
Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің мәжілісінде дауыс беру арқылы қабылданған (261 депутат құжатты қолдап дауыс берген, 18 қарсы, 2 адам қалыс қалып, бір депутат дауыс бермеген) декларация тұңғыш рет демократиялық-құқықтық мемлекет құру ел дамуының мақсаты ретінде жарияланып, сол арқылы азаматтық қоғамның қалыптасуына негіз қаланғанын айтады.
– Алғаш рет мемлекеттің нормативтік заңнамалық актісінде мемлекеттің негізін анықтауға таптық көзқарас болған жоқ және «жұмысшылар», «шаруалар» және «интеллигенция» ұғымдары алынып тасталды. Декларацияда Қазақстан халқы Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп жарияланды. Өз кезегінде Қазақстан халқына республиканың барлық ұлт азаматтары енді. Декларацияда Қазақ КСР-нің маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті қорғау және нығайту, төл мәдениетті, дәстүрлерді, тілді жаңғырту мен дамыту және қазақ ұлтының, республикада тұратын басқа ұлттардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту біріктірілді. Қазақ КСР-нің аумағы бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып жарияланды. Тұңғыш рет декларация мемлекеттік биліктің үстемдігін, оның республика ішіндегі тәуелсіздігі мен толықтығын, сондай-ақ сыртқы қатынастарда өзінің аумағында КСРО-ның жоғарғы органдарының республиканың егемендік құқықтарын бұзатын әрекеттерін тоқтату құқығын қамтамасыз етті. Мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу принципі жарияланды. Қазақ КСР Президенті республиканың басшысы және жоғары әкімшілік және атқарушы билікке ие болды. Заң шығарушы билікті Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі жүзеге асырды, ал Жоғарғы сот билігі Қазақ КСР-і Жоғарғы сотына тиесілі болды, – деді Ж.Қалиев.
Ғалымның баяндамасына сүйенсек, декларацияда «Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес жалпы одақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері (химиялық, бактериологиялық, биологиялық, т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады», деп жазылған. «Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі мен Президентке бағынатын, солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға Қазақ КСР-нің құқы бар» делінген.
Декларация туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Тарих факультетінің деканы Тілеген Садықов: «Біздің тәуелсіз еліміз үшін алғашқы маңызды қадам 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» декла-
рациясын қабылдаудан басталды. Бұл күн саяси, ұлттық, тәрбиелік тұрғыдан еліміз үшін өте маңызды», деп атап өтті.
Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Мұсабалина «Республика күнін – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды дата» деп санайды.
– Жаңа Қазақстан нені білдіреді? Бұл кейбір сарапшылардың пайымдауынша, мемлекеттік аппараттың жаңаруы ғана емес. Бұл – әлеуметтік құндылықтарды қалпына келтіру, радикализмнен, шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерден бас тартып, шығармашылық серпінді күшейту, қоғамдағы түрлі кемшіліктерді жеңу деген сөз. Бұл сонымен қатар кезеңдік және жүйелі реформаларды жалғастыру дегенді білдіреді. Ата-аналар балаларына Республика күнінің не екенін және оның ел үшін маңызын түсіндіруі керек.
Республика күні жай мереке емес, халқымыздың сан ғасырлық азаттық үшін күресінің жемісі. Халықтың бірлігі, ынтымағы, жарқын болашаққа деген ортақ сенімнің арқасында егемендігіміздің тұғыры биіктей түседі. Еліміздің болашағы өз қолымызда. Әрқайсымыз өз еңбегімізді туған еліміздің өркендеуіне арнасақ, мемлекетіміз жаһандағы алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылатыны сөзсіз. Біз болашақ үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Сонда ғана алдыңғы ұрпақ аманаттаған барлық мұраны сақтай аламыз, деді Г.Мұсабалина.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева «Жақында Астанада АӨСШК елдерінің саммиті өтті, еліміздің мәртебесі мен беделі артып, Мемлекет басшысы Республика күнін жаңғырту туралы оң шешім қабылдады. Бұл Тәуелсіздігіміздің бастауы, сондай-ақ барлық қазақстандықтарды, 120-дан астам этнос өкілдерін біріктіретін ұлттық мереке», деген пікірін білдірді.
Конференция жұмысына шетел ғалымдары да қатысты. Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Кемал Намык «Тәуелсіздік Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың негізгі бағыттары» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстан туралы жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде ел Тәуелсіздігі жылдарындағы негізгі жетістіктерді, тарихи байланыстардың жемісті дамуын, сондай-ақ Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты сақтаудың бірегей саяси моделін атап өтті. Ал тарих ғылымдарының кандидаты, М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығының жетекшісі Александр Ратько екі елдің ғылым және білім саласындағы ынтымақтастығына тоқталды.
Іс-шарада отандық және шетелдік ғалымдар мәдени, ғылыми, рухани байланыстарды одан әрі кеңейтуге, ғылыми-техникалық және академиялық алмасуларды дамытуға, елдер арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің жоғары деңгейін қолдауда халықтық дипломатияның рөлін одан әрі нығайту қажеттілігі туралы келісімді бірауыздан қабылдады. Ғылыми іс-шараны Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырды.