Қоғам • 20 Қазан, 2022

Үй болудағы үйлесім үлгісі

239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ежелден қазақ текті түгендейді. «Кімсің?» демейді, «Кімнің баласысың?» дейді. Әкесін сұрайды. Ал әкенің ту сыртында – ақ жаулық, он саулық, ұрпақ, отбасы, ошақ қасы тұр. Даланың заңымен қоса отбасы институтында дара заңы бар ұлт еді. Содан шығар, жұртымызға кешеге дейін толық емес отбасы деген түсінік жат еді. Бір түрлі бөтен еді. Отбасы – қазақ үшін одақ емес, құндылық.

Үй болудағы үйлесім үлгісі

Әлеуметтік институт рө­лін атқарған құндылықтың қожы­рауы – отбасының ыдырауына әкеп соғады. Елімізде кейінгі 8 жыл бойы байрағы желбіреп келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауындағы мемлекеттік сая­сат та осындай мүд­деден туғаны анық. Жыл сайын мәртебесі та­сыған отбасылар мә­лім болып келеді. Қарағанды өңі­рінде өткен «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі үлгілі отбасыларды танытты.

Әуелі байқау аудан, қала дең­­­гейінде өткені мәлім. Со­дан барып, оның арасында үздік­тері облысқа жолдама алды. Об­лыс­тық кезеңде 25 отбасы бақ сынасты. Олардың арасында түрлі мамандық иелері бар. Елдің тыныштығын күзеткен, ха­лық­тың хас өнерін өрге сүй­реген, ұжданды ұрпақ өсіруде білім нәрімен сусындатуды мұрат еткен әулет адамдарының әрбірі кімге болса да, өнеге.

Ал байқау қорытындысында Нұра ауданы Кертінді ауылында тұратын Әлімбаевтар әулеті бірінші орынға лайық танылған-ды. Әулеттің үлкені – Тельман Әлімбаев 1939 жылы дүниеге келген. Өңір құрылысында, ауыл шаруашылығында қолтаңбасы қалған еңбек ардагері. Әрі құры­лысшы, әрі агроном. Ауылының өркендеуіне аянбай үлес қосқан.

Алпыс жыл отасқан қосағы Күлпан шешеміз алтын құрсақты ана. Алтын алқа иегері. 8 перзент сүйіп, 22 немере, 3 шөбере көрген ата-әженің ел алдында абыройы асқақ, жүзі жарқын, мерейі үстем.

– Әуелі байқаудың аудандық кезеңіне қатысып, бас жүлде иелендік. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Байқаудың шарты бо­йынша отбасы мүшелері толық қатысуы қажет екен. Бір ауыз­дан келісіп, қатысуға өтінім бер­дік. Енді, міне, облыстық ке­зеңнің жеңімпазы атандық. Шынын айтсам, жеңімпаз атанамыз деп күткен жоқпыз, – дейді әулеттің үлкен қызы Жанна Әлімбаева. Енді ел алдында от­басының қадір-қасиетін паш ету үшін Астанаға аттанады. Мә­селе байқауда, жүлдеде емес. Мақсат – жалқы. Ол – көпшілік­ке өмірдің өтпелі сынақтарына сынбай, төтеп беріп, осындай ақарлы-шақарлы отбасы болу мүмкіндігін дәлелдеу.

Екінші орын Ақтоғай ауданынан келген Күлшікеновтер отбасына бұйырған-ды. Күлші­ке­новтер 4 баладан 10 немере тәр­биелеп отыр. Отағасы – Нұрлан Күлшікенов Қарағанды облы­сы әкімінің «Алтын қобыз» сый­лы­ғының үш мәрте иегері, Мәде­­ниет саласының үздігі. Жары ­Айгүл – облыстық, республикалық бай­қауларда оза шауып, бәйге алып жүрген өнер­паз, лауреат. Отағасы өзінің үлкен әулеттен шыққанын айтады. Он баланың ортасында ер жеткен ол шетінен өнерлі екеніне мақтанады. Сол өнер қазір балаларына дары­­ған. Туа біткен дарын мен талант от­басылық ансамбль құруға ықпал еткен екен.

– Бір үйде 10 бала өстік. Бәрі­міз музыкалық аспаптарда ойнап, ән айтамыз. Өзімнің аудан­дық «Тоқырауын толқындары» ансам­блінің құрамында жұмыс істеп келе жатқаныма 40 жылдан астам уақыт өтті. Отбасылық ансам­бліміз бар. Байқауға отбасым толық қатысты. Облыстық бай­қаудан ІІ орын алу деген – зор жетіс­тік. Әрине, жетістікке жетуге әрқайсысының үлесі бар. Біздің мақсат – қазақ өнерін дәріптеу. Ұлттық өнерімізді насихаттап, келешек ұрпаққа жеткізу өзімізге артылған жауапкершілік әрі мін­дет. Ауызбіршіліктің, осы бір ұстанымымыздың нәтижесінде жеңіске жеттік деп білемін, – деді Нұрлан Күлшікенов.

Ал жүлделі үшінші орынды Саран қаласынан Костиндер, Қарқаралы ауданынан Балық­паевтар отбасы бөлісті.

«Мерейлі отбасылардың» ме­рейін тасытуда өңірдегі ірі өн­діріс кәсіпорындары да қа­лыс қалмады. Мәселен, «Арселор­Мит­тал Теміртау» АҚ жеңім­паз­дарға сый-сияпат жасады. Атап айтқанда, Әлімбаевтар мен Күл­ші­кеновтердің отбасылары­на 10 күнге шипажайға жолдама, Кос­тиндер мен Балықпаевтар отбасыларына қаржылай сыйлық тарту етті. Приозерск қаласынан келген Қабышевтар отбасына арнайы сыйлық табыстады.

Осылайша, ұрпағымен мың жасайтын қазақтың ұлағатын тағы бір мәрте дәріптеген байқау биыл мәреге жетті. Мемлекет ішін­дегі шағын мемлекет – отба­сы­ның қоғамдағы орнын үлгі ететін мұн­дай іс-шаралар басқа отбасы­лардың да бірлігін бекемдей түсері анық.

 

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар