Әдебиет • 06 Қараша, 2022

Бала Сайын мен бес жасар Хемингуэй

288 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бала Сайын мен бес жасар Хемингуэй

Бала Сайын

Қазақ әдебиетіндегі ауыл прозасының ақтаңгері Сайын Мұратбеков туралы аз жазылған жоқ. Десе де, оның ата-әжесімен бір­ге түскен бір суреті бізді бей­жай қалдырмады. Екі қарт­тың ортасында тұрып, фотоаппарат көзіне тіке қараған бала Сайынның отты жанары тым өзгеше. Ескі қазақ ауылының тумасы екені де бірден білінеді. Екі қолын ата-әжесінің иығына қойып, анасы мен бауыры яки қарындасының алдында маңғаз қалыппен тұрған сұсты қабақты бала болашақта үлкен жазушы болатынын аңдатып-ақ тұр.

Суреттің түсірілген же­рі Алматы облысына қа­расты Қапал ауданының Қоңыр ауылы болса керек, өйткені жазушы – сол елді мекеннің тумасы. Суреттегі бала Сайын төрт-бес жас ша­­ма­сында. Ауыл өміріне, дала таби­ғатына бала жасынан қанық болып өскен Сайын есейгенде сол көрген-білгенін ақ қағаз бетінде сөйлетті, тек шынайы сезім­дермен, нанымды суреттеулермен. Оның біз сөз етіп отырған суреті де осы ойымызды растайды. Ауылдан шықпаса, ауыл өмірін көр­месе, оны шынайы жазу қиын­ның қиыны. Ендеше, біз Мұратбеков қаламына ұш­қыр шабыт сыйлаған дала табиғаты мен ауыл өмірі деген ұстанымдамыз.

«Жусан иісіндегі» Аянды ата-апасы­ның қолында өскен Сайынның өзі ме дерсіз. Ол да мүмкін. Аянның тағ­ды­рына біздің жанымыз ашиды. «Бір-екі рет кей­бір шатаққұмар балалар тиісіп те көрген өзіне. Аян үндеместен қабағын түйіп, ондайлардан сырт айна­лып кетіп жүрді. Өзінің жауап қайыра алмағанына налығандай болып: «Менің көкем де жоқ, апам да жоқ, сондықтан төбелессем, әжем ұрсады ғой», деп қойды ол». Сол Аянның тағдырын керемет туынды етіп жазған қаламгердің өмірге деген көз­қарасы, ұмтылысы, онымен күресі сонау балалық шағында бас­талса керек. Бізге жылы көрінген осы бір фотодағы бала Сайынның отты көзі соны айтқысы келеді.

Бес жасар Хемингуэй

62 жылдық ғұмырында адамзатқа, әдебиет әлеміне өлшеусіз үлес қосқан қалам­гердің бірі – Эрнест Хе­мингуэй. Оның жазған шы­ғармалары әдебиет сын­шыларын ғана емес, қара­пайым оқырмандарды да өзіне қызықтыра алды. Ол кішкентай адамның тағ­ды­рын бейнелеп, оның мі­нез-құлқын, арманы мен мұра­тын ақ қағаз бетіне нанымды түрде түсіре алды. Бір сөзбен айтқанда, ХХ ғасырда бағы жанып, жұлдызы жар­қыраған жазушы екеу болса, соның бірі Хемингуэй, ал біреу болса, тағы да Хэм ағай екені шындық.

Ұлы Хем Иллинойс шта­­тының Солтүстік Оук Парк даңғылы № 439 мекенжайында (қазіргі Оук Парк даң­ғылы 339) дүниеге келген. Әлемдік әдеби сайттың бірінен оның бала ке­зінде түскен суретін көріп, тәнті бол­дық. Отбасылық сурет­те болашақ жа­зушы өзіне сенімді, ширақ екенін біл­діреді. Қыз баланыкіндей ұзындау шашы, тұнық қоңыр көзі, ақ сары жүзі – бәрі-бәрі құп жарасып-ақ тұр. Хемингуэйдің бұл фотосы оның бес жасында түсірілген. Ол отбасындағы ортаншы бала еді. Әкесі Кларнес – дәрігер, ал анасы Грейс – композитор. Жазушы бақытты отбасында ержетті деуге толық негіз бар, өйткені оның әкесінің жеке ауруханасы, анасының арнаулы студиясы қала тұрғындарына жақсы жұмыс істеді. Ұлының ойын-сауыққа жақын емес­тігін білген әкесі бала Хемді дала дағдысына шың­­дағысы келеді, онымен бірге аңға шығып, ну ор­­мандарды аралап, кең шатқал­дарда табандылықпен балық аулайды. Балалық шағында әкесі үйреткен осы ғадеттер Хемингуэйдің жазушылықтан кейінгі екінші әуесі болды. Кларнес мырзаның ұлымен бірге Мичиган көліне жиі баратыны туралы көп жазылды. Ол шығармашылықта табандылықты балық аулаудан, дара­лықты орман-тоғайлардан, биіктікті шың, құздардан үйренген сияқты. Хемингуэй отбасының Мичиганның солтүстігіндегі Уоллон көлінде Уин­демер атты жазғы үйі болған, олар жаз айларын сол жерде өткізген. Хемин­гуэй көлдің жағасына жайғасып алып, балық аулап, қайықпен ағыс­қа қарсы жүзетін. Сондағы оның қа­лауы тыныштық екені бесенеден бел­гілі. Бұл оның өмір бойы, мейлі қай жер­де болса да терең ойлануына, не жаз­са да, жақсы жазуына мүмкін­дік туғызды. Табиғат Эрнестің өмірі мен шығар­машылығының іргетасы болғаны шын­дық. Әсем Чикаго, Торонто және Париж сияқты ірі қала­ларда ол алшаң басып, тамаша туындылар жаза алды.

Шығармашылықта та­бысқа жеткеннен кейін ол Ки-Уэст немесе Сан-Франциско сияқты тыныш та жанға жайлы қалаларда өмір сүрді. Бір қызығы Паула, Куба, Кетчум, Айдахо сынды мекендер аң аулап, балық ұстауға ыңғайлы болды. Бір суреттен туған ойлар бізді алысқа жетелейді. Хемингуэйдің бес жаста түскен суретінде оның жар­қын болашаққа деген талпынысы, ба­тылдығы, даралығы менмұндалап тұр­ғанын жасыра алмаймыз. Бәрі де балалық шақтан басталады.

о