерінің дамуына үлкен әсерін тигізді.

Енді әл-Фарабидің әлеуметтік-эти­калық ойларына келетін болсақ, этиканы ол ең алдымен жақсылық пен жамандық­ты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сон­дықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Әл-Фараби жасаған қорытындының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Әл-Фарабидің пікірінше, ғылым мен философия адамы болу үшін қойылатын ең бірінші талап – адамның жан тазалығы, ар тазалығы, адамға, өз халқына деген таза махаббат, ғылым мен білімге деген құштарлығы мен бірлігінде. Әл-Фараби өзінің «Бақыт жолын сілтеу» трактатында бақытқа, оған жетуге бастайтын жолға айрықша назар аударады. Әл-Фараби тірі адамның бақыты туралы айтады. Оған жету үшін өзін-өзі жетілдіре отырып, қиын жолдан өтуі керек. Адамның табиғи қабілеті өздігінше жақсы қылықты да, жаман қылықты да істеуге бірдей мүмкіндік береді. Адамның жетілуі мінез-құлықтың жетілуімен үйлесе келеді, осыдан келіп, бақытқа жетумен мінез-құлықтың же­тілуі арасында байланыс туады. Бір сөз­бен айтқанда, әл-Фараби адамдардың көз­деген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байла­нысты екенін айтады.

Әл-Фараби «Азаматтық саясатта» адам қоғамдарын талқылауды қаладан бастаса, «Нақыл сөздерде...» ол мұны ең кішкене ұядан-отбасынан немесе үйден бастайды. Аристотель сияқты ол үйді бірнеше бөлікке – ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, ата-анасы мен баласы, мүлкі және иесі деп бөледі. Үйдің өзіне тән мақсаты болады, бірақ қаланың бір бөлшегі болғандықтан, ол қала белгілейтін ортақ мақсатқа қызмет етуге арналады, сөйтіп бұл арада адамның өз басының мүдделерін қоғам мүшелеріне бағындыру туралы пікір айтылады. Бұл жерде әл-Фарабидің қала дегенін мемлекет деп түсіне отырып, мұнда тек жеке бастың мүдделері ғана емес, қоғам мүддесін жоғары санауын үлкен бір азаматтықтың, адамгершіліктің көрінісі деп білеміз.

Шығыстың ұлы ойшылы мұра­ла­рының қазақ даласына қайта оралуы, мемлекет басқару жөніндегі құнды ойлары әділетті қоғам құруымыз үшін аса маңызды.

 

Жақыпбек АЛТАЙҰЛЫ,

философия ғылымдарының докторы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының

профессоры