
Беларусь басшысы Александр Лукашенко Украинада қақтығыс басталғалы екі елге де тең позицияны ұстанып келеді. 24 ақпанда Беларусь елінде шоғырланған Ресей әскерлері Украина шекарасына өтіп, елді Еуропаға басып кіру үшін трамплин ретінде пайдаланған еді. Бірақ Беларусь басшысы бұл қақтығысқа тікелей араласпады, әскерін шайқасқа жібермеді.
Алайда Лукашенконың Владимир Путинмен жуырдағы кездесуі «күдік» тудырып, бірқатар елді алаңдатып отыр. Лукашенко алдағы күндері мыңдаған ресейлік әскердің Беларусьқа жаттығу үшін келетінін мәлімдеді. «Біз өңірлік әскерлер тобының міндеттері тек қорғаныс сипатында екенін тағы да атап өтеміз. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан шаралардың барлығы қауіпсіздікке бағытталған», деді сейсенбіде Беларусь қорғаныс министрі Виктор Хренин.
Ал дәл осы күні Украина президенті Володимир Зеленский G7 отырысында дабыл қағып, Лукашенконың «арандатуына» жол бермеу үшін Украина мен Беларусь шекарасына БҰҰ бітімгершілік күштерін жіберуді сұрады. Сарапшылар «алаңдауға негіз бар, десе де Беларусь мұндай қадамға бара алмайды» деген пікірде. «Әрине, Путиннің ықпалы зор. Бірақ ол Лукашенконы саяси суицидке мәжбүрлей алмайды. Сонымен қатар Лукашенко қақтығысқа қатысуға итермелейтін кез келген келісімдерден өзін аулақ ұстауға тырысады», деді беларусь саясаттанушысы, Карнеги қорының ғылыми қызметкері Артём Шрайбман The Guardian басылымына берген сұхбатында. Лукашенко өз әскерін қақтығысқа жібермей, Ресей әскерлеріне Беларусь шекарасына қарай жылжуға ғана рұқсат бере алады деп санайды мамандар. «Немесе ол мобилизацияға ұшыраған ондаған мың ресейліктер үшін өз жерін полигон ретінде пайдалануға келісім беруі мүмкін», дейді. Беларусьтің HajunProject мониторинг тобы екі елдің бірлескен оқу-жаттығулары Украинамен шекарадан небәрі 17 шақырым жерде орналасқан Ельск қаласындағы бірнеше муниципалды ғимараттың жанында өтеді деген ақпарат таратты. Сонымен қатар аталған мониторинг тобы қазір уақытта Ельскідегі жергілікті полиция бөлімшесі мен әкімшілік ғимаратының жанындағы музыка мектебінде сабақ тоқтатылғанын хабарлады. «Жергілікті тұрғындарға сәрсенбіде келген жаңа брондалған колоннаны таспаға түсірмеуге бұйрық берілді», деді ұйым өкілдері.
Тәуелсіз әскери сарапшы, RochanConsulting директоры Конрад Музика «Беларусьте әскери тәртіпті қадағалайтын ұйым аз, өйткені олардың әскері салыстырмалы түрде әлсіз. Армия толық күшке жету үшін 20 мың адамды жұмылдыру керек. Қазір Беларусь жоғары қарқынды жаттығуларды өткізуде. Минск соғысқа дайындалып жатқандай барлық мүмкіндіктерін сынап жатыр. Мұның үш түсіндірмесі бар: біріншісі – НАТО шабуылына дайындық; екіншісі – басқа аймақтарға орналастырылуына жол бермеу үшін шекараға жақын жерде украиндық күштерді ұстау; үшіншісі – Украинаға шабуыл жасауға дайындық», дейді әскери сарапшы. Сонымен қатар оның айтуынша, бейнежазбаларда көрсетілгендей Ресей Украинаға шабуыл жасауға дайындап жатқан ауыр қару-жарақтарын Беларуське тасымалдаудың орнына, керісінше Беларусь Ресейге өз қоймаларынан танк, оқ-дәрі және жүк көліктерін жіберіп жатыр. Беларусьтің «Хаджун» жобасы сегіз Т-72А танкінің Минскіден Ресейге тасымалдануы туралы бейнежазбаны жариялады және куәгерлердің 15-30 танк пен кем дегенде 28 «Урал» жүк көлігін көргенін айтады.
Беларусь оппозициясының жетекшісі Светлана Тихановскаяның бас кеңесшісі Франк Вячорка Беларусь әскерлерінің Украинадағы соғысқа белсенді қатысатынына сенбейтінін айтады The Guardian басылымына берген сұхбатында. «Мен бұған күмәнданамын, бізде бұл туралы ешқандай нұсқау жоқ. Керісінше, әскери басшылар украиндықтардың жетістігіне қатты алаңдайтындықтан, олар соғысқа тартылмаймыз деп, әскерлерді тыныштандыруға тырысуда. Ешкім Путин үшін соғысқысы келмейді», дейді ол. Вячорка Беларусь армиясының Украинада соғысуға қауқарсыз екенін айтты. «Бізде әскер де, әскери техника да жоқ. Қазірдің өзінде Ресей Федерациясына көптеген техника жіберілді. Қолдануға болатынның бәрі бұрыннан қолданыста жүр. Жауынгерлік әзірліктегі әскерлер аз, 7 мыңға дейін, олар шабуылға дайын емес», деді Вячорка. «2020 жылы орын алған наразылық қозғалысынан кейін соғыс үшін Лукашенко өзінің абыройын төккісі келмейді», дейді бірқатар сарапшы.
Айта кетейік, Қазақстандағы оқу-жаттығуға келген Ресей және Беларусь республикаларының әскери эшелондары өткен аптада (8-15 қазан аралығында) өз елдеріне қайтты. Қазақстанның қорғаныс ведомствосы 26 қыркүйек – 8 қазан аралығында Жамбыл және Алматы облыстарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің қатысуымен «Өзара іс-қимыл-2022», «Іздеу-2022», «Эшелон-2022» оқу-жаттығуларын өткізген болатын.