Жастар марафоны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Алматы» студенттер альянсы» КҚ жүзеге асыратын «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру» әлеуметтік жобасы аясында өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның негізгі мақсаты – ел жастарын салауатты өмір салтын жүргізуге баулу.
«Бүгінгі марафон кейбір қатысушылар үшін рекордтарға жетелейтін алғашқы қадам, басқалары үшін өз күшін тексерудің амалы болды. Біз жас қазақстандықтардың өз демалыс күнін денсаулыққа пайдалы іспен өткізгені үшін шын жүректен қуаныштымыз», дейді жоба үйлестірушісі Азат Теңгебаев.
«Триатлон» саябағындағы марафонда 14-29 жас аралығындағы 200 қатысушы күш сынады. Жігіттер мен қыздар арасынан үздік шыққандар алты финалист ақшалай сертификаттарға ие болды.
Әлеуметтік жоба аясында әскери-патриоттық мұражайларға экскурсиялар, ардагерлермен кездесулер, зияткерлік ойындар, патриоттық акциялар мен шығармашылық конкурстар сияқты маңызды іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған.