Сұхбат • 09 Қараша, 2022

Миеко Каваками: Роман жазу – от пен су кешу

600 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бізге Мұхтар Әуезов ашқан жапон әдебиеті бүгін қандай күйде? Әлем әдебиетінде орны бар жапон әдебиеті қазір көші ілгері жылжымаса, тоқырап қалған жоқ. Нобель сыйлығын алған жапон жазушыларының саны да көбейіп келеді. Сол үшін де төрткүл дүниедегі қалың оқырман қауым Күншығыс елі қаламгерлерінің шығармаларын оқуға құштар. Бір Муракамидің өзі бір елдің әдебиетін бүкіл жер жүзіне танытты. Оның соңынан ерген буын да осал емес, солардың бірі – жазушы Миеко Каваками. Ол Жапониядағы Акутагава және Танизаки атындағы әдеби сыйлықтарды еншілеген. Оның романдары әлемнің 26 тіліне аударылып, тұтас дүниені шарлап кетті. Ол бізге берген сұхбатында өз шығармашылығы, қазіргі жапон әдебиеті, роман жазу стилі туралы ойларымен бөлісті.

Миеко Каваками: Роман жазу – от пен су кешу

– Әдебиетке ақын болып келіп, кейін жұрт сүйіп оқыған таңдаулы романдар жаздыңыз, ақыннан гөрі жазушы танымал бола ма екен?

– Олар үнемі үндесе бермейді. Қа­зір Жапониядағы оқырмандар жыр жинақтарын көп оқиды деп айта алмаймын. Бұл айтып отырғаным танка мен хайку антологияларына да қатысты, бірақ оның кей белгілері ғана өзгеріске ұшырады. Соңғы бірнеше жылда танка көркемдік ой қозғалысының бір түрі ретінде қайта жаңғырды, ал жас оқырмандар бұны бұрынғы форманы сақтау әдісі ретінде қабылдайды. Қысқа поэзияның бір керемет тұсы – оның тез жатталатындығында, менің ойымша, бұл қасиет – поэзияның қалыптасқан болмысының бір түрі.

– Әлемге «Кеуде мен жұмыртқа» атты романыңызбен танылдыңыз. Бұл шығарманы жазу идеясы қалай туды? Аталған туындыңызда бүгінгі жапон әйелдерінің өмірмен күресін өте жақсы суреттепсіз. Үш кейіпкер де өздерінің жалғыздығына алаңдайды және онымен күрескісі келеді. Қазіргі жапон әйелдерінің шынайы бейнесі қандай?

– Кішкентай кезімнен менде өмір де өлім сияқты қайтымсыз, мәңгіліктің көрінісі деген ой болды. Денең қара жер қойнына кірген соң, сенде басқа еш таңдау жоқ, ал өмірге келген соң да, шегінерге өзге жол жоқ. Бұл ойдың жетегінде мен репродуктивті этика туралы шығарма жазғым келді. Романымның оқиғалар желісін дамыту үшін 10 жыл бұрын жоспарлаған кейіпкерлерімді қайта жасақтауым керек деп шештім де, іске білек сыбана кірістім. Сол сәтте маған әйелдердің сан қиылы өмірін нанымды түрде қағаз бетіне түсіре аламын деген ой келгені рас.

Мен жапон жазушысымын, шығар­маларымды өзімнің ана тілімде жазамын. Негізгі тақырыбым, өзің айт­қандай, әйелдердің өмірі туралы, бірақ романдарымда жапондық әйелдердің «шынайы бейнесін» беруге тырыстым деп айта алмаймын. Не жазсам да, жеке адамдардың өміріне, олардың шынайы тәжірибесіне назар аударуға тырысамын. «Кеуде мен жұмыртқа» сол динамикаға байланысты жазылды, шығармадағы әйел кейіпкерлердің ерекше эмоциялары мен ортасы Жапонияның дәл қазір қандай күйде екенін көрсетеді.

– «Мұзды сэндвич ханым» атты романыңызда сэндвич сатумен айналысатын әйелді ұнатып қалған мектеп оқушысының мінез-құлқы суреттеледі. Бұл шын оқиға ма, әлде қиялыңыздың жемісі ме?

– Бұл шынайы оқиға емес, бірақ мен үнемі баратын супермаркетте кең­се қызметкері болып бір момақан жас қыз істейді, ол көзін көк түске бояп ала­тын. Оның осы өзгешелігі мені бей­жай қалдырған жоқ, бұған қан­дай себеп болғанын да білмеймін, оның көзі­нің түсі маған қатты ұнады. Менің атал­ған романым осылай туды, қызық­ты оқиғаларды қостым. Егер оқыр­ман­да­рым оны махаббат хикаясы ретінде қабылдаса, онда тіптен жақсы. Мен бұл шығарманы жазғанда, біршама кең ауқымда ойлауға тырыстым. Бәрімізде кез­десетін сезімдердің ұшқынын, тіпті сөзбен айтып жеткізе алмайтын сәттерді осы романға кірістіргім келді. Сонымен бірге балалардың бойынан бірте-бірте жоғалатын аңғалдық пен жылдар өткен сайын алыстайтын кінәсіздік дейтін сезімге де баса назар аудардым.

– «Жұмақ» атты романыңыз да – сәтті шыққан туындының бірі, бұл да жапон жастарының өмірі туралы. Бір-бірінен жұбаныш іздеген екі кейіпкердің басынан кешкендері шығарманы бастан-аяқ үзбей оқуға шабыттандырады. Кейіпкерлердің санасында «біз неге азап шегеміз?» деген сұрақ туындайды. Бұны қазіргі жапондықтардың өмірге қоятын сауа­лы деп түсінеміз бе?

– Жапондықтарға тән «азаптың» ешбір түрі жоқ. Сіздің денеңіз бен ақыл-ойыңыз өзіңіздікі болғанымен, бәрі сіздің бақылауыңыздан тыс болмақ. Сол себепті адамдардың көпшілігі шын мәнінде маңызды нәрсе туралы таңдау жасай алмай, өмірдің көшіне ілесе бе­реді. Кейде мына әлем әділетсіздікке, қай­ғы мен қасіретке толы көрінеді. Қан­шалықты бақытты болсаңыз да, сіз үшін өмір сүретін, құрбандық бере алатын басқа біреуді таба алмайсыз. Бұл, әрине, адамдардың бәрі азап пен машақатты бірдей сезінеді дегендік емес.

– Осы романыңызда «Жұмақ – қызыл кілем төселген, үстелі бар бөл­меде торт жеп отырған екі ғашық­тың суреті» деген жақсы сөйлем бар. Сіздің ойыңызша «Жұмақ» деген не?

– Өте ойлы сұрақ қойып отырсың, бұл туралы көбірек ойлануымыз керек. «Жұмақ» деп аталатын кітап жаз­ғанымды енді ғана түсіндім, бірақ оның не екені туралы мен әлі күнге дейін ойлан­ған емеспін. Көптеген адам үшін жұмақтың қандай да бір діни бейнесі бар болуы мүмкін, мен де одан бас тарта алмаймын. Маған салса, оны бұлт сияқты құбылыс деп айтар едім. Сіз алыстан бұлттарды көре аласыз, ал жұмақ дәл сол жерде. Ол өз қалыбымен аспандағы алып кеңістікті иеленіп жатыр. Оларға жақыннан көз салудың еш мағынасы жоқ. Былайша айтқанда, олар жай ғана ақ сәулелер. Тіпті оны сұлулық деуге де болатын шығар, кім біледі? Мүмкін біз қазірдің өзінде бұлттардың ішінде тұрған шығармыз.

– Сіз өз еліңізде үлкен әдеби сый­лықтарды жеңіп алдыңыз, марапат жазушыларды шабыттандыра ма?

– Шынын айтқанда, кейбір марапат­тар қаламгерлерді жігерлендіре түседі. Бірақ мен үшін бұл жұмбақ болып елес­тейді. Сыйлық бағалаушылары жеңімпаздарды таңдау үшін олардың жеке құндылықтарын басты орынға қояды. Мен біраз уақыттан бері іріктеу комиссияларының мүшесі болдым, марапаттарда шешім қабылдау үшін бақ деген нәрсе басты рөл ойнайтынын айт­қым келеді. Танымал сыйлықтар мен марапаттар қаламгердің шығармасы­ның сапасына кепілдік бола алмайды. Бүкіл іріктеу үрдісі сіз салыстыруға кел­мейтін нәрселерді қатар қою және олар­ды салыстыруға тырысу сияқты бұр­маланған алғышарттарға негізделген. Сол үшін бұл жайттар маған біртүрлі болып көрінеді.

– Әр романыңыздың соңғы нүкте­сін қойған кезде ойыңызға не келеді?

 – Бір шығарманы аяқтап болған соң, оны редакторыма жіберемін, содан соң он минут шамасында ұлы тыныштық ішінде терең тыныс аламын. Сол сәтте бәрі жеңілдегендей, мойнымдағы бір жүктен арылғандай сезімде боламын. Әрі қарай енді не жазамын деген ой келгенде, мені алаңдаушылық билейді, сосын бұл күй мені құлазыта бастайды. Бір сөзбен айтқанда, роман жазу – от пен су кешу.

– «Егер сіз Жапонияны бір дене ретінде елестетсеңіз, Шығыс Жапо­нияда болған қатты жер сілкінісі сол дененің бір бөлігінің ауыр жарақаты сияқты». Бұл сіздің шығармаңыздан алынған үзінді. Жапонияның жүре­гіндегі жара әрбір жапонның, тіпті әрбір жапон жазушысының өмірлік жарасына айналды ма?

– Менің ойымша, апаттың салдары әр адамға әртүрлі әсер етеді. Мен бұл жөнінде басқа жапон қаламгерлері үшін, әсіресе апат аймағында өмір сүрген жазушылардың атынан ештеңе айта алмаймын. Өйткені мен ол кезде Токиода болдым, бірақ бұл апатты мен ешқашан ұмыта алмаймын. Оған күмән жоқ. Әр адам басына түскен бақытсыздықты әртүрлі қабылдайды. Бірақ динамика­ның тағы бір күшті бөлігі – оны ұмыту қанша­лықты оңай екендігі. Адамдар ұмыту арқылы өз жараларын емдеуге тырысады, бұл бейсаналық рефлекс кейбір ауыртпалықты жеңілдетеді.

– Cіз Муракамиді жақсы білесіз, жақын араластыңыз, қазір әлемдегі танымал тұлғалар, ауқатты адамдар Муракамидің кітаптарын оқу­ды дағдыға айналдырды. Бұл жазу­шы­ның қандай сиқыры бар? Ал Мура­ками мен Кадзуо Исигуроны не байла­ныстырады?

– Иә, Муракамидің өз сиқыры бар. Бұны дұрыс сезінгенсің, қазір дүние жүзіндегі көптеген адам Мураками сиқырынан ләззат алуда әрі ол жөнінде көп жазылды. Сондықтан менің еш алып-қосарым жоқ. Оның үлкен жетістігі мен кітаптарының көп оқылуы – жазушы ретіндегі алғашқы сәтінен бүгінге дейінгі табандылығымен тығыз байланысты.

Еуропа мен Америкадағы оқырман­дар үшін оны өз стилінде оқу әлемнің қалған елдеріне экспорттайтын мә­дени байланыстарды жалғаудағы носталь­гиялық тәсіл болуы мүмкін. Ал Азия елдерінде оның шығармалары ішінара сезімдер мен романсты бейнелеудің, индивидуализмді шын жүректен қа­былдаудың, кейіпкерлердің өмір салтын және музыканы түсінуге негіз болды, сол үшін де оның шығармалары үлкен резонанс тудырды.

– Жазушылар үшін ең маңыздысы қазіргі қоғам туралы шығарма жазу деген оймен келісесіз бе?

– Бұған мүлде келіспеймін. Әр жазу­­шының шығарма жазуда әртүрлі көзқарасы бар. Бірақ мен не жазсам да, қандай да бір жағынан болсын шығар­маларыма сын айтылуын қалаймын. Жазу­шылар нені қаласа, соны жазады, ал оқырмандар нені оқығысы келсе, соны оқиды. Менің өз жазу тәсілім бар, мен оны ешқашан өзгерте алмаймын.

 

Әңгімелескен

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»