
Башир СОЛСАНОВ,
«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Республика күні, Тәуелсіздік күні, Конституция күні ел үшін, халық үшін айтулы күн ғана емес, маңызды, қымбат, ыстық ұғым болуы қажет. Өйткені, бұл ұғымдар ел тұтастығының негізі.
Қазір еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтар достығына септігін тигізіп, қоғамдық пікірлерді тең құқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, біздің «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің өкілдері еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып келеді. Арамызда қоғам белсенділері, депутаттар бар. Халық әлеуетін арттыруға өз үлесімізді қосып жүрміз. Әрине, бұл ең алдымен, Мемлекет басшысының еңбегі, содан соң бірлікке ұмтылған халықтың арқасы. Бауырластық, тату көршілік және өзара түсініктік бар жерде мемлекет те дамиды деп айтар едім.
Юсуп КЕЛИГОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі:
– Республикамызда бір шаңырақ астында жүзден аса этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – біздің бірегейлігіміз және артықшылығымыз. Мәдениетті дамытуға, лайықты білім алуға, тіл үйренуге баршаға бірдей тең құқық пен мүмкіндік берілген.
Қазақстан халқы Ассамблеясы рухани келісім мен ұлтаралық бірлікті сақтауда үлкен жұмыс атқарып келеді. ҚХА өкілдері, облыстардағы республикалық және шағын ассамблеялар, этномәдени бірлестіктер рухани ұстанымдарды нығайту, өзара қолдау, бір-біріне деген сыйластықты қалыптастыруда көптеген іс тындырды.
Біз Президентіміз Қ.Тоқаевтың Жолдауында қойылған міндеттерді, жаңа Қазақстанды құру бойынша бастамаларды қолдаймыз және оны орындауға атсалысамыз. Ел бірлігі мемлекет болашағының табысты дамуының бірден-бір сара жолы. Ұлтаралық келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың міндеті. Еліміздегі тұрақтылық пен өркендеу үшін бәріміз бірдей жауаптымыз. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Әрқайсымыз бірлікті жан-жақты нығайтып, әділеттілік қағидаттарын берік ұстансақ, біз қуатты да табысты ел боламыз».
Дамир СУЛТАНОВ,
«Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының басшысы:
– Халық бірлігі – өзара сыйластықтан, мәдениетті, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қастерлей білуден, бейбітшілік пен тыныштықты қастерлей білуден тұратын сан қырлы түсінік. Мұның бәрі өте маңызды және отбасынан бастау алады, жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуының барлық кезеңдерінде тәрбиеленеді. Негізі халық пен елдің ынтымағы – бірлікте. Халық бірлігі, оның ұстанымдары мен мақсаттары кез келген мемлекеттің басты күші.
Елдің бірлігі сияқты жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда болуы қажет.
Ольга АНДРИЕВСКАЯ,
«Злата» болгар этномәдени орталығының басшысы:
– Халық бірлігі деген ұғым менің Отаныммен, үлкен отбасы болып өмір сүріп жатқан Қазақстанымызбен байланысты. Мемлекетіміздің даму жолында, Республика күні тәрізді айтулы мерекелерінде татулықтың туын асқақтатып, бейбітшіліктің қанат жаюына әрқайсымыз өз үлесімізді қосып келеміз. Бір дастарқан басында жиналып, ортақ ән айтамыз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз туралы әңгімелейміз, ана тіліміз әртүрлі болғанымен, бір-бірімізді терең түсінеміз. Өйткені ең басты тіл – достық пен бірлік тілі.
Көпұлтты ел болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз. Ал Ассамблея болса – бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы. Ұлтаралық татулық пен келісім – қазақстандық ұлттық идеяның басты өзегі. Ұлттар арасындағы сенім мен бірлік – әділ әлемдік тәртіптің негізі.
Дайындаған
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»