
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері 15,637 мың этностық қазаққа қандас мәртебесі берілген. Тарихи отанымен табысқандардың жартысынан көбі (65,2%) Өзбекстаннан, 9,2%-ы Қытайдан, 8,8%-ы Ресейден, 8%-ы Түрікменстаннан, 4,8%-ы Моңғолиядан және 4 пайызы басқа елдерден келген. Атамекенге келген этностық қазақтар негізінен Алматы (28,1%), Маңғыстау (16,3%), Түркістан (8,7%) және Жамбыл (6,1%) облыстарына, сондай-ақ Астана (9%), Шымкент (6,9%) және Алматы (5,5%) қалаларына қоныстанған. Елге оралғандардың арасында еңбекке қабілетті жастағылардың саны 59,6 пайызды, еңбекке қабілетті жастан кіші 26,7 пайызды және зейнеткерлер 13,7 пайызды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 16 пайызы жоғары, 39 пайызы орта кәсіби, 43,1 пайызы жалпы орта білімді және 1,9 пайызының білімі жоқ.
Елге оралған қандастар санының артуына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің оларға жасап жатқан «қамқорлығы» себеп. Кеше Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2023-2027 жылдарға арналған «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының тұжырымдамасын ұсынды. Онда елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру мәселесі енгізілген. Мәселен, тұжырымдамада гранттар беру, қоныс аударушылар мен қандастарды оқытуды ұйымдастыру, кейіннен жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мәселесі ұсынылған.
«Қандастарды қоныстандыру саясатын елдің демографиялық және экономикалық үрдістерін ескере отырып, оларды құжаттарды қабылдаудың бастапқы кезеңінде қоныстандыру өңірлеріне қоныстандыруды қосымша ынталандыра отырып түбегейлі реформалау ұсынылады», деді министр.
Үкімет қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын айқындаған өңірлерге (Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) ғана бөледі. Өңірлік квота бойынша қоныс аударғандар отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолғы төлем және 12 ай ішінде тұрғын үй жалдау шығыстарын жабуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге бір отбасыға 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде субсидия түрінде қаражат төленеді. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес қандастар елге кіру кезінде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босатылады, олар бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарына тегін бара алады, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота бөлінеді (ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген). Сонымен қатар олар ел азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтылады, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өтініш бере алады және елде тұрақты тұратын қандастар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.
Айта кетейік, тәуелсіздік алғалы елге 1 миллион 103,5 мың этностық қазақ оралған. 1991-1992 жылдардың өзінде 7 мың қазақ атажұртқа келді. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түрікменстан, Иран және Ауғанстаннан қоныс аударған. Елдегі 19 миллион астам халықтың 6 пайызын атамекенге оралған қандастар құрап отыр. Өзге елдерде әлі де 4,5-5 миллионға жуық қазақ бар. 2025 жылға дейін межеленген Ұлттық жоспар іске асса, олардың 80 мыңға жуығы туған топырағына оралмақ.