Сұхбат • 22 Қаңтар, 2023

Әділ Ахметов: «Өзімді шыңдауға әрқашан баса мән беремін»

467 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жақында белгілі актер Әділ Ералыұлы Ахметовпен сұхбаттасудың сәті түсті. Ол 2020 жылдан бері Астана қаласындағы «Жастар» театрында директор қызметін атқарып келеді. Ә.Ахметов жастайынан өнерге құштар болып, өнімді еңбегінің нәтижесінде, жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Оның Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болуы, сондай-ақ бірнеше атаулы марапатты иеленуі осы сөзіміздің айқын дәлелі. Бастысы, оның басқаруындағы театрдың өзі де республикалық және халықаралық өнер шығармашылығында топ жарып, жүлделі орындарды иеленген.

Әділ Ахметов: «Өзімді шыңдауға әрқашан баса мән беремін»

– Әрбір адамға кіндік қаны тамған туған жері ыстық болады. Сол кезеңнің естеліктерін оқырмандарыңызға тарқа­тып айтып берсеңіз?

– Менің балалық шағымның мезеті Алматы қаласы маңындағы Қалқаман кентінде өтті. Осы мекенде үлкен отбасында өсіп, тәрбиеленіп, бір шаңырақта ата-анам, атам және әжем, сондай-ақ бауырларымыз бірге тату-тәтті өмір сүрдік. Біздің кенттің бір ерекшелігі, мұнда түр­лі этнос өкілдерімен араласу арқылы олар­дың әдебиетін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын же­тік білуге мүмкіндік алдым. Бұл кейін өнер саласындағы жолымда көп көмегін тигізді. Ал жоғары сыныптарды Алматы қаласындағы Тастақ шағын ауданын­дағы №58 орта мектепте оқып, бітірдім. Бұл мек­тебіміз сол бір жылдары әуелі орыс, кейін қазақ мектебі ретінде толық қалыптасты. Осы мектепке Қырғызстан, Қытай мен Қарақалпақстаннан көшіп келген отбасылардың балалары оқуының негізінде мен түрлі ел мәдениетінің інжу маржанына терең бойладым. Және өнер­ге деген қызығушылығымның артуына атамның тікелей ықпалы болды.

Бірде атам маған үйге бейнекамера сатып әкелді. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезім. Бұл құрал сол кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін. Осы орайда «Хабар» телеарнасындағы «77 күн» бағдарламасының мазмұндық ерекшелігі менің қызығушылығымды арттырып, әлгі бейнекамераны пайдалану арқылы бірде қарттың рөлін сомдасам, бірде көршілер бейнесіне пародия жасадым. Мұнан өзге, мектептегі сахналық қойылымдарға бел­сенді түрде қатыстым.

Біз жоғары сыныпта оқып жүргенімізде, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер ака­де­миясының 4-курс студенті Ернат Шай­мерденов деген азамат мектебімізде бас­тауыш сыныптарына ән-күй сабағынан дәріс берді. Осы азамат менің бойымдағы өнерге деген қабілетімді аңғарып, өзі оқып жүрген білім ордасына бағымды сынап көруге ұсыныс жасады.

– Сонымен бұл ұсынысты қалай қабылдадыңыз?

– Мен бұл ұсынысты ерекше ықылас­пен қабылдадым. Ата-анам да талабы­ма қолдау білдірді. Мектеп бітірген бойда Т.Жүр­генов атындағы Ұлттық өнер ака­де­миясына құжаттарымды тапсырдым. Содан жолым болып, 200 баланың ішінен іріктелгендердің арасынан табылып, Нұрқанат аға Жақыпбайдың шеберханасынан дәріс алдық. Бұл оқу орнын бітіргеннен кейін ұстазымыз Нұрқа­нат ағамен бірге Алматы қаласында жеке ­театрда қызмет жасадық. Алайда біз осы орында бір жыл жұмыс істегеннен кейін, яғни 2007 жылы Астана қаласындағы театр жұмысын өркендетуге шақырту ал­дық. Сонымен Нұрқанат ағай және оның 12 шәкірті бас қалаға келіп жеттік. Мұнда келгенімізбен, күрделі қиындықтарды ­бастан өткердік. Өз алдына біз дайын­далатын өнер орда­сының болмауы сал­дарынан, түрлі ғима­раттарда шеберлігімізді шыңдауға тура келді. Осыған қарамастан, біздің қойы­лым­дарымыз он бес жыл ішінде он бес рет бас жүлдені иеленіп, өзіміздің ауыз­бір­шілігімізді дәлелдей білдік. Орын таң­дамай, жертөлеге дейін қанағат тұтып жүр­ген бізге ақыры 2015 жылы қазіргі ғима­ратты пайдалануға берді. Ол кезде бұл киелі шаңырақ К.Бай­сейітова атын­дағы опера және балет театры болатын.

– Сіз басқаратын театрдағы қызмет­керлердің әлеуметтік мәселесі мен айлық табысы қалай шешілген?

– Жалпы, мекемемізге қатысты мәсе­лені басынан бастап айтқан жөн болар. Мәселен, осында директор болуымның өзі ойламаған жерден болды. Сол кездегі біздің директорымыз Ернар Жұматаевты басқа театрдың басшылық қызметіне тағайындады да, ұжымдағы барлық қыз­меткер Астана қаласы әкімінің атына арнайы өтініш жазып, мені осындағы директор қызметіне лайықты деген ұсы­ныс жасады. Осы бастаманы көтерген Нұр­қанат ағайға алдында қарсылық біл­дір­геніммен, кейін ойлана келе жалпы көпшіліктің сенімі мен үмітінен аттап кетуді ар санадым. Ақыры әкімдіктің көпшілік өтінішін қолдауы нәтижесінде, 2020 жылдан бастап осында директор қызметін атқарып келемін.

Алдымен қызметкерлеріміздің өнімді жұмыс істеуі үшін, сол кезде Астана қала­сының әкімі болған Алтай Сейдірұлы Көл­гінов театрымыздың қажетті озық техни­калық құрал-жабдықтармен қамтылуына қолдау білдірді. Сонымен бірге 21 жыл бойы істен шыққан жеделсаты іске қосы­лып, ол пайдалануға берілді. Театрға өнер­паздардың тиісті киімдері сатып алынды.

Өзім директорлық қызметте болғалы ұжы­мымыздағы екі қызметкердің баспа­налы болуына септігімді тигіздім. Бір­қа­тары жатақханада тұрып жатыр. Деген­мен актерлердің тұтастай әлеуметтік мәселесіне келсек, олардың жетпіс пайы­зы баспанамен қамтамасыз етілмеген және кейбірінің айлық табысы 140 мың теңге ғана көлемінде. Алайда бірқатар санат бойынша өткен жылы айлыққа үстем­еақы қосылып, көңілімізді бір демдеп тастады. Актерларымыз халықаралық өнер сайыстарынан жүлдемен оралып, шеберліктерін одан әрі шыңдай түсуде. Олардың осынау жетістіктеріне сүбелі үлесін қосып жүрген, театрымыздың көр­кемдік жетекшісі Нұрқанат ұстазы­мыздың бәсі де, орыны да бөлек. Ағайымыз өткен жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанса, театрымыздың алғашқы директоры болған Ғани Құлжановқа «Құр­мет» ордені берілді. Сонымен бірге өткен жы­лы Назерке Серікболова деген актрисамыз да «Дарын» сыйлығын иеленді. Ал енді көзіқарақты жұртшылық 2022 жылы театрымыздың жанынан «Қанаттылар» инклюзивті театрының ашылғанын жақсы біледі.

– Енді осы «Қанаттылар» театры жұмысының бағыт-бағдарына тоқ­та­лып өтсеңіз...

– Елімізде тұңғыш рет біздің театр жа­нынан ашылған бұл өнер ордасының шымылдығы белгілі ақын Г.Салықбай­дың «Қанаттылар» музыкалық-поэтика­лық қойылымымен түрілді. Жалпы, осы инклю­зивті театр физиологиялық ерек­ше­ліктері бар адамдардың талантын шың­­дауға, оларды жұртшылыққа кеңі­нен таныстыруға өрелі мүмкіндік жасап отыр. Бұл ретте қияға самғаған өнер иелері бү­гінге дейін бірнеше маңызды туындыны сахналады. Соның ішінде танымал жазушы Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы негізінде сахна төріне шыққан «Қызжылаған» драмасы көпшілікті ерекше толғандырып, оларға келелі ой салды. Бұл туындының негізгі арқауы – ядролық сынақ алаңына айнал­ған Семей полигонының зардабы мен ­қасі­ре­ті. Нақты айтқанда, бір дәуірдегі тұтас халықтың ішкі жан-дүниесін ашық түрде жария еткен өзіндік орыны бар өлмес, өміршең туынды.

Енді аталған театрдың алдағы уақыт­тағы жоспарына келсек, олардың өз алдына отау құруы кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Себебі біздің «Жастар» театры 1954 жылы салынған. Сондықтан ең ба­сында ерекше қажеттіліктері бар жан­дар үшін, бұл жерде олардың еркін жү­ріп-тұруына техникалық тұрғыдан мүм­кіндік қарастырылмаған. Дегенмен біз «Қанат­тылардың» өз алдына заманауи театр ретінде бөлек шаңырақ көтеруін тыңғы­лықты шешуге атсалысып жатырмыз.

– «Анаға апарар жол» фильмінде бас­ты рөлді сомдадыңыз. Осы бас­ты­ рөлді орындау барысында қан­дай қиын­­дықтарға кездестіңіз?..

– Бұл жерде ең бірінші мәселе, ол рөл­ге деген жауапкершілік. Яғни өткен ға­сырдағы қазақтың басынан өткен зұлмат кезеңді жүректен өткізіп, оны халыққа шынайы жеткізе білу. Мен жалпы осы туындыны өмірге әкелу барысында тынбай көп іздендім. Әлемге белгілі жазушы Ш.Айтматовтың шығармаларын қайта бір бүге-шігесіне дейін оқып шығып, бір­қатар деректі фильмнің мән-мазмұнына терең бойладым. Мұнан өзге, сол кездегі нәубеттің куәгерлері болған қариялардың әңгімелерін тыңдап, ой түйдім. Осының негізінде және көпшіліктің ерекше ықы­ласына орай «Анаға апарар жол» фильмі сәтті шықты деп санаймын.

– Бір сұхбатыңызда «тарихи оқиға­ға қатысты рөлдерді сомдау арманым» деп едіңіз. Сол арманыңыз іс жүзінде орындалды ма?

– Арман орындалу үшін тынымсыз еңбек ету қажет. Сондықтан өзімді шың­дауға әрқашан баса мән беремін. Мұ­ның нәтижесі де жаман емес. Мәселен, «Томирис» фильмінде Томиристің күйе­уінің рөлін сомдап шықтым. Ал алдағы кезеңдерге Бату хан мен Шыңғыс ханды сомдау жоспарда тұр. Осы соңғы түсіріліп жатқан «Қорқыт ата» фильмінде Қорқыт атамыздың 35-40 жас аралығын сомдаймын. Жалпы арманым біртіндеп орындалып келе жатыр десем де болады.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Өткен жылы театрымыздың 15 жыл­дығы мен ұстазымыз Нұрқанат Жақып­байдың 75 жылдық мерейто­йын лайықты дәрежеде атап өттік. Енді айтайын дегенім, мен басында осы директорлық қызметке тағайындалған күні-ақ ұжымдастарыма «екі жылдан кейін директорлықпен қоштасамын» дегенмін. Бұл креслоға бауыр басқым келмегендіктен қабылданған шешім болатын. Негізінде актер сахнаға көп шықпаса, оның «қарайып» қалатыны анық. Менің бала кезімнен арман әрі мақ­сат тұтқаным – өмірімді сахнамен байланыстыру болды. Яғни қарапайым актер ретінде театрға одан әрі үлесімді қоса беремін. Жалпы, өзім басшылық жасаған осы кезеңдер ішінде өнер иелеріне қа­тысты мынадай пайым жасадым. Ол – «ди­ректор театрдың басшысы, актер театрдың патшасы» деген ұғым болатын. Сондықтан бұйырса, алдағы уақытта көп ұзамай патшалыққа кайта ораламын...

 

Әңгімелескен

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ,

журналист